Кеншілер өрісі кеңіді

08.11.2011, 01:04
Кеншілер өрісі кеңіді
Қарағандының «Шахтері» өз тарихында ел чемпионы атанды Сараптың да кезі келер. Тілші болуға талпынған сәтте тырнақалды мақала жазылды. Тақырыбын ұстаз Нес-аға қойып берді, «Қайраттың обалы кімге?» Одан бері жиырма бір жыл өтіпті. Алматы футболға қарық болған жоқ. Тек қана футбол ма екен? Жалпы, спортқа шекеден қарайтын шаһар ретінде оқшау тұр, Қазақстан картасында. Қаржысы көп, әлеуеті мол десек те. Сондай мүмкіндігі бола тұра, спортта сорлайтыны қалай?

Жауап табылмайды. Іздеп жүргендерді де көз шалмады. «Қайраттың» төменгі топқа түсуі қазақ футболының қасіретке ұшырауы. Өзге қабылдаулар шетінен сәтсіз. Қарағанды тойлап жатқан кезде Ерден Халилинді құттықтау керек еді ғой. Тұңғиыққа сүңгіген «Қайратты» іздемей. Енді соған келейік. Сарыарқа спортының дамуына айтарлықтай үлес қосқан азаматты Дохада кездестірдік. Жазғы Азия ойындары кезінде. Гандбол матчына келіпті. Қазақ қыздарының қол добын қалай меңгергенін тану үшін. Гүлзира Ысқақованың шеберлігін байқауды мұрат санаған. Алғашқы әңгімеден байқалды. Қазақ елін өркендету жолында аянып қалмайтынын ұқтық. Серік Сәпиев секілді боксшыға, Максим Раковтай дзюдошыға өріс ашқан өлкенің спорт басшысы бір құлаш тізім ұстап алыпты. Азиадаға қатысатын қарағандылықтар кілең. Тіпті онсайысшы Дмитрий Карповтың өнерін қатар тамашалауға шақырды. Арада жылдар жөңкіп жатты. Енді Ерден «Шахтерді» көтеруге жұмсалды. Жұмсаған облыс басшысы Серік Ахметов. Тапсырма анық. Команданың ішкі ахуалын жақсарту, бір-екі жылда бас жүлде алуға ұмтылу. Салған жерден табысқа кенелді Халилин. Виктор Кумыковпен тіл табыса отырып, Владимир Нидергаусты да іске жегіп. Ойыншы іздегені де көңілге қонады. Астаналық немістер немқұрайды қараған Жамбыл Көкеевті алдырды. Аға ретінде сөйлесті. Сергей Хижниченкомен де кең отырып, ұзақ пікірлесті. Андрей Финонченконың алдымен сарыарқалық екендігін баса түсіндірді. Ұлан Қонысбаевты да бауырына тартты. Бұл біз білетін жағы, өзгелерін де өңменінен итермегені анық. Қайта құрақ ұшып, балаларындай көрді. «Астана-аренада» Қазақстан мен Австрия ойнайтын болып, сонда Ерден ағамен әбден сөйлестік. Дәурен Тәжімбетов туралы сұрады. Орта тұста өнер көрсететіндер жайында мәлімет жинады. Ерден аға ендігі маусымға ертеден дайындалып жатқанын байқатты. Талдықорғанда тағы жолымыз түйісті. Өткен турда. Ерекең өз жігіттерін әбден мақтады. Кержалқаулардың жоқ екенін айтты. Бәрінің арманы біреу, мақсаты – тұтас екендігін жеткізді. Бірінен бірі өтетінін білдік. Кез келгенін көтермелеп