Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында 12 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионын салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Aladop.kz.
Жобаны жүзеге асыру үшін қосылған құн салығын есептемегенде 33,343 млрд теңге қарастырылған.
Uralskweek.kz мәліметінше құрылыс нысаны Ақжайық шағынауданында бой көтеруі мүмкін. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу порталында стадионды жобалау және салу бойынша тендер жарияланған. Тапсырыс беруші – Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы.
Техникалық тапсырмаға сәйкес, стадион жыл бойы жұмыс істеуге және кез келген маусымда қолайлы температураны сақтауға тиіс. Мұнда футбол матчтарымен қатар концерттер де өткізу көзделген. Арена УЕФА-ның төртінші санатынан төмен емес талаптарға сай болуы керек, ал жобалық құжаттама Еуропалық футбол қауымдастықтары одағымен келісілмек.
Кешеннің құрамына негізгі стадионнан бөлек, өлшемі 105 × 68 метр болатын жаттығу алаңы мен футбол академиясы кіреді. Академияда жатын орындар, оқу сыныптары, жаттығу залы, медициналық кабинеттер және футболшылардың қалпына келуіне арналған бөлмелер қарастырылады.
Стадионның инфрақұрылымына VIP және VVIP аймақтары, Skybox ложалары, баспасөз орталығы, VAR жүйесіне арналған бөлмелер, допинг-бақылау аймағы, киім ауыстыратын бөлмелер, жанкүйерлер аймақтары және клуб мұражайы кіреді. Автотұрақ кемінде 500 көлікке арналған болуы тиіс.
Сонымен қатар нысан заманауи қауіпсіздік жүйелерімен, бейнебақылаумен, телетрансляция жабдықтарымен және өртке қарсы автоматты жүйелермен қамтылады. Алаңға табиғи немесе гибридті көгал төселіп, жылыту, дренаж және автоматты суару жүйелері орнатылады. Концерттер кезінде көгалды қорғауға арналған арнайы жабын да қарастырылған.
Стадионның жобалау аумағы шамамен 28–35 мың шаршы метр болады деп жоспарланған. Ғимарат үштен бес қабатқа дейін салынып, трибуналардың астында қосымша 5,9 мың шаршы метрлік бөлмелер орналасады. Жобада аумақты көгалдандыру, демалыс аймақтарын және велосипед тұрақтарын ұйымдастыру да көзделген.