Мараканадан «Аренаға» дейін-4 Қақпашы мықты болса…

15.04.2011, 18:39
Мараканадан «Аренаға» дейін-4 Қақпашы мықты болса…

Қай команданың да азулы, бетке ұстар ойыншылары болады. Біздің арамызда да ойын кезінде неғұрлым пайдалы жағынан көрінетін балалар бар. Әрине, бәрінің деңгейі шамалас, дегенмен кейбіреуі еңбекқорлығымен, физикалық дене әлеуетімен басымдау түсіп жатады.

Солардың бірі — Рауан Сариев. Қазірдің өзінде ол кәдімгідей қалыптасып қалған футболшы сияқты. Шымыр және алаң үстінде өзін еркін сезінеді. Ойын барысында керекті жерден табылып, гол соғатын мүмкіндіктерді қалт жібермейді.

Ал Берік Шайыхов — жылдам, әрі дене күші толыса түскен бала. Екеуі де ашық-жарқын, күліп жүреді, көңілді жүреді. Екеуі де Алматыдан, бір спорт мектебінің түлектері. Екеуі де «Оле Бразил клаб» академиясының құрама командасына алынды.

Шымкентте № 64 мектепте оқыған Қуат Мырза да өзіндік аяқ алысы бар футболшы. Ең бастысы ол әр нәрсені үйренсем, білсем деп құлшынып тұрады, ерінбейді. Кез келген команданың қақпашысы мықты болса, сенімді ойнай алады. Себебі, алаң үстіндегі аласапыран кездерде кенеттен соғылған допты жылдам қағып алатын, доптың сол сәттегі ұшу бағытын тез аңғаратын, ширақ қимылдайтын қақпашы жарты команданың жүгін көтергендей болады. Біздің Бақытжан Сағатов та сондай үлкен мақсатты алға қойған бала. Оның кумирлары бүгінде әлем ареналарында көзге түсіп жүрген Джо Харт, Кассильас, Ван дер Саар сияқты танымал қақпашылар. Допты ұстау жағынан жаман емес. Мәселен, «Қазақстан»-94» командасының қақпасын қорғауда оның көрсеткіштері айтарлықтай жақсы болды. Балалардың бәрі де үлкен футболдың қас шебері болуды көксейді. Олар іріктеуден өткен, Бразилияда футбол өнерін меңгере алады деген сеніммен жіберілген ғой. Біздер үшін мемлекет 83 миллион теңге бөлгені туралы үнемі естіп жүреміз. Жаттықтырушыларымыз да сенімді ақтап, кейін елге қайтқанда нағыз дайын футболшы болуымыз керектігін жиі айтып отырады. Дегенмен, алғашқы жылдың қорытындысында Бразилияға бірге барған балалардың 8-і оқуын жалғастыра алмады. Бірге жүріп, бір-бірімізге бауыр басып қалып едік. Шынымды айтсам, кәдімгідей көңіліміз ортайып қалды. Бразилиялық мамандардың өздері бақылап, тексеріп жүріп осындай шешімге келген. Сөйтіп, Қазақстаннан арман қуып аттанған 26 баланың ішінен 8-і үйге қайтты. Өз басым, ол балалар да футболды жаман ойнамайтынын білемін. Бірақ футбол академиясының талаптарынан шықпаған сияқты. Кейін олардың орнын жаңа түлектер басты. Бапкерлеріміздің айтуларына қарағанда, оларды бразилиялықтардың өздері іріктеп алыпты. Қазақстаннан ешкімді қатыстырмаған. Қалай дегенмен де «Оле Бразил клабта» шетелдік балаларды қатаң сүзгіден өткізеді. Негізі мұнда балаларды 11 жасынан бастап қабылдайды. Біз сәл кештеу келген сияқтымыз. Оқу орнына Жапониядан көп бала келіп оқып жатыр, олар да — 11 жастағылар. Сол сияқты Оңтүстік Кореядан, Қытайдан, АҚШ-тан, Канададан келген балалар бар. Тағы бір таң қалғанымыз Түркіменстаннан 2 бала өз қаражатымен келген көрінеді. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын бразилиялықтармен қатар доп сиқырын меңгеруге жер-жерден келген түрлі ұлт балаларының бізден айырмашылығы жоқ. Олар да өз елдерін сағынып жүреді, олар да академия талаптарынан шығуға тырысады. Футболды әжептәуір меңгеріп қалды. Дегенмен қай-қайсысы да дене әлеуеті жағынан бразилиялық құрдастарымен тең түскенімен техникалық шеберлігі жағынан кем соғып жататынын мойындайды. Міне, Бразилия футболының құдіреті қайда..

Біз үшін ең бастысы — футбол

Күнделікті серігіміз — компьютер. Сабақтан кейін электронды пошта арқылы үйімізбен, достарымызбен хат алмасып, хабарласып жатқанымыз. Бір сәт барлық дүниені ұмытып, кішкентай қобдишаға жабысып аламыз. Ондайда ойың Қазақстанда, елде жүреді. Мектептегі у-шу болып жататын сыныптас балалармен, аула маңында топтаса қалатын достарыңмен бірге жүргендей күй кешесің. Олар да «Бразилия қалай, сабақтары өзгеше ме, ауыл жақты сағындың ба, португал тілі қиын емес пе?» деп сұрайды да жатады.

Португал тілінде оқығанымыз болмаса мектеп бағдарламасы тура біздегідей сияқты, бізде өтілетін пәндер — физика, химия, математика… Тек «Қазақстан тарихы» жоқ. Өз бетімізше оқымасақ, еліміздің тарихынан хабарсыз қалатын сияқтымыз. Ертең жоғары оқу орнына түсетін болсақ та керек қой. Оны былай қойғанда, өзіміз үшін қажет. Біздегі қиындық осы ғана. Бірақ өз елін, жерін сүйетін әр бала мұны жеңе біледі деп ойлаймын.

— Біз үшін ең бастысы — футбол үйрену. Қалғанын қалауымызша меңгеріп аламыз, — деп күледі Фархад досымыз. Фархад Жәнібек — біздің команданың капитаны. Ойын үстінде балаларды ұйымдастыруға, жалпы басшылық жасауға келгенде шебер. Футболды әдемі ойнайды. Алғашқы кездерде Фархад қазақтың тағамдарын сағынып жүрді. Өйткені мұнда күн сайын күріш беріледі екен. Нан аз пайдаланылады, оның есесіне етті көп жейді. Біздегі сияқты шайды сораптап ішіп, терлеп-тепшіп отырмайды. Сок пен какао ішіп қарын жұбатады. Бұған біз де үйреніп алдық. Төрт мезгіл тамақ ішеміз. Футбол жаттығуларында көп күш жұмсауға тура келеді, соның орнын толтыру үшін жақсы тамақтану керек қой.

Жалпы Бразилияда әр штаттың өз асхана мәзірі бар. Сан-Паулуда немістер мен итальялықтардың көп қоныс аударып келуіне байланысты солардың дәстүрлі тағамдары араласқан көрінеді. Онда жұпар иісті дәмдеуіштер, жүгері, жүгері ұны мен күріш ұны көбірек пайдаланылады. Солардың ішінде ең белгілісі «зирадо-паулиста» деп аталады. Сүтке кокос қосып пісірілген торайдың еті. Әрине, оны бізге беріп жатқан ешкім жоқ. Берсе де торай етіне балалардың бәрі бас тартар еді. Бұл алғаш келген кезде Бразилия дәстүрлеріне назар аударғанда зердемізге түйіп қойғанымыз ғой. Бүкіл елде кофе ұлттық сусын ретінде танылған. Біздің елде сапырылған сарала қымызды жұрт іздеп жүріп ішсе, бұларда кофені тамсанып, таңдап жүріп пайдаланады. «Әр елдің салты басқа…» деген ғой. Ауа райы ыстық. Күндіз 40-50 градусқа дейін көтеріледі. Сондықтан жаттығуларды таңертең ерте жасаймыз. Түс ауа ол қайта жалғастырылады. Кешке қарай сабақ басталады. Бүкіл елде солай, барлық оқу орындарында, тіпті, мектептерде де сабақ кешке жүргізіледі. Сабақтан шыққан оқушыларды арнайы автобустар үйлеріне дейін жеткізіп салады. Бразилияның осындай ерекшеліктеріне көзіміз тез қанықты. Бұрыннан осылай жүрген сияқтымыз. Қалаға қыдырыстап шыға қалсақ болды, бір қазақ кездесіп қалмас па екен деп елеңдеп жүресің. Оның себебі де бар. Академиядағы балалар арасында Бразилиа қаласында екі қазақ отбасы тұрады екен деген әңгіме шыққан. Оны кім айтты, қалай айтылды, ешкім білмейді, Сондықтан да көшеде жүргенде жан-жағымызға қарағыштап, сол бір белгісіз қазақтар кездесіп қалардай елеңдейміз. Ал енді Ресейден барған орыстар бізді көрсе мәз болып, жақын тартып, әңгімелескісі келіп тұрады. Бұл да қызық жағдай екен. Іргемізде тұрған Ресейдің жат жұрттағы азаматтары жердің екінші бір шетінде ТМД елдерінен келгендерді ерекше жақын тартып, мойын бұрып тұрады. Алыстағы елін сағынған кезде КСРО құрамында болған халық өкілдерінің бәріне жылы ұшырайды. Соған қайран қалдық. Оқу уақыты тамамдалып келеді. Бұйырса, демалысқа шығамыз деп, күн санап жүрміз. Туған жерімізге жетіп, әке-шешеміздің құшағына құласақ шіркін!… Асығып жүрміз…

Елдегі емтихан

Алып әуе лайнері Қазақстан аумағына енгенде жүрегіміз тулап, қуаныштан жүзіміз бал-бұл жанды. Ұшақ терезесінен әппақ дала көрінеді. Ұшы-қиыры жоқ қазақтың дархан даласы. Біз сені сағынып келдік….

Дауыстап айтпасақ та әрқайсымыздың жүзімізден осындай шаттықтың нұры есіп тұрды. Бүгін — желтоқсанның бірі. Бұйырса, тағы бір жылды артқа тастаймыз. 2011 жылды үйімізде, отбасымыздың қасында қарсы алатын болдық. Өстіп толғанып, мәре-сәре болып келе жатқанымызда «Келдік! Астана!…» деп дауыстап қалды балалардың бірі. Ұшақ терезесінен төменге көз салып жатырмыз. Елорданың қаздай тізілген әдемі үйлері, көк тіреген жаңа ғимараттар көзімізге оттай басылды. Сәл борасын бар сияқты, сусыған ақ боранның белгісі білінеді. Ұшақ қаланы жартылай айналып келіп қону алаңына бет алды. Төмендеп келеді, төмендеп келеді… Міне, доңғалағы жерге тиді…. Көңіліміздің толқынысы ересен. Ұшақ тоқтасымен асығыс жолаушы тасымалдайтын автобусқа орналасып жатырмыз Қазір күтіп алатын ата-аналарымыз бен туыстарымызды көз алдымызға елестетіп, әуежай ғимаратына жеткенше асықтық.. …Тура қарсы бетте әкем тұр екен. Мені тік көтеріп, іліп әкетті, сүйіп жатыр, құшақтап босатар емес. Сонау Шымкенттен Астанаға суыт жеткен екен. Мәз-мәйрам болып, ертеңінде поезбен Шымкентке тарттық. Ұшақ ұшпайды, Саммит болып жатқан күндер… Сондықтан үйге қанша асыққаныммен пойызға отыруға тура келді. Анамның ыстық құшағын, туған-туыстарымның мейір-шуағын әбден сезініп, мауқымызды басқан соң, тәртіп бойынша сабаққа қайта кірістім. Үш ай бойы бос жатуға болмайды. Мектепте 11 сыныптың пәндері бойынша оқуымды одан әрі өз елімде жалғастырдым. Бір жағынан жаттығуларды кейінге қалдырып, босаңсуға болмайды. Облыстық олимпиадалық резервтер мектебіне барып жүрдім. Облыста өткен бірқатар турнирлерге қатыстым. .Өйткені, футболшы үнемі формасын сақтау керек. Қаңтардың соңына қарай бізді Алматыға шақыртты. Қазақстан жасөспірімдер құрама командасы мен біздің «бразилиялық» құрама арасында кездесу ұйымдастырылады екен. «Мынау үлкен сын болғалы тұр. Ал балам сендерден емтихан алмақшы. Қалай өсіп-жетілгендерің тексеріледі», — деді әкем. Осы ойынға бола Бразилиядан жаттықтырушымыз Тягу арнайы ұшып келіпті. Бәріміздің басымызды қосып, аздап даярлық жасады, ақыл-кеңесін айтты. Әкемнің сөзін айна-қатесіз бұл кісі де қайталады. Алматының орталық стадионындағы алаң жаздағыдай емес, мұз аралас, қар. Сол жерде «емтихан» тапсырдық. Біздің балалардың әрқайсысы өздеріне үлкен сынмен қарап отырған халықтың, Футбол федерациясы мен Туризм және спорт министрлігі өкілдерінің, түрлі деңгейдегі басшылар мен мамандардың алдында ұятқа қалмауды ойлап, жауапкершілікпен ойнады. Сөйтіп, Қазақстан жасөспірімдер құрамасын 3:2 есебімен тізе бүктірдік. Екі голды Рауан, бір голды Фархад соқты. Сол жеңіс біздің сенімізді одан сайын жоғарылата түскендей болды. Оның үстіне Тягу бапкердің «Егер алаң қар мен мұз болмаса, біздің академияның балалары ірі есеппен ұтатын еді» деп баға беруі бізге, ризашылық білдіруі қандай қуаныш.. Туған елде, ата-анамыздың жанында 3 ай зыр-зыр қағып өте шықты. Наурыздың 6-күні Біз Алматы-Франкфурт-Сан-Паулу бағытындағы ұшақпен оқуымызға аттандық. Алда жаңа жарқын асулар…
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×