Дмитрий Карпов: «Олар чемпиондық үшін, ал біз болашағымыз үшін күресіп жатырмыз»

Бүгін, 10:03

Қызылордалық «Қайсар» клубының бас бапкері Дмитрий Карпов Қазақстан Премьер лигасының 28-туры аясында «Ордабасыға» қарсы өткен матчқа баға берді, деп хабарлайды Aladop.kz.

Дмитрий Карпов: «Олар чемпиондық үшін, ал біз болашағымыз үшін күресіп жатырмыз»

Қызылордалық команда өз алаңында Шымкенттіктерге 1:4 есебімен есе жіберді. 

Карпов алдымен стадионға жиналып, командаға қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтты. Сонымен қатар дербидегі жеңіліс үшін кешірім сұрады. Оның сөзінше, команда көп гол жіберіп алғанымен, матч соңына дейін шабуылдауды жалғастырып, есеп 1:4 болған кезде де бірнеше мүмкіндік жасаған.

«Ордабасы» чемпиондыққа таласып жатса, «Қайсар» Премьер лигадағы орнын сақтап қалу үшін күресуде. Карпов екі команданың да өз мақсаты бар екенін атап өтті. Бапкер ойыншыларға кездесуге дейінгі нұсқаулық кезінде осы айырмашылықты түсіндіргенін айтты.

Маманның пікірінше, футболшылардың матчқа деген ынтасында мәселе болмағанымен, дербидегі тартыс пен жігерді одан әрі күшейту қажет. Ол команда ойыншыларының жеңіліске қарамастан алға ұмтылғанын оң бағалады.

«Алдымызда үш суперфинал тұр. Соңғы бес-алты ойыннан бері осыны айтып келеміз. Бірақ бұл шынымен де өте маңызды. Әр финалдың өз орны бар», – деді Дмитрий Карпов.

Қазіргі уақытта «Қайсар» 27 ойыннан кейін 24 ұпай жинап, ҚПЛ турнирлік кестесінде 15-орында тұр. Команданы маусым соңына дейін шешуші үш кездесу күтіп тұр. Қызылордалық клуб үшін басты міндет – элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалу.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
×