ӘЧ-нан тыс қалған Венгрия мен Қазақстан ұлттық құрамалары үшін ағымдағы 2025/26 жылғы маусым дәл осы сейсенбінің кешінде өтетін жолдастық кездесумен аяқталады. Дебрецен қаласында бас қосатын қос ұжым да Ұлттар Лигасының жаңа маусымы алдында өз құрамдарын күшейтіп, болашақтың мықты командасын құруды көздеп отыр.
Кезінде 1938 және 1954 жылдары Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Мажарстан құрамасының жаһандық додадан тыс қалып келе жатқанына міне, тура 40 жылдың жүзі болды. Іріктеу кезеңінде плей-офф жолдамасынан шақ қалып, Ирландиядан драмалық түрде жеңілгеннен кейін, бас бапкер Марко Росси қызметінен кетуге арыз берген болатын. Алайда, федерация оның бұл ұсынысын қабылдамаған еді.
2018 жылдан бері команданы басқарып келе жатқан Италиялық маман соңғы уақытта жағдайды біршама реттеді. Көктемде Словенияны 1:0 есебімен жеңіп, Грекиямен тең (0:0) ойнады. Өткен жұма күні Будапештте Барнабаш Варганың соққан дублінің арқасында Финляндияны қапы қалдырды.
Қыркүйекте басталатын Ұлттар Лигасының Б лигасында Грузия, Украина және Солтүстік Ирландияға қарсы шайқас алдында Росси үшін бұл — құрамды сынайтын соңғы мүмкіндік.
Қазақстан құрамасы да өз тобында Лихтенштейнді екі рет жеңіп, Солтүстік Македония мен Бельгиядан ұпай алғанымен, турнирлік кестені төртінші орынмен аяқтап, Мундиаль жолдамасына жақындай алмады. Ұлттық құрама тізгінін үшінші рет ұстаған Талғат Байсуфинов өткен жолы Д лигасына ұшып кеткен ұжымды қайта тірілтіп, С лигасындағы Словакия, Молдова және Фарер аралдарына қарсы ойындарға дайындап жатыр.
Сенбі күні Армениямен өткен жолдастық кездесуде (1:1) тең түскен олар бұл жолы да құрамға жаңа қан жүгіртпек. Алайда, командамыздың бас жұлдызы әрі тарихтағы ең үздік сұрмерген Бахтиер Зайнутдинов Мәскеудің “Динамосында” алған жарақатына байланысты бұл жиынға шақырылған жоқ.
Екі құрама осыған дейін екі рет кездескен. Оның бірінде Мажарлар жеңсе, осыдан сегіз жыл бұрын Қазақстан сырт алаңда 3:2 есебімен сенсациялық жеңіске жеткен болатын. Ол кезде қазір жарақаттанып қалған Зайнутдинов те гол соққан еді.
Мажарстан сапында команда капитаны әрі “Ливерпульдің” жұлдызы Доминик Собослай алаң ортасында билік жүргізеді. Сондай-ақ, қақпада жас талант Армин Печи бағын сынауы мүмкін.
Ұлттық құрама сапында қорғаныстың шебін Санкт-Петербургтің “Зенитінде” ойнайтын капитан Нұралы Әліп ұстаса, шабуыл өтінде “Қайраттың” 17 жастағы феномені Дастан Сәтпаев өнер көрсетеді. Естеріңізге сала кетсек, жас талант тамыз айында 18 жасқа толғанда Лондондық “Челси” клубының қатарына ресми түрде қосылады.
Бұл маңызды кездесуді Сербиялық төрешілер тобы басқарады.
Бас төреші: Милан Шутулович
Көмекшілері: Никола Джорович және Александар Живкович
VAR төрешісі: Милан Стефанович
Осылайша, екі команда да маусымды жарқын жеңіспен аяқтағысы келеді. Матч бүгін түнгі сағат 22:00-де Венгрияның Дебрецен қаласындағы “Надьерей” стадионында басталады.