Қазақ футболы қайтсе дамиды?

17.11.2011, 19:28
Қазақ футболы қайтсе дамиды?

Қазақ футболының бойына қан жүгірмей-ақ қойды. Оны дамыту үшін түрлі амалдар жасалды, жасалып та жатыр. Азия футбол конфедерациясынының құрамында қалсақ әлемдік деңгейде доп тебе алмаймыз деп туладық. Содан территориямыздың ұлтарақтай бөлігінің қарт құрлықта жатқанын бұлдап, УЕФА-ға мүшелікке ұмтылдық. Дегеніміз болды. 2002 жылдың 25 сәуірінде Стокгольмде УЕФА-ның конгресі өтіп, онда Қазақстан футбол одағы Еуропа футбол қауымдастықтары одағының құрамына қабылданды. Одан бері оншақты жыл өтті. Бірақ, қазақ футболы «қарыштамақ тұрмақ, адымдап дами алмады». Тіпті ФИФА-ның рейтингінде жүздіктің қатарына кіру «қияметің қыл көпірінен» өткеннен қиындап кетті. Неге? Бұл сұрақ спорттың осы түрінің басы-қасында жүрген мамандардан бастап спорт журналистерін, футбол десе делебесі қозатын жанкүйерлерді қатты толғандырып жүр. 

Іріктеу турнирлерінен өте алмай-ақ қойдық

Статистикаға жүгінейік. УЕФА-ға өткелі Қазақстан ұлттық құрамасы екі мәрте Еуропа чемпионатының, екі рет Әлем біріншілігінің іріктеу турнирлеріне қатысыпты. Ішкі чемпионаттағы командаларымыз бірнеше жылдан бері Еурокубоктық жарыстарда бақтарын сынып келеді. Ешқайсының нәтижесікөңіл көншітпейді. Қараңыз.Біздің команда2006 жылы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағыеуропалық іріктеу тобындағы алғашқы ойынын 2004 жылдың 8 қыркүйегінде бастады. Түркия, Дания, Грекия, Украина, Албания және Грузияға қарсы ойнадық. Бұлардың алғашқы төртеуінің бәсі біздің командадан жоғары болғандықтан,Германияда өткен