ОЛ ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ЕДІ...

03.02.2013, 15:41
ОЛ ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ЕДІ...

Жаңа жыл қазақ футболы үшін қаралы хабармен басталды. Қаңтардың 14-і күні таң сәрісінде ауыр науқасқа ұшыраған талантты  футболшы  Серік Жейлітбаев дүниеден озды. Үш жылға жуық уақыт бойы мидағы ісікпен арпалысып, алаңнан алшақтап қалған Серікке достары мен жақындары қанша қол ұшын созса да, ажал құрығынан  арашалай алмады.  Алланың ісіне қарсы келген кім бар? Серіктің артында жары Айгүл мен Рабила, Аваль есімді құлыншақтары қалды. Жейлітбаевпен жасыл алаңда да, алаң сыртында да жақын жолдас болған бұрынғы футболшы, қазіргі бапкер Алмас Құлшынбаев «Арамызда Серік жоқ» дегенге сене алар емес.

 –  Менің  Серікпен таныстығым әріден басталды. «Қайратта» ойнамай тұрып, біз Тимириязев пен Байзақов көшесінің қиылысындағы спорт мектебінде футбол әліппесін меңгердік. Ол менен бір жас жоғары балалармен жаттықты. Кейін ол «Қайраттың» сапында егемен еліміздің тұңғыш біріншілігіне қатысып, футболдағы сәулелі ғұмырын бастап кетті. Бір жылдан соң мен де «Қайратқа» ауыстым. Екеуміздің спорт мектебінде басталған достығымыз үлкен футболда  үзіліп қалған жоқ.  Достыққа берік, үнемі езуінен күлкі жиылмайтын, ақкөңіл, кішіпейіл жан еді ғой... Серікпен бірге 5 жыл «Қайраттың» намысын жырттық. Оның шеберлігі бәрімізден биік тұратын. Серікті алдап өту, оған қарсы қандай да бір әдіс жасау кез келген футболшы үшін оңай шаруа емес-тін. Бүгін мен ол туралы өткен шақта айтып отырғаным үшін қиналамын... Серік Жейлітбаев Қазақстан премьер-лигасында ең көп алаңға шыққан жалғыз ойыншы. Ол 1992-2010 жылдар аралығында жалпы есебі  462  ойын өткізіпті. «Қайрат», «Сібір», «ЦСКА Қайрат», «Ниса», «Шахтер», «Есіл», «Ертіс», «Жетісу», «Восток» клубтарында доп тепкен Серік ұлттық құрама сапында сол күйі алаңға шыққан жоқ. – Серікті біз «Қу» деп те атайтынбыз. Өйткені ол допты қабылдағанша, оны кімге беріп, қалай қарай бағыттайтынын алдын ала біліп тұратын адам.  Қарсыласты қапыда қалдыруға оның шеберлігі мен айласы артығымен жететін. Алаңда командасын жеңіске жетелеу үшін бір сәтке де аянбайтын бір футболшы болса, ол Серік еді. Жасыл алаңға Жейлітбаев шыққан беттен «Ооо, біздің қу келе жатыр», – деп бір-бірімізге күле қарайтынымыз сондықтан. Негізі, алаңдағы және алаң сыртындағы Серікті бір-бірінен ажыратып алуға болмас. Бірақ футбол аяқталған соң, 90 минут бойы алаңда құйын тұрғызып, қуатты соққыларымен қарсыласын әлекке салған Серік қасымызда күлімдеп, кезекті әзілін айтып қарап тұрушы еді. Ол әзілді сүйетін. Серік қалжыңдаған кезде, бір жасап қалатынбыз. Шынымды айтсам, осынша жыл жолдас болып, Серіктің қайғырып, мұңайған сәтін мүлде көрмеппін. Ол өмірді шексіз сүюші еді ғой... 2010 жылы «Восток» клубының кезекті ойынында Серік алаңда есінен танып, құлап  қалды. Алғашында «Жай, шаршағандықтан болар» деп көп