Басшылықта бәсеке туа ма?

14.06.2011, 21:46
Басшылықта бәсеке туа ма?

Қазақстандағы №1 спорт футболдағы соңғы жаңалықтар мен орын алып жатқан мәселелерге шолу жасап өтсек. Соңғы кезде республикалық арналар мен газет беттерінде қазақ футболын сынап-мінейтін телебағдарламалар мен мақалалар қаптап кетті. Осының барлығының түбірінде не жатқан ойлап бағамдай қиын емес. Ұзынқұлақ деген ең жылдам, әрі тез таралатын ақпарат көзінің айтуынша жақын арада Қазақстан Футбол Федерациясының президенті болып жаңа басшы келеді-міс.

Елжас ӘУРЕН

Оқырман қауым соңғы кездердегі қазақ футболының кері кеткен тұстарымен хабардар болсын деп бірнеше мақалалар жарық көрді. Бірақ, түп тамырында өзге саяси астар жатқаны түснікті. Әйтпесе футболдағы жемқорлықты жазар болсақ, бұрыннан бері қайда қалдық? Әйтеуір басшылықтың тапсырмасымен бар білгенді ортаға салып, қазақ футболын жер қылдық. Бұрын-соңды сынап-мінеу дегенді білмейтін «нұротановский» газеттерде арнайылап тұрып беттерін футболға арнады. Мұндайды тек «сам иттің» кезінде ғана көріп едік.

Мұндағы ең басты түйткіл футболға бөлініп жатқан ақшада болып тұр. Қазақ футболының жағдайы аса көп ешкімді қызықтырмаса да, осы салаға бөлініп жатқан қыруар қаржы көптің көзіне күйік болды. Тек соңғы 2-3 жылда футболға қаржы жақсы бөліне бастады ғой. Кезінде осы Еуропадағы елдердің футбол арқылы байып, атақты болып кеткендерін естіп көрген бірлі жарым ағайын ғана қазақ футболына ден қойған.

Мысалы, Сильвио Берлускони деген азамат «Милан» футбол клубының президенті болып сайланбай тұрып, саяси ортада орны қалыптаспаған, әлі аты шықпай жүрген болатын. Бірақ, ол келісімен «Милан» қайта жанданды. Барша Италия футболының мақтанышы болған клуб қайтадан дәуірлеп сала берді. Чемпиондар лигасы мен Италияның «А» сериясын қатарынан ұтып, команданы ұшпаққа шығарды. Осыдан барып Берлускони әлемге танымал боп шыға келді. Сол футболдың басы-қасында жүріп талай жұлдызды футболшыларды ары-бері саудалап қыруар қаржы түсірді. Істің ретін танып, Италиядағы алғашқы қатарлы олигарх атанды. Бұл бір ғана мысал. Ал осы футбол индустриясын кәсіпке айналдырып, оны саясатпен ұштастырған қаншама мықты тұлғалар қазір арамызда жүр десеңізші. Қазақстан футбол федерациясы 2002-жылы Рахат Әлиевтің бастамасымен УЕФА-ға кірді. Оған да біршама уақыт пен еңбек кетті. Сонда жарты жыл жүріп, ФИФАның кеңсесінің табалдырығын тоздырған Рахат мырзаға қазақ футболының жаңа белеске көтерілгенінен гөрі өз қалтасының қампыйғанын ойламады дей алмайсыз. Тек Әлиев футболды Еуропағы кіргізіп, сол жақтан бөлінетін көп ақшаның иегері атанғысы келді. Осы жағдайдың арқасында шынымен де қазақ футболы жақсы жаққа аяқ басып, дамудың жолына түсті. УЕФА-да 110-нан астам бағдарлама жұмыс жасайды. Олар футболы енді дамып келе жатқан елдерге бөлінеді. Соның ішінде ең қомақты бөлшегі Қазақстанға келіп жатыр. Осының исін сезгендер бұралқы иттей Футбол федерациясын маңайлап алған. Күрес пен футболдың үш қайнаса сорпасы қосылмаса да, Саян Хамитжанов секілді балуандар қазір қазақ футболын басқарып отыр-ау! Қазақстан футболындағы жемқорлық пен коррупция деген тақырыптың қозғалып ашылғаны ­кімге пайдалы болғаны белгісіз. Мүмкін әлгі айтылған ақшаға талас басталайын деді ме? Шіркін кезінде Колосков пен Мутколар Ресей футболына басшы боламыз деп сайлау өткізіп, қырқысып жүретін. Ол енді тіпті Қазақстан президенттігіне болатын сайлаудан анағұрлым қызығырақ еді ғой. Бәлкім біздің футболға да осындай бәсекелестік келе жатқан шығар. Жанкүйер көңілге әрине соның болғаны дұрыс. Себебі, осындай жолдармен келген орынттаққа келген адам қазақ футболы үшін сәл де болса қызмет етері белгілі. Көп елдерде футбол осылай дамыған.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×