отырды. Матч басталмас бұрын. Ерді намыс өлтіретінін де шегелеп кетті. Шешуші кездесу алдында өз шәкірттеріне шүбәсіз сенетіндер ғана осылайша көсіледі. Жан-жағымыздағы таныстарға айтып жаттық. Осы жігіттердің енді ешкімге дес бермейтінін. Ұлан Қонысбаев туралы екі ауыз сөз. Қазақ аяқдобының бүгінгі жарық жұлдызы – ол. Ойлары қандай жүйелі, ойыны да жүріп тұр. Біздің біріншілікте допты дәл Ұландай жусатып, өргізетін ешкім жоқ. Ағалардың ақылына құлақ тосады екен. Кішіпейіл. Адамгершілікті сіңірген. Сенетін серкеміз сол болғай, енді. Үмітті ақтасын дейік. Ал, Қарағанды қазір той үстінде. Бәрі де шат. Бәрі де мәз. Алматының «Қайратын» ағылшын маманы Джон Грегори жаттықтырды. Одан не шықты? Табандап жатқан команда төменгі топқа түсті де кетті. Владимир Никитенко кезінде бірсыдырғы ойнаушы еді. Одан да ада болды. Ана бапкер келген соң. Жауапкершілікті мойынға артар ешкім жоқ. «Қайратқа» жаны ашитын пенде табылсайшы. Алматының намысын қойшы, қазақтың намысы қайда қалады. Еске түсіп жатыр. Диас Омаров айтқан. Роберт досы екеуі «Қайрат» – «Арарат» матчын көруге барыпты. Сөйтсе армян Роберт былай деген: «Диас, бүгін мен үшін мереке. «Қайрат» жеңсе қуанамын, өйткені Алматының командасы әрі маған да бөтен емес. Еревандықтар мерейі үстем болса да  мәз-мейрам боламын. Қанша дегенмен қаным емес пе?». Сол күні «Қайрат» жеңіп кетіпті. Сөйтсе Диас ағамның армян досы күйіп кетіпті, «Айтшы, Диас. «Қайрат» та, «Арарат» та жетісіп тұрған жоқ қой, ә». Ең болмаса, ен даладағы армян құрлы болмадық-ау!

Хольгер Фах кетіп барады.. «Астананы» баптаған неміс маманы Хольгер Фах еліне қайтуды жөн көріпті. «Шахтер» – «Астана» матчынан кейін көңілі пәс болған неміс маманы былай деді: «Қазақстанда екі жыл жүрдім. Жергілікті ойыншыларды қолымнан келгенше баптадым. Енді еліме кетсем деп едім. Шешім қабылданды. Бағымды басқа жақта сынаймын. Бүгінгі күлкілі ойын туралы тіс жару әбестік. Көктемгі оқу-жаттығу жиыны кезінде «Шахтердің» топ жаратынын қауымдастықтың бас хатшысына айттым. «Ақтөбенің» тоқсаныншы минуттарда екі доп соғатыны да мені таңғалдырмайды». Фахқа рахмет. Еңбегі үшін. Нені астарлап отырғаны бізге беймәлім. Бәлкім, көріпкел шығар? Биыл астаналықтар жүлдеден сырт қалды. Өзінше ойын өрнегі болғаны жасырын емес. Десе де Хольгер мырзаның білімі осы. Жүлде алуға қарымсыз екенін байқатты. Кейде сырттағыларды сырттан санаймыз. Сыралғы болған соң, олардың да ет пен сүйектен жаралғандарын танып, білеміз. «Ауылдағының аузы сасық», – деуші еді жеңгелер. Қадіріңді білмей жүрміз, Айманов, Есмұратов, Тұрмағамбетовтер...