көңіл бөлмегенімен, құрығы ұзын сырқат дегенін істеді. Дәрігерлер оған мидың қабынуы деген диагноз қойды. Жейлітбаевтар отбасы алдымен Санкт-Петербор қаласында ота жасатты. Кейін футболшы достары қол ұшын созып, Израильде Серіктің миына ота жасалды. Осыдан соң, «Қайрат» футбол клубының жастар құрамын жаттықтыруға кіріскен Серік құлантаза айықты деп ойлағанбыз... – Серікке қаржы жағынан көмектесу туралы футболшыларға ең бірінші болып ұсыныс айтқан – Руслан Балтиев. Отандық ойыншылардың бәрі мең-зең күйде қалдық. Бірден қандай ауру екенін сұрауға да батылым жетпеді. Дереу керекті ақшаны жинап, оны Израильге шығарып салдық. Ота сәтті аяқталып, елге келген соң, көңілін сұрауға барғанмын. Серік әдеттегідей ақжарқын көңілмен қарсы алып, футболдың таусылмайтын қызығын әңгіме қылдық. Сол кезде Серіктің өзі де ауруы туралы ләм демеді. Жанын жарақаттап алмайын деп, мен де тіс жармадым. Екеуіміз ұзақ әңгімелестік. Қайта келмес жастығымыз туралы сыр шерттік. Қазіргі футболдың көз ілеспей, алға адымдап бара жатқаны да, біраз әңгімеге арқау болды.  Сол күні «Қайрат» футбол клубы қызметке шақырып, бапкер болатыны үшін қуанып отыр екен. Мұндай сәтте жұмыстың табылғаны да жанға демеу емес пе?! Серіктің бапкер ретінде де, біраз биікті бағындыруы мүмкін еді... Алайда ол жастарға ештеңе үйрете алған жоқ. Ажал оның бапкерлік қырының ашылуына мұрсат бермеді... Білесіз бе, қазір теориялық тұрғыдан ақыл айтып, кеңес беретін бапкерлер көп. Ал өздері допты еркіне бағындыра алмауы мүмкін. Серік ондай емес. Ол допты қалағанынша шыр үйіріп, ойыншыға керек қасиеттің бәрін бойына сіңірген адам. Бұл қасиеті біздің жастарға өте қажет еді. Амал қайсы... Серік Жейлітбаев тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш чемпионатында топ жарды. Одан бөлек, 1993 және 2003 жылдары ел біріншілігінің алтынын мойнына тақты. Қазақстан Кубогының екі дүркін иегері. 1998 жылы Түркіменстан кубогы да Серікке бұйырды. – Серіктің ұлттық құрамада ойнай алмағаны өкінішті. Қазіргі жастардың оны көп тани бермеуі де содан шығар. Жейлітбаевта техника мен ақыл астасып тұратын. Бірақ дене әлеуеті жағынан сәл кемшіндеу еді. Ұлттық құрама бапкерлері де Серіктің физикалық қабілеті төмен деп, оны бас командаға жиі шақырмай қойды. Мүмкін, ұлттық құрама сапында алаңға бір рет шығу оның арманы болған шығар?! Еліміздің үздік футболшыларын анықтайтын кезде мен капитан ретінде үнемі Серікті бірінші жазатынмын. Бірақ оған Қазақстанның үздік ойыншысы деген атақ та бұйырмай кетті. 2012 жылдың жазында Серік Қытайға барып емделді. «Қайрат» футбол клубы оның медицинасы дамыған мемлекетке барып, ота жасауына қаржылай көмектескен еді. Қытайдан келген соң, тағы да Серіктің халін сұрауға асықтым. Алайда Абай мен Сайын көшелерінің қиылысындағы Серік пен Айгүлдің үйінен жаным жабырқап, кеудем босап шықты. Себебі, менің Серігімнің құр сүлдері ғана қалған екен... Мидағы ісік екі көздің су қараңғы болуына «септігін» тигізіпті. Кіп-кішкентай, ап-арық... Кейін Азамат Ниязымбетов, Рафаэль Оразбахтин, Руслан Балтиев сынды бір топ замандастар болып, Серіктің үйіне тағы бардық. Оның жағдайы сол қалпы, күн сайын нашарламаса, жақсарған жері жоқ. Соның өзінде Серік бізге сыр бермеді ғой... Сыр бермеді!  