«Қайрат» еурокубокте жерге қарай ма?

Алматылық клуб өткен жылы топтық кезеңде өнер көрсеткен жалғыз командамыз еді. Ал биыл бұл команда сол деңгейде өнер көрсете ала ма?

«Қайрат» еурокубокте жерге қарай ма?

Жеребе тарту рәсімі кезінде алматылық командаға жеңіл қарсылас түсті. Венгрияның «Кишварда» командасы еурокубокке қатысып көрмеген, жас команда. Өткен жылы Венгрия біріншілігінде бағы жанып, жүлделі орынға ие болды. «Ференцварош» клубына бәсекелес бола алмаса да, бұл ұжым екінші болып біріншілікті аяқтап, күміс жүлдегер атанды. Осыдан оншақты жыл бұрын бұл команда Венгрияның екінші лигасында жүрген екен. Үнемі қаржылық дағдарысқа ұшырап клуб жабылып қала жаздай берген. Соңғы 5-6 жыл бұл жағынан тұрақтылық орнап, «Кешварда» тұрақты өнер көрсете бастады. Енді биыл Конференция лигасында бақ сынап көрмек.

Біріншілік аяқталған соң командадан бірнеше легионерлер кетіп қалды. Олардың орнына 3 трансфер жасалынды. Оның бірі тәжірибиелі польшалық қорғаушы Рафал Маковски. «Шленск» Вроцлав командасынан ауысқан қорғаушы команданың негізгі ойыншыларының біріне айналды. Ал соңғы трансферге тоқталсақ ол украиналық футболшы Евгений Николашин. Жалпы Украинадағы жағдайға байланысты бұл елдің футболшылары шетелдік лигаларға көптеп кетіп жатыр. Соның ішінде дәл осы Венгрия біріншілігінде украин аяқдопшылары өте көп. «Кешварда» сапында онсыз да 3 украиналық өнер көрсетеді.

Қарсылас жеңіл түсті дегенімізбен «Қайраттың» өзінің жағдайы да қазір мәз емес. Бапкер ауысып, өтпелі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Құрбан Бердыевтің орнына қайтадан Кирилл Кекер келді. Ортада ойқастайтын Яцек Гуральски клубтан кеткенін мәлімдеді. Енді жарақат алған футболшылардың айыққанын күтуге тура келеді. Әйтпесе, академиядан шыққан жас ойыншылармен еурокубокте жорық жасау мүмкін емес. Хосе Канте, Жоао Пауло, Гүлжігіт Алықұлов секілді ойыншыларға сенім артылайын деп тұр.

«Қайрат» қазір ішкі біріншілікте 8-орында келе жатыр. Олар 12 ойында небәрі 16 ұпай жинаған. 19 маусым күні «Қайрат» өз алаңында «Мақтааралды» қабылдайды. Бапкер ауысып, ұлттық құраманың үзілісі жақсы әсерін берсе Кирилл Кекер командасымен осы матчта 3 ұпай еншілеуі тиіс. Біріншілік пен Қазақстан кубогының ойындары өтіп жатқаны «Қайратқа» қол болып тұр. Себебі, Конференция лигасындағы қарсыласы «Кешварда» қазір демалыста. Венгрия біріншілігі әлі әзір бастала қоймайды. Сондықтан да ойын тәжірибиесі жоқ командамен шайқасқалы тұр. Демек, алғашқы айналымнан мүдірмей өтуге тамаша мүмкіндік шығып тұр. Ал одан кейінгі қарсыласты жеребе көрсете жатар.

Ермұхамед Мәулен

0 пікір