Бундеслигада голдар неге көп салынып жатыр?

26.05.2020, 22:56
Себебі қорғанысы нашар, шабуылшылары мықты ма? Жоқ әлде 5 ойыншы алмастырғаннан ба?
Бундеслигада голдар неге көп салынып жатыр?

Неміс бундеслигасы шиеленісе түсті. Турнир кестесінде суырылып алға шыққан команда жоқ. Тіпті өзгелерден шоқтығы биік «Бавария» да қара үзіп кете алмады. Мюнхен клубы топ басында тұр. Алайда екінші орындағы команда небәрі төрт ұпайға қалып келеді. Келесі тур чемпиондық бәсекенің тағдырына әсер тікелей әсер етуі мүмкін. Себебі бас жүлдеден дәмелі екі мықты кездеседі. «Боруссия» Дортмундта «Баварияны» қабылдайды.

Мюнхен клубы өткен турда «Айнтрахтың» осал тұсын тапты. «Бавария» алғашқы айналымда қарсыластарына 1:5 есебімен есе жіберген еді. Бұл жолы қарымта қайтарды. Ханс Флик шәкірттері қарсыластар қақпасына бес доп соқты. «Айнтрахтың» шамасы екі голмен шектелді. Алдымен Горецка, Мюллер және Левандовски мергендік танытып, «Баварияның» мерейін үстем еткен болатын. Сосын Франкфурт командасы сапынан Хинтереггер екі мәрте гол соғып, матчты қыздыра түсті. Бірақ алаң иелері айылын жиған жоқ. Девис қонақтар қақпасына төртінші голды соққан соң, кімнің басым екені белгілі болды. 74-ші минутта Хинтереггер өз қақпасын көздеп, өзінше хет-трик авторы атанды. қорытынды есеп: 5:2. «Бавария» баяғы қарқынын қайта тапты. Енді осы күшін Дортмундта көрсетуі тиіс. «Боруссия» да әдемі ойын көрсетіп жүр. Бірақ олар жергілікті жанкүйердің қолдауына үміт арта алмайды. Матч көрерменсіз өтеді.

Дортмундтың «Боруссиясы» өткен турда «Вольфсбургқа» қонаққа келді. Алаң иелері қонақтарға лайықты қарсылық көрсетті. Матчтың 32-ші минутына дейін қарсыластар қақпа кілтін таба алмады. Сосын Геррейра кезек алды. Азардың пасын керегіне жаратқан футболшы «Боруссияны» алға жетеледі. Үзілістен кейін Ашраф Хакими мергендік танытып, есепті еселей түсті. Бұл ойында ол екі голға да өз үлесін қосқанын айта кетейік. 80-ші минутта «Вольфсбург» сапынан Феликс Клаус алаңнан қуылды. Бір ойыншысы артық қонақтар қажетті нәтижені кездесу соңына дейін сақтап қалды.

Үздік үштіктің қатарына «Лейпциг» қосылды. Өткен турда олар «Майнцқа» қонаққа барып, алаң иелері қақпасына жауапсыз бес доп соқты. «Лейпциг» сапында Тимо Вернер көзге түсті. Шабуылшы «Майнц» қақпасына үш мәрте дәл көздеп, матчтың үздік ойыншысы атанды. Вернер мергендер көшінде 24 доппен екінші орынға жайғасты. Қарсыластар қақпасын 27 мәрте дәл көздеген Роберт Левандовскиді қуып жетуге болады. Юссуф Поульсен мен Марсель Забитцер де «Майнц» қақпасынан саңлау тауып, «Лейпцигтің» жеңісіне үлес қосты.

Өткен турда жүлделі орыннан дәмелі екі мықты кездесті. «Байер» мен «Боруссия» чемпиондар лигасына жолдама алуды көздейді. Қарсыластар Менхенгладбахта жолықты. Леверкузен командасы бұл ойында үш ұпайын еншілеп, жақсы көңіл-күймен аттанды. «Байер» капитаны Кай Хаверц маңызды матчта белсенділік танытып, алаң иелерінің қақпасын екі мәрте дәл көздеді. Командаласының жетістігіне Свен Бендер де үн қосып, 81-ші минутта «Боруссияның» мысын басты. Менхенгладбах командасы сапынан Маркус Тюрам жалғыз доппен жауап қатты. Қорытынды есеп: 1:3. «Байер» сырт алаңнан жеңіспен қайтты. Леверкузень клубы үшін шешуші кезең жақындады. Келесі турда «Бавария» мен «Дортмунд Боруссиясы» өзара кім мықтыны анықтайды. Екі команданың бірі ұпай жоғалтуы мүмкін. Сосын «Бавария» араға бір тур салып, «Байермен» кездеседі. Сондықтан алдағы үш ойын Леверкузен футболшыларының шамасын байқатады. Карантиннен кейінгі біріншіліктің тағдыры шиеленісе түсуі әбден мүмкін. Турнир кестесінің соңғы сатысында да тартыс қызады. «Падерборн» «Хоффенхаймға» есе жібермеді. «Вердер» сырт алаңда «Фрайбургты» жеңді. Есеп:1:0. «Фортуна» «Кельнмен» біразға дейін алысты. Бірақ тең ойынды қанағат қылды. «Герта» «Унионның» осал тұсын тапты. Берлин дербиі 4:0 нәтижесімен аяқталды. «Шальке» сәтсіздіктер сериясын жалғастырды. Бұл жолы олар «Аугусбургтан» ұтылды.

Неміс бундеслигасының 27-ші туры шиеленіске толы болды. Енді чемпионаттағы басты кездесу бүгін өтеді. «Боруссия» 80 мың адамдық «Сигнал Идуна Паркте» «Баварияны» қабылдайды. Алайда жұрттың бәрі бұл ойынды көгілдір экраннан ғана тамашалай алады. 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×