Біз жанымыз ауырып, жүрегіміз езіліп бара жатса да, оған көңілді әңгімелер айтып, алыста қалған 90-жылдардағы жастығымызды еске түсіруге тырыстық. Бәріміздің еріксіз жымиып отырған жүзімізді Серік сол күйі көре алған жоқ.  Қазақ футболының қаһарманы көз алдымызда осылайша, шөгіп бара жатты... 90-жылдар... Заманның қиын шағы. Футболшылар да, халықтың басқа табы секілді, азғантай ақша үшін тер төгіп, еңбек етіп жүрген кез.  Кенет Серік өзінің сүйген аруы Айгүлге үйленгісі келетінін достарына жеткізді. Осы кезде Алмас бастаған бірнеше футболшы үйлену тойды ұйымдастырып, алыс Қарағандыдағы Серіктің ата-анасынан бата алған. Тойда жастарға ұзақ ғұмыр мен берік денсаулық тіленіп еді. Сол тілектің қабыл болмағаны ма?!. Жаңа жылдың алғашқы күндерінде олар талантты футболшы, абыройлы  азамат Серік Жейлітбаевты қала сыртындағы мәңгі ұйқыға кеткен қауымның қатарына қосып келді. Біз қазір қартайып кеттік деуден аулақпын. Алайда уақыт озған сайын, жақын достарымыздан айырылып жатқан жайымыз бар. Тағдырдың  ісіне не істерсің?! Осыдан біраз уақыт бұрын Әнуар Нысанбаев есімді талантты футболшы да аты жаман аурудың кесірінен мерт болып еді. Енді ортамыздан Серік те кетті келмеске... Уақыт өтер, қайғының орны жазылар. Бірақ кейінгі ұрпақ, кейінгі қазақ футболшылары Серіктің жасыл алаңдағы ерлігін ұмытпаса екен деген ойым бар. Қайтыс болған футболшыларды еске түсіру мақсатында турнир өткізуді көптен миымда пісіріп жүргенмін. Қаржы жағы шешілсе, Самат Сымақов, Қайрат Нұрдәулетов, Руслан Балтиев секілді кәсіби ойыншылар доп тебетін турнир өткізгім келеді. Жақын достарымыздың жарқын жүзін ең болмаса, осылай еске алайын... Түйін: Серік Жейлітбаевты жасы үлкен жанкүйерлер жақсырақ таниды. Орташа бойлы, үнемі күліп тұратын қарағандылық жігіт үлкен футболға бойын тез үйреткен. Тіпті Серіктің ойынын көру үшін Алматының Орталық стадионын бетке алатын жергілікті жанкүйердің қатары қалың еді. Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы чемпионатында доп теуіп, бойын дерт меңдегенше жасыл алаңнан сырт қалмаған Серікті жоқтап сан мыңдаған жанкүйері қалды артында. Енді алаңдағы шеберлігі мен алаң сыртындағы  азаматтығы қатар тұратын Жейлітбаевтың ізін футболмен әуестенетін ұлы Аваль жалғастырады деген үміт бар. Бақұл бол, Серік! Біз сені ұмытпаймыз...

Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫ

P.S. Қазақстан Футбол федерациясы Серік Жейлітбаев атындағы сыйлықты тағайындады. Аталған сыйлық әр маусым сайын ел чемпионатында ең көп ойын өткізген футболшыға ұсынылады.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×