Диастың дәурені

Ташкенде жазғы биатлоннан Азияның ашық біріншілігі өтті. Оған Өзбекстан мен Оңтүстік Кореядан, Үндістан мен Қырғыз елінен спортшылар қатысты. Қазақстан да өз мықтыларын апарды. Ашық чемпионат болған соң Чехия мен Ресей де өз биатлоншыларын жіберіпті. Бұл өзі кісі қызығатын спорт түрі. Мылтығын арқасына асынатын қыз-жігіттер роликті тізгіндеп, жарыс жолына шығады. Спринттік қашықтықта қысқы Азия ойындарының чемпионы Диас Кенешов ешкімге дес бермеді. Үржанда туған ұл екі-үш жыл  бұрын әлемдік ареналарды өз шеберлігін паш еткен, енді құрлықтық чемпионы атанып отыр. Әйелдер арасындағы сында шығыс-қазақстандық Галина Вишневская екінші орын иеленді. Жалпы, мамандар осы қыздың болашағы жарқын екендігін тілге тиек етіп жүр. Әсіресе шетел бапкерлері Галинаның мүмкіндігі мол дегенді айтады. Жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде ересектер нәтижесін қайталаған Вишневская Сочи олимпиадасында өзін дәлелдеуі тиіс. Өз жас мөлшері бойынша алматылық Нарқыз Игілікова қола медаль иеленді. Жарыстың екінші күнінде де Диастың екпініне талайлар ілесе алмады. Екінші бағдарлама кезінде де белсенген Кенешов Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды. Диастың өзі айтатын: «Жалпы, жазғы биатлон оң жамбасыма келеді. Жүгіргенде талайдан озамын, мылтықты да дұрыс атып жүрмін. Шіркін, осы спорт түрі олимпиада ойындарына енсе, бәйгенің бәрі менікі», – деп. Өз шамасын біледі де. Галина Вишневская да топ жарды. Ванкувер ойындарының күміс жүлдегері Елена Хрусталева екінші орында. Асқардың алғашқы асуы «Жетісу» ұлттық біріншіліктің күміс жүлдегері атанды. Бұрын бесінші орыннан биіктеп көрмеген команда үшін бұл да – табыс. Талдықорған аяқдоп шаруашылығы шатқаяқтап тұрған тұста облыстың сол кездегі басшысы Серік Үмбетов өлке футболының өкілі Асқар Қожабергеновті қасына шақырған. Команда тізгінін қолына ұстатып, жібі түзу топ жасақтауына да айтарлықтай жағдай жасады. Бірақ олардың өресі әзірше чемпион атануға жетпей тұр. Себебі де аз емес. «Жетісу» соңғы турды Павлодарда өткізді. Талғат Байсопынов шәкірттері Асқардың командасынан бірнеше рет ұтылды. Соңғы рет Талдықорғанда кездесіп, 0:3 есебімен тас талқан болған. Доптың екеуін Ұлықбек Бақаев, және бірін Арунас Климавичус соғып, жергілікті команда өз деңгейінің жоғары екендігін паш етті. Чемпионаттың бас жүлдесі кімге бұйыратыны 31-турдағы  екі кездесуде шешілгені елге аян. «Ертіс» ойын басында тізгінді қолға алғанымен, есепті Сергей Остапенко ашты. Қақпашы Цириннің өрескел қателігін пайдаланып. Содан кейін Андрей Харабара мен Алексей Щеткин бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Қорғаушы көрсе, қаны қызып кететін Марко Джалович алаңғасар ма, әлде бар білгені сол ма, қарсыласының қабырғасын қаусатып немесе тізесін қақыратып, төрешіні әуреге салады. Қазылар да ырқына қашанғы көнсін, қатарынан екі рет ескерту жасап, алаңнан қуды. Марко бас бапкердің тұсынан өтіп бара жатқандағы Қожабергеновтің селқостығы шәкіртінің тұла бойын дір еткізген шығар. Елемей қойғаны сырттағыларға да ерекше әсер етті. Ол кезде «Жетісу» 1:0 есебімен алда тұрды дедік қой. Бұрын бес рет чемпион атанып, қазір бесінші орынның өзін табыс санайтын «Ертіс» бірден ес жинаған жоқ. Үзіліс кезінде Талғат бапкер не айтты екен, павлодарлықтар алаңға қайта оралғанда ғана өзіндік ойын өрнегін байқатты. Екі минуттың ішінде екі гол соғып, таразы басын өзіне аударып, үш ұпайды қоржынға салды. Мергендер көшіне ілескендер қорғаушы Мамуту Кулибали мен шабуылшы Глеб Мальцев. Соңғысы нағыз сұрмерген. Бірақ Байсопынов  Глебті аса мойындай қоймайтын секілді. Тек Георги Даскаловты негізгі құрамнан көреді. Оның бітіргені шамалы, әлдебіреулерге қабақ түйіп, футболдың берекесін қашырады. «Ертіс»  2:1 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесінің төртінші сатысынан орын алды. Қола медаль «Ақтөбеге» бұйырды. Владимир Мұқанов шәкірттері Шымкентте жергілікті «Ордабасыға» қарсы ойнады. Матчтың жиырма алтыншы минутында Зоран Костич есеп ашып еді, артынша Евгений Аверченко белсеніп, нәтижені еселей түсті. «Ақтөбенің» екі гол ұзап шыққаны Азат Нұрғалиев пен Қайрат Әшірбековке ұнамаған. Екеуі бір-бірден доп соғып, таразы басын теңестірді. Сосын көмекке стадион хабаршысы келді. Иә, Қарағандыдағы матчтың нәтижесін айтып, есептің 2:0 екенін ескерткені мұң екен, Мұқанов шәкірттеріне айқай салды. Енді қола медаль қажет қой. Тоқсаныншы минуттарда Малик Мане мен Джилас гол соғып, ақтөбеліктер 4:2 есебімен басым түсті. Қарағандыдағы Сергей Хижниченконың қос голы сонау оңтүстіктегі «Ақтөбеге» қалай әсер еткенін түсіндіңіз бе? Төменгі алтылық та соңғы турда бірнеше мәселені шешкен еді. Соның бірі «Востоктың» қатарына қосылатын команданы анықтау. «Қайрат» «Таразды» ұтса, әлгі мұңнан құтылатын. Алайда ондай мұратқа ұмтылғандар қимылын көре алмады, қаладағы орталық стадионға жиналған жанкүйерлер. Оның үстіне Олег Недашковский есеп ашып, іс тіптен насырға шапқан. Рас, алаң иелері де жылдам комбинациялар ұйымдастыруға тырысты. Тал қармады десек те, жарасады. Бірақ шеберлік шабан тартқанда жеңісті жұлып алатын шама қайда? Головской 11 метрліктен гол соғып, қарсыластар тең ойынға келісті. «Қайрат» бәрібір төменгі топқа сырғыды. Ежелден еліңнің бас командасы еңсе тіктей алмаса, жалпы аяқдоп шаруашылығының сұрқы қашқандай емес пе?! «Қайсар» «Атырауды» қабылдады. Былайғы жұрт осы ойынға күмәнмен қараған. Егер екеуі тең түссе, жоғары топта қала береді. Онда алматылықтар опық жейді. Демек, әлгі нәтиженің жалына қос қарсылас та жармасады. Матч мүлде басқаша өрбіді. Сыр елінің командасы бірден «Атырау» қақпасына лап қойып, қалайда үш ұпай ұстануды көздейтінін байқатты. Отызыншы минутта Анатолий Малков мергендік танытты. Қонақтардың қақпашысы Андрей Шабанов оған дейін ондаған шабуылға тойтарыс берген. Андрей Травиннің алаңнан қуылуы да жергілікті ойыншыларға майдай жақты. Қорытынды есеп – 1:0. «Восток» «Тобылмен» кездесті. Онсыз да берекесі қашқан команданы қостанайлықтар қалпақпен ұрып алғандай. Сергей Гридин мен Самир Бекрич голдары шығысқазақстандықтардың еңсесін басты. Бауыржан Жолчиев голы да өз деңгейінде соғылды. Рас, матч соңына таман Санат Жұмаханов «тіл» қатты. Қорытынды есеп – 3:1. Санаттар саналы ойынға ұмтылған кезде ғана «Восток» жанданады. Оған дейін бірінші лиганың тірлігін кешіп жүреді-дағы... Амангелді Сейітханов
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×