ЕУРО-2024: Грузия құрамасы

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
29.03.2024, 14:04

Еуро-2024 турнирінің барлық топтары толық жасақталды. Германиядағы аладоп аламанына әлі екі айдан астам уақыт бар. «Аладоп.кз» осы аралықта турнирге жолдама алған әр құрамаға жеке-жеке тоқталып, материалдар сериясын ұсынады. Топтамамызды Қазақстан құрамасы өнер көрсеткен С жолының жолдамасын еншілеген Грузиядан бастаймыз.

ЕУРО-2024: Грузия құрамасы

Гүржілер командасы мұндай ірі жарысқа тарихында тұңғыш рет шығып отыр. Грузия үшін бұл толағай табыс. Бірақ, Вилли Саньоль командасының осы жолғы жетістігін кездейсоқ деуге аузың бармайды. Грузияның Германиядағы жарыстың жолдамасын еншілеуі - заңдылық. Команда осының алдындағы Еуроға да жақын болған. Естеріңізде босла, Грузия құрамасы өткен циклдың финалында да еуропа біріншілігінің жолдамасы үшін таласты. Бірақ, ол кезде Солтүстік Македонияға есе жіберіп, сан соғып қалды. Енді міне арада төрт жыл салып, ақыры өз дегендеріне жетті.

Командалық ойыны салтанат құрған құрама

Команданың топ деңгейдегі көшбасшысы бар. Біраз іріктеуде ысылған негізгі құрамы да дайын. Грузия ең алдымен командалық ойыны салтанат құрған құрама. Иә, Хвичаның командадағы рөлі айрықша. Оған ешкімнің күмәні жоқ. Алайда, наурыздағы екі ойында гүржілер құрамасы «Наполидің» футболшысының көмегінсіз ақ тәуір ойнады. Жартылай финалда Кварацхелия оынға қатыса алған жоқ. Ал Грекиямен болған бәсекеде ең маңызды сәтте – овертаймның 109 минутында жарақат алып, алмастырылып кеткен. Вилли Саньолдің командасы осы матчта өзінің командалық әлеуетін толық паш етті. Сондай-ақ, Грузияның мінезді команда екенін де аңғардық. Қосымша минуттарда көшбасшысынан көз жазып қалды. Психологиялық тұрғыда бұл кез-келген команда үшін үлкен соққы болар еді. Бірақ, тек грузиндерге емес. Пенальтиде алаң иелерінің тек бірақ ойыншысы мүлт кетті. Грузия құрамасының қатарындағы футболшылардың дені шетел біріншіліктерінің өкілдері. Географиясы әр алуан. Арасында Еуропаның «Валенсиясы» мен «Уотфордынан» бастап, Сауд Арабиясының «Әл-Ахдудында» ойнайтындары да бар. Кварацхелиядан бөлек, командадағы ең қымбат ойыншының бірі, қақпашы Георгий Мамардашвили (нарықтық құны - € 35 млн). Грузияны Еуроға алып шыққан да осы «Валенсияның» кипері десек артық болмас. Георгийдің пенальти сериясындағы сенімділігінен командаластары да серпіліп, тепкен доптары түзу ұшты. Грузия құрамасының қақпашысы үшін осы жазда клуб ауыстыратын жақсы мүмкіндік бар. Испаниялық командада табысты маусым өткізіп жатқан қақпашыға (негізгі құрамда 28 матч) онсыз да топ-клубтардың қызығушылық танытып жүргені мәлім. Еуропа чемпионатынан кейін Грузия құрамасының біраз футболшысы тәуір клубқа ауысатын шығар. Солардың бірі осы Мамардашвили секілді.

Грузия басты аутсайдер болады ма? 

Грузия түскен F тобында Португалия, Чехия және Түркия құрамалары бар. Бұл квартетте Вилли Саньол командасының басты аутсайдер екені айтпаса да түсінікті. Германияда ең алдымен қорғаушыларға біраз жүк артылайын деп тұр. Артқы шептегі футболшыларды үйлестіретін Гурам Кашия. Команда капитаны Грузияның іріктеудегі барлық матчын бірінші минуттан соңына дейін толық ойнап шыққан жалғыз футболшы. Биыл орталық қорғаушының «Слован» қатарындағы ойыны да нәтижелі. Оған қорғаныста Соломон Кверквелия көмектеседі. Ресей премьер-лигасында талай жыл доп тепкен футболшының тәжірибесі жазда Грузияға аса қажет болады. Команданың алдыдағы ойынына жауапты футболшының бірі Георгий Чакветадзе. Шабуылдаушы жартылай қорғаушының мансабында «Гент», «Гамбург» секілді ұжымдар болды. Соңғы маусымдарды чемпионшипте өткізіп жүрген грузиялық футболшының өнеріне тәнті болған «Уотфорд» Чакветадзені 2,5 млн Еуроға сатып алды. Георгий Еуро-2024 те Грузияның үздік ассистенті (3 дәл пас) саналады. Германиядағы аладоп бәсекесінен кейін чемпионшип өкілінің де басқа клубқа ауысуы ықтимал. Грузияның шабуылдағы әлеуеті Буду Зивзивадзенің ойынына байланысты. Люксембургпен ойынның басты қаһарманы Кварацхелиямен бірге Грузияны тұңғыш Еуропа біріншілігінде жарқ еткізуге тырысады. Будудың өзін де жақсы қырынан көрсетуге мол мүмкіндігі бар. Шабуылшының биыл «Карлсруэдегі» нәтижелілігі де жаман емес. 25 ойында 10 рет мергендік танытып, 2 дәл пас шығарған. 23 жасар Жорж Микаутазде де ерекше назар аудартады. «Лионның» түлегі жалпы Грузин футболының соңғы жылдардағы басты таланттарының бірі саналады. «Мецтің» вингері Вилли Саньолдің командасында нарықтық бағасы бойынша үшінші орында (Кварацхелия мен Мамардашвилиден кейін) тұр. Грузия сапында Еуропа біріншілігінде Ника Квеквескири мен Лаша Двали да өнер көрсетеді. Бұл екі футболшыны біріктіретін жайт – ҚПЛ-де өнер көрсеткендері. Квеквескири бірнеше маусым «Тобылда» доп тепсе, Лаша Двали «Ертісте» ойнады. Қазақстанның Еуродағы кішкентай бөлшегі осы қос футболшы. Грузияны Еуро-2024 ке шығарған бас бапкер Вилли Саньолді қалай айналып өтуге болады? Бұл - Франция құрамасы сапындағы даңқты футболшының бапкер ретіндегі алғашқы толағай жетістігі. Ол осыған дейін құрама деңгейінде Франция жастар құрамасын жаттықтырып, «Баварияда» бас бапкердің көмекшісі болды. «Бордомен» де жұмыс істеп көрген. 2021-дің ақпанында Грузияның тізгінін ұстап үш жылда командасымен Еуропа чемпионатына шығып отыр.      

                   

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 8
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×