Қазақстан жастар құрамасының (U21) халықаралық аренадағы сәтсіздіктер сериясы сұмдық рекордқа жетті, деп хабарлайды Aladop.kz.
Минск төрінде өткен жолдастық кездесуде жерлестеріміз Беларусь командасына есе жіберді. Ойын басында есеп ашып, алға шыққанымызға қарамастан, матч соңында жеңісті уыстан шығарып алған футболшыларымыздың бұл қадамы жастар футболының құрдымға кетіп бара жатқанын аңғартқандай.
Матчтың алғашқы таймы Қазақстандық жанкүйерлер үшін үлкен үміт сыйлаған болатын. Футболшыларымыз кездесу тізгінін қолға алып, қарсылас қақпасын жиі мазалады.
Ойынның 26-минутында төреші белгілеген пенальтиді жас талант Кәрімов мүлтіксіз орындап, Қазақстанды алға шығарды.
Алайда, үзілістен кейін алаң иелері ес жиып, біздің қорғаныстың тас-талқанын шығарды. 64-минутта Галята таразы басын теңестірсе, арада алты минут өткенде, яғни 70-минутта Мокин Беларусь құрамасына жеңіс сыйлаған тағдыршешті голды соқты.
Бұл жеңіліс жай ғана сәтсіздік емес, бұл — терең дағдарыстың көрінісі. Осы ойыннан кейін Қазақстан U21 құрамасының халықаралық жарыстарда жеңіске жете алмау сериясы тура 10 матчқа ұласты. Жастар құрамасы соңғы уақытта жасыл алаңда кім көрінгеннен ұтылып жүргенін мына тізімнен анық көруге болады.
Осы қаралы кезеңде біздің құрама мына қарсыластарға қауқар көрсете алмады:
Англия, Андорра, Ирландия, Беларусь, Өзбекстан (екі рет), Словакия (екі рет)
Тек Молдова құрамасымен ғана бір рет тең ойнап, ұпай бөлісті.