Шымкенттің «Ордабасы» клубының бас бапкері Андрей Мартин Қазақстан Премьер лигасының 28-туры аясында «Қайсарға» қарсы өткен матчқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Шымкенттік команда Қызылордада өткен кездесуде алаң иелерін 4:1 есебімен жеңді.
Маманның айтуынша, екі командаға да турнирлік кестедегі жағдайын жақсарту үшін ұпай қажет болған. «Қайсар» элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалу үшін күресіп жатса, «Ордабасы» чемпиондық мақсатынан үміт үзген жоқ. Сондықтан Мартин Қызылордадағы кездесудің оңай болмайтынын алдын ала түсінген.
Бас бапкер ұлттық құрамалардың матчтарына байланысты чемпионаттағы ұзақ үзілістің де командаға әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Мұндай үзілістер футболшылардың ойын ырғағына ықпал ететіндіктен, бапкерлер штабы кездесуге дайындық кезінде осы жайтты ескерген.
«Ең бастысы, жігіттер күрескерлік қасиет пен мінез танытып, командамыз бен клубымыз үшін маңызды үш ұпайды жеңіп алды. Ойыншыларды, клуб басшылығын, қаланы және жанкүйерлерді жеңіспен тағы да құттықтаймын», – деді Андрей Мартин.
Бұл жеңістен кейін «Ордабасы» 27 матчта 64 ұпай жинап, ҚПЛ турнирлік кестесінде көш бастады. Екінші орында келе жатқан «Қайраттың» еншісінде 60 ұпай бар. Осылайша, Шымкенттік клуб чемпиондық жарыстағы басымдығын сақтап, маусымның шешуші кезеңіне сенімді қадам жасады.