Неміс Бундеслигасы. "Аралар" араша шақты

01.03.2015, 04:56
Неміс Бундеслигасы. "Аралар" араша шақты
Қаржысы қалтасын қампайтпаса да, әр жылы Алтын допқа таласып отыратын сапында футболшылар болмаса да, қарапайым ғана футболымен миллиондардың жүрегін жаулап, көзайым болған "Боруссияның" дағдарыстан шығып келе жатқаны футболды шынайы тұрғыдан бағалайтын жандарды қуантатыны түсінікті. Осыдан бір ай бұрын жанкүйерлерден сөз есіткен Хуммельс пен Вайденфеллерге, әр ойында күйіп-пісіп, жүдеген Клоппқа қарау аянышты еді. Ал, бүгін "аралардың" жағдайы жаман емес. Рур аймағының дербиі аталып кеткен кездесуде қарсыласын тас-талқан етіп, Бундеслигада қатарынан төртінші ойында үш ұпайды қанжығаға байлады.  Команданың жеңісті күнінде де, дағдарыс кезінде де бірге болатын, суығы мен ыстығын бірдей сезінетін 80000 жанкүйердің қолдауымен Боруссияның матчты шабуылсыз бастағанын көрдіңіз бе? Мен де көрмедім. Бүгін де, Клопп жігіттері ойын басталысымен қарсылас қақпасына лап қойды. 4-ші минутта-ақ есеп ашатын мүмкіндік болған. Бірақ, желаяқ Обамеянг жас қақпашы Велленройтерден айласын асыра алмады. Кагава да соққы бағыттап көрген, бірақ доп қақпадан қиыс кетті. Аралар тіпті, қонақтарды өз жарты алаңына тықсырды да тастады. Ізбе-із шабуылдар, жоғары прессинг, доп қақпашыға келсе де, "Боруссия" футболшылары бірден алдына жетіп барады. Ал, 26-шы минутта тек, сәттілік қана қонақтардың қақпасын аман сақтап қалды. Хуммельстің алыстан асырған тамаша пасынан кейін, Ройс қақпашымен бетпе-бет шығып, Обамеянгқа пас берген. Тағы да, габондық шабуылшы пайдалана алмады. Ашық тұрған оң бұрышқа теппей, тура қорғаушыға допты дәл бағыттады.  Кейін, Ройс та екі ссәтте мүлт кетті. Әуелі қақпа маңдайшасының беріктігін тексеріп көрді, екіншісінде "Шальке" сапындағы алғашқы 45 минуттағы ең үздік футболшы қақпашы Велленройтер кедергі болды. "Боруссия" дағдарыстан қалай шықты деген заңды сұрақ туады. Сенімділік пен табандылық. Команда екі жыл бұрын Еуропаны шулатып, Чемпиондар Лигасының финалында ойнағанын еске түсірді. Ал, бір ай бұрынғы ойындарды еске түсіріңіз. Команда бірінші таймда әдеттегідей шабуылдайды, бірақ гол сала алмаса екінші таймда ұнжырғасы түсіп, шабуылдауды ұмытып, тек допты қарсылас айып алаңының алдында айналдырып жүреді. Ал, бүгінгі "Боруссия" ондай емес, өзгерді. Бірінші таймдағы қарқынынан айырылған жоқ, шабуылдауды арттырмаса, кеміткен жоқ. Бұл табандылықтың артқанының арқасы. Сол секілді, екінші таймда Клопп жігіттері қарсылас қақпасына бір гол емес, бірден үш голды тоғытты. Бар жоғы 8 минуттың ішінде матч тағдырын шешті де тастады. Әрине, қарсыластың қарқынына қонақтар шыдай алмады. Бірінші тайм бойы командасын құтқарып келген қақпашының өзі, үшінші голда болмайтын жерден қателік жіберді. Ол қателік-"Боруссия" қысымының нәтижесі еді. Дормундықтар енді Чеммиондар Лигасына жолдама берер төртінші орынға 8 ұпай жақындады. Әрине, көп. Дегенмен, тур өткен сайын арақашықтықты қысқартып келеді. Ойын басталмас бұрын 10 болса, бүгін міне 8. Оның үстіне, сол бүгінгі "Шалькенің", менхенгладбахтық "Боруссияның", "Байердің" ойындары да, нәтижелері де тұрақты емес. Кім біледі, осылай тамаша ойының көрсетуін жалғастырса, маусым аяғында үздік төртікте көріп қалармыз. Боруссия Д-Шальке 3:0(0:0) Голдар: Обамеянг, 78, Мхитарян, 79, Ройс, 86 Бавария-Кельн 4:1(2:1) Голдар: Швайнштайгер, 3. Рибери 10. Уджа, 45+1 . Роббен, 67 . Левандовски, 75. Байер-Фрайбург 1:0(1:0) Гол: Рольфес, 33 Хоффенхайм-Майнц 2:0(0:0) Голдар: Фолланд, 55, Полянски, 76. Ганновер-Штутгарт 1:1 Голдар: Штиндиль, 70-Гентнер, 52 Герта-Аугбург Гол: Калу, 88

 

1  БАВАРИЯ 23 18 4 1 63-10 58
2  ВОЛЬФСБУРГ 22 14 5 3 48-24 47
3  БОРУССИЯ М 22 10 7 5 29-18 37
4  БАЙЕР 23 9 9 5 37-29 36
5  ШАЛЬКЕ 04 23 10 5 8 32-27 35
6  АУГСБУРГ 23 11 2 10 32-30 35
7  ХОФФЕНХАЙМ 23 9 6 8 36-35 33
8  ВЕРДЕР 22 8 6 8 36-44 30
9  БОРУССИЯ Д 23 8 4 11 31-31 28
10  АЙНТРАХТ Ф 22 7 7 8 40-44 28
11  ГАННОВЕР 23 7 6 10 26-34 27
12  МАЙНЦ 23 5 10 8 30-33 25
13  КЕЛЬН 23 6 7 10 21-29 25
14  ГЕРТА 23 7 3 13 28-42 24
15  ГАМБУРГ 22 6 6 10 15-31 24
16  ПАДЕРБОРН 07 22 5 8 9 23-41 23
17  ФРАЙБУРГ 23 4 10 9 24-32 22
18  ШТУТГАРТ 23 4 7 12 24-41 19
 
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×