Джованни Дос Сантос: «Менің қанымда доп домалайды»

15.07.2011, 19:26
Джованни Дос Сантос: «Менің қанымда доп домалайды»

Аргентинада «COPA AMERICA» басталды. Айтулы сынға құрлықтың мықты құрамалары түгел келді. Мексика да ойынға араласып, бірінші турда Чилиден 1:2 есебімен ұтылып қалды. Алдымен, Араухо есеп ашып еді. Екінші таймда Паредес пен Видаль мергендік танытып, қарсыластарының осал тұсын тапты. Ойын кезінде Мексика жартылай қорғаушысы Джованни Дос Сантос өзіндік шеберлігін байқатты. Әңгіме осы жігіт жайында…

Джованни Дос Сантос алғаш 2005 жылы көзге түсті. Он жеті жасар ойыншылар арасындағы әлем чемпионатында мамандар назарына ілікті. Перудегі жарысты тамашалаған үлкен-кіші осы баланың өнерін ұнатты. Тіпті есімін қойындәптерлеріне жазысып, болашағына бал ашқандай болысты. Ол туралы Джованни білген де жоқ. Жасыл алаңда допты жусатып, өргізді. Өзіндік қолтаңба қалдыруға ұмтылған ұланның еңбегі еш кеткен жоқ. Үздік ойыншыға тиесілі «Күміс допты» құшағына қысты. Дос Сантостың есті ойыны, әсіресе әріптестеріне пас таратуы таңдай қақтырған. Мексика аяқдобының ғана емес, әлемдік футболдың жарық «жұлдызы» өсіп келе жатқанын білікті бапкерлер байқаған екен. Бразилиямен өткен кездесу де оның өресінің қаншалықты биік екенін көрсетті. Мексика жастар құрамасы 3:0 есебімен басым түсіп, дүниежүзін дүр сілкіндіргенін жанкүйерлер жадында ұстады. Карлос Вела мен Омар Эспарзының және Эвер Гусманға пас ұсынған Дос Сантостың да атағы алысқа тарады. – Ол мен күткен күн сияқты. Немесе мені күткен финал десем бола ма? Жас кезімнен Бразилияға қарсы ойнауды армандап едім. Соның сәті келді. Олар менің қытығыма тиіп болды. Тізгінді енді тежейтін шығарсың, әкең Бразилиядан емес пе еді десті. Түбіңді таны дегендері ме? Менің өз жоспарым бар еді. Ол – жеңіске жету. Сол үшін барымды салдым. Ал Бразилия қақпасына үш гол соғу… ол енді бақытты шағымыз. Маңайымда талантты ойыншылар жүрді. Олардың еңбектері де орасан, бәрі жеңіске ұмтылды. Мықты бапкерге тап болдық. Кейін мықты футболшы атануды армандап жүрген кез. Бәрінің реті келді. Мексиканы жұрт тағы бір таныды. Соны анық білемін. Джованни Дос Сантос футболда табысқа кенелу үшін жаралғандай. Бірден көпшілік назарын өзіне аударды. Әкесі Зизиньо (Zizinho) кезінде Бразилиядан Мексикаға көшіп келді. Допты тәуір тепті. Елдегі аяқдоптың дамуына ерекше үлес қосты. Қанында доп домалаған Джованни бала кезінен ертеден қара кешке дейін футбол ойнайтын. Әлемнің белгілі скауттары өнерін қарап, ертеңі жайында әңгіме қозғапты. Оңтүстік Американы аралайтын «Барселона» командасының мамандары да байқап көріп, Каталонияға шақырады. Команданың жастар академиясына оқуға келіп, шеберлігін шыңдайды. 2007 жылы қыркүйекте лигадағы тырнақалды кездесуін өткізеді. Тура он сегіз жасында. – Адамдардың арманына жете алатыны қандай жақсы. Ересектер сынына араласуды аңсадым және «Барселона» жейдесін киіп шығуды армандадым. Бала кезімнен. Сіздер сенбейсіздер. Ауылда жүргенде де, өзімді осы команданың сапында жүргендей сезінетінмін. Араға жылдар салып «Ноу Кампта» доп тептім. Тағдырға риза болу деген бар болса, мен шын мәнінде, бақытты адаммын. Каталонияда футбол шаруашылығы қатты дамыған, дүниежүзінің талантты ойыншыларын көзден таса етпейді, олар. Ұнағанын өз сапына шақыра қояды. Бірақ алғы шебі жасындай жарқылдаған командада жартылай қорғаушы тонның ішкі бауындай үйлесе алмады. Жиырма сегіз матч өткізіп, үш гол соққан соң ағылшын жеріне жол тартты, бағын сынау үшін. – Шешім қабылдау оңайға соқпады. Бала кезімнің командасы дедім ғой. Бірақ үнемі қосалқы құрамда отыру да тірлік емес. Тайып тұруға тура келді. Бәрібір футбол ойнау қажет. Негізгі құрамнан орын табылмайтынын білген соң, кетуге шешім қабылдадым. Өскім келді, команданың негізгі тірегі болсам дедім, өзге жоспар миға сия ма? Мұнда нағыз жұлдыздар жүрді. Олар орнын бере сала ма? Дос Сантос «Тоттенхэмом Хотспурмен» келісімге келіп, маусым алдындағы ойындар кезінде өзінің кім екенін әйгіледі. Тіпті тосыннан жарақат алғанша, бапкерлер көңілін шат қылды. Хуанде Рамос қызметінен кетіп, Гарри Реднап оның орнын басқан сәтте Джованнидің көңіл-күйі болмады. Реднаппен тіл табыса алмайтынын сезді. Сезді де өзге командалар тарапынан түскен ұсынысты қабылдады. «Испвич Таун» сапында тер төгуге ниет білдірді. Артынша түріктің «Галатасарайы» шақырды. Испания лигасындағы «Расинг» сапында да өнер көрсетті. Бабына сонда енген секілді. – Асылы, мида бейсауыт ойдың болмағаны да абзал екен. Уайым жеп қояды. Осыны анық білдім. Болашақты болжап қайтеміз. Бәрібір жазмыштан озмыш жоқ. Біреу жақтырады. Біреу жақтырмайды. Кезегің келсе, кезеніп қал. Кем-кетігіңді толтыр. Доп берді теп, ойынға қосса барыңды сал. Қай команда немесе нендей біріншілік оған бас қатырудың қажеті шамалы. Мен мұнда өзімді таныту үшін келдім. Ендеше неге нашар ойнауым керек. Қайта қарсыласымыз қаймығып, әріптестер сүйсінсін. Өзге футболдың қажеті жоқ. Мен барынша мықты ойнауға тырысамын, барымды саламын. Кейде қателік кететін шығар. Бірақ өз жұмысыма адалмын, қазір шыңдалу үстіндемін. Күні жеткенде мықты команданың серкесіне айналсам деймін. Ол үшін тер төгу қажет екенін де жете түсінемін. Дос Сантос Аргентина жеріндегі жарыста да өзін танытқысы келеді. Бір ойыннан кейін еңсесі түсе қалмас. 2007 жылы ұлттық құрамаға қосылған футболшы екі бірдей әлем кубогы жолындағы жарыста бақ сынады. Америка кубогы да оған жат емес. КОНКАКАФ кубогының иегері.

Автор: Аманкелді Сейітханов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×