Кака: Команда өткен жылғы қарқынын жоғалтып алды

27.05.2020, 16:42
«Қайрат» футзал клубының бас бапкері Кака карантинді отбасының қасында өткізді.
Кака: Команда өткен жылғы қарқынын жоғалтып алды

Алматы командасының ойыншылары бабтарын жоғалтпау үшін жеке дайындықтарын пысықтады. Алайда қашықтан жаттығу толыққанды оқу-жаттығу жиынына жетпейді. Кака қазір клубтың ресми сайтында «Кака шақырады» атты жобаны жүргізеді. Бразилиялық маманның бағдарламасы интернеттегі сапалы контентке айналды әрі көп қаралады. Мұндай жобаны жүзеге асыру туралы ұсыныс қайдан түсті екен?

Паулу РИКАРДУ - "Қайрат" футзал командасының бас бапкері:

Футзал – менің өміріме айналған. Сондықтан ойындар тоқтатылғанда осы футзал спорты үшін пайдалы іс қылуға тырыстым. Бұл айдардың көпшіліктің көңілінен шыққанына қуаныштымын.

Кака карантиннен кейін футзал әлемінде айтарлықтай өзгеріс болатынына сенбейді. Тек, аталған спорт түрінде қауіпсіздікке баса мән беріліп, тиісті шаралар қолға алынады. Жақында Алматы командасы Иран ойыншысы Хұсейін Тайебимен қош айтысты. «Қайрат» бас бапкері оның орнына кім келуі мүмкін екенін тілге тиек етті.

Паулу РИКАРДУ - "Қайрат" футзал командасының бас бапкері:

Бізге жақында Алекс қосылды. Ол Бразилияда аса танымал командада ойнаған жоқ. Қазір Алекс команда қатарында, бірақ пандемия жоспарымыздың бәрін бұзды. Ол жеткілікті деңгейде дайындалып үлгермеді. Алайда бұл біз үшін кедергі емес. Уақыты келгенде бабына келеді.

«Қайрат» төртеудің финалынан сырт қалды. Бұл клуб үшін сәтсіздік. Жанкүйерлер мен мамандар тарапынан да жиі сынға ұшырады. Әрине айтылған сын орынды. Себебі «Қайрат» құрамында мықты ойыншылары бола тұра, іріктеуде әлсіз топтан озып шыға алмады.

Паулу РИКАРДУ - "Қайрат" футзал командасының бас бапкері:

Команда өткен маусымдағы деңгейін сақтап қала алмады. Оған ішкі көңіл-күй әсер етті. Екіншіден, қорғаныста жылдағыдан нашар ойнадық. Шабуылға қатысты да осыны айтуға болады.

Футзалдан Қазақстан чемпионаты әлдеқашан «Қайраттың» жеке турниріне айналған. Алматы клубы қатарынан 16 жыл ішкі біріншілікте топ жарып жүр. Бұрын-соңды Қазақстанның шағын футболында мұндай көрсеткіш тіркелген емес.

Паулу РИКАРДУ - "Қайрат" футзал командасының бас бапкері:

Өткен жылмен салыстырғанда алға жылжу байқалады. «Жетісу», «Аят» секілді командалар біздің басты қарсыласымызға айналды. «Атырау» да жақсы қырынан танылды. Бұл командалар чемпионатта лайықты қарсылық көрсетті. Бірақ олар мықты болу үшін әлі де өсе түсу керек. 

Қазір жанкүйерлердің көпшілігін Бразилиялық жаттықтырушы «Қайратпен» арадағы келісім-шартын соза ма деген сауал алаңдатады. Бұл сұраққа Каканың жауабы дайын.

Паулу РИКАРДУ - "Қайрат" футзал командасының бас бапкері:

Мен осында тұрамын. Жұмысым осы жерде. Әзірге келісім-шартқа қол қоймадық. Бірақ оны созамыз деген үміттемін. Мен жұмыс істеуге дайынмын. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×