«Білемін, Руниге мен бауыр болам...»

15.07.2011, 19:28
«Білемін, Руниге мен бауыр болам...»

Әлем футболындағы бүгінгі саңлақтар тізімін жасайтындар оны аттап өтпейді. Кезінде қолына былғары қолғап байлап, ағылшынның шаршы алаңында кеткен есесін қайтаруға ұмтылып, кейін ала допқа арбалған Уэйн Руни дүниежүзілік доп додасындағы ойлы ойыншы ғана емес, тұтас команданы өрге сүйрейтін көшбасшы екені де көзге ұрады. 

Доп үшін тартыста бір сүйем шегінбейтін, жарақат алса да, жанындағыларға сездірмей жүретін жанкештінің өнеріне күллі әлем тәнті. Бірде тегеурінді ойыншыға тосыннан сауал қойылыпты, «Тұқымыңда сенен өзге допшы бар ма?». «Болғанда қандай. Інім – Джони». Кәдімгі Джон Руни. Біздер сол Жөнидің жолына үңілдік.

Ол – әрине, Руни емес. Чемпиондар лигасында жасыл алаңның шаңын қаққан жоқ. Премьер-лиганың бас жүлдесін ұстап көрген жоқ. Ағылшын құрамасына да қосылмады. Бірақ ала доптан алар еншісінің бар екенін айтып жүр. – Біздің үйдегі озық футболшы – Уэйн. Ол жақсы ойнайды. Жаңалық ашып отырғам жоқ. Оны өзім де білемін, бірақ ағам секілді беріліп доп тебетіндер дүниежүзінде некен-саяқ. Біздер де сол соқпаққа түстік, бітіргеніміз шамалы. Дегенмен ертеңге үмітпен қараймыз. – Аяқдобы өрге тартқан ағылшын жерінен жыраққа кеттіңіз. Үйден үш жарым мың миль ұзап шығуға не себеп болды? – Ағайындармен ақылдаса келіп, Америкаға сапар шеккен жөн екенін білдік. Қара күштің футболы – осында. Бұрын теледидардан көріп жүрдік, келген соң әлгі уәждің дұрыстығына көз жеткіздік. Рунилер түгел мықты болып кетуі міндет емес шығар. Әсіресе бәрінің тек Англияда жүруі қызық емес. Мұхит кешіп барып, ойнайық. Мұнда да сапалы футболға өріс ашылған. «Нью Йорк Ред Буллз» да ешкімнен кем емес. – Дегенмен қатарға қосылу қиын көрінеді, шетелдіктерге футболдан жұмыс табу мүмкін емес дейтіндер бар. – Дұрыс айтады. Әсіресе жастарды тартуға келгенде тартынады, мұнда аяқдоп бизнесін жолға қою маңызды. Тьери Анри болсаң оңай, біз секілді таныла қоймағандарға кірігіп кету қиын. Дегенмен команда сапында жүрміз. Скаут дегендер көп, шешімді солар қабылдайды. Олар ұнатса болды, шақыратын команда табылады. Ливерпульдегі «Эвертон» академиясында допты дұрыс тебуге үйретті. Он жеті жасымда төртінші дивизиондағы «Макклсфилд Таунмен» келісімшартқа отырдым. Мықтылар шақыра қоймады. Шет жерде өзімді танытсам, ел клубтары да ұсыныс айтатын шығар. – Бірден «Ред Булззға» барудың реті келмеді ме? – Мұндағы шаруаның тізгінін скауттар ұстайды. Алдымен, Сиэтлде бір апта жаттықтым, сосын Портлендте дайындалдық. Әлгі екі команда MLS клубтарының мамандарына менің кім екенімді айтты. «Комбайн» деген болады. Командаға ілінуден дәмелі ойыншыларды жинап, сынға салады. Сілең қатқанша ойнайсың. Ұнағандарына ұсыныс жасалады. Шығыс және Батыс Конференциясына қатысты он сегіз клуб бапкерлері мен қожайындары қарайды, әлгі матчтарды. Үш рет алаңға шықтым. Жанымды салдым. Сосын «Ред Буллз» мені супердрафттың екінші турына өтетінімді жеткізді. Рас, біраз командаға баруым мүмкін еді. Бірақ «Нью Йорк» көз тігеді деп ойламаппын. Драфтта кімнің қайда баратыны өзіне беймәлім. Мықтылардың назарына іліксең жақсы, сосын оның кезегіне сай келуің керек. Әйтпесе күнін әрең көріп жүргендер де сатып ала салады. «Ред Буллз» – Америка лигасындағы айтулы команда. Оның сапында Тьери Анри, Рафаэль Маркес секілді әлемге әйгілі футболшылар бар. 25 мың орындық су жаңа стадионда доп тебудің өзі – бақыт. Көздің жауын алатын – алаң, көңілден шығатын – коммуникация. Мұнда ойнаған допшының арманы азаяды. Оның үстіне, керемет ойыншылармен бірге жүресің. Үйренесің, ысыласың. Айым оңынан туарын ойлаған шығармын, бірақ дәл осындай деңгейде боларын білгем жоқ. Шынымды айтайын, ағылшын жерінде доп тебу оңай емес еді. Рунимен салыстырып шығады. Мүлт кетсең мінейді, сыртқа тепсең сынайды. Жүйкені жүндей түтті. Мұнда ешкім мән беріп жатқан жоқ. Қайта шетінен мақтайды. Соған да марқайып қаласың. Жиырма жасар жігіттің иығынан ауыр жүк түскен секілді. Ағылшынның мазасыз тілшілерінен әбден ығыр болған Джон Америка лигасына енді бел шешіп кірісті. Әзірше тау қопарып тастаған жоқ. Алған қамалы да, соншалықты биік емес. Дегенмен өзін футболшы ретінде сезініп жүр. Бұғанасы бекіген соң отанына оралуды ойлайды. Ол кезде өзгеше ойын көрсетуді аңсайды: – Англияға түбі ораламын. Бірақ қандай біліммен барамын, отандық футболға не апарамын, осыны ойлаймын. Ағамыз әдемі ойнайды. Сөз жоқ. Біздің де қолдан бірдеңе келетінін елім сезуі тиіс қой. Сол жолда тер төгуден жалықпаймын. Әзірше айтарым – осы. Тілші болған соң қолыңа түрлі материал түседі. Өңдеуің керек, меңгеру бар. Джон Рунидің айтқан әңгімесі көңілге қонды. Айтулы ойыншының інісі екенін мойындайды. Бірақ «өзіне шақ аспан алуды» мұрат санайды. Біздің елдегі жиырма жасар жігіттерге ой салса деген ниеттен сіздерге ұсындық, құрметті оқырман қауым!

Автор: Аманкелді Сейітханов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×