«Лидс Юнайтед» АПЛ-ге оралды

18.07.2020, 23:55
«Лидске» 16 жыл арман болған АПЛ енді келді.
«Лидс Юнайтед» АПЛ-ге оралды

Марсело Бьелса бастаған "Лидс Юнайтед" араға 16 жыл салып, Ағылшын Премьер Лигасына оралды. Бұл Чемпионшиптің аяқталуына 1 тур қалғанда "Вест Бромвич" пен "Хаддерсфилд" (1-2) арасында өткен матчтың нәтижесі бойынша анықталды. Осылайша "Лидс" чемпионшиптің 2 тікелей жолдамасының біріне ілікті.

"Лидс Юнайтед" АПЛден ұшқан 2003/2004 жылғы маусымнан кейін қаржылық жағдайларға байланысты тіпті 1 Лигада да өнер көрсетуге мәжбүр болған (3 жыл көлемінде). "Лидс" тарихы тереңде жатқан команда. Ағылшын Премьер Лигасы құрылғанға дейін Ағылшын чемпионатының 3 дүркін чемпионы атанып үлгерген бұл ұжым, сонымен қатар Англия Кубогінде (1972 жылы) топ жарған және Еуропа Чемпиондар Кубогінің (1975 жылы) финалисі болған екен.

Өткен 2018/2019 жылғы Чемпионшип маусымында Марсело Бьелса шәкірттері маусымның көп бөлігінде топ бастағанымен плей-офф кезеңінде "Дерби Каунтиге" есе жіберіп, мүмкіндіктен айырылған болатын. Өткен маусымнан кейін Бьелсаны көптеген клубтар өз командасында көргісі келгенмен, Бьелса бұл жобаны тастап кете алмайтындығын аша айтқан болатын. Ия, енді міне "Лидс" араға 16 жыл салып Ағылшын Премьер Лигасына оралды.

Қазіргі таңда "Лидс" клубының жанкүйерлері төбелері көкке жетіп тойлатып жатқанда, бұл командаға қатысты қызықты мәліметтерді айта кеткейік.

30 жыл бұрын "Лидс" екінші лиганы жеңіп алған, ал 2 жыл өткен соң Англия біріншілігінде топ жарған.

2001 жылы Чемпиондар Лигасының жартылай финалына шыққан ұжым, 3 жыл өткен соң АПЛден ұшып кетті.

АПЛден түсіп қалған "Лидс" 16 жыл (5907 күн) ішінде бас аяғы 734 матч өткізіп 1003 гол соққан. Осы уақыт аралығында клубта 268 ойыншы өнерлерін көрсетті. Чемпионшиптан 28 клубтың АПЛ жолдамасын ұтып алғанына куәгер болып қана отырған.

15 бапкер ауыстырды. Соның ішінде тек Марсело Бьелса ғана "Лидсті" Ағылшын Премьер Лигасына алып шықты.

"Лидстен" басқа АПЛден түсіп қалған клубтар 16 жыл өткен соң АПЛге орала алмаған.

Және соңғы факт сәйкестік десеңіз өзіңіз біліңіз, бірақ "Лидстің" тағдырын шешкен "Хаддерсфилд" пен "Вест Бромвич" арасындағы өткен кездесуде "Хаддерсфилдің" Эмиль Смит-Роу атты ойыншысы матчтың 19 минуты 19 секундында гол соққан. Бұл британдық уақытпен 19 сағат 19 минутта орын алған. Осы гол "Лидсті" АПЛге шығарып тұрған болатын. Ал "1919" - бұл "Лидс" клубының құрылған жылы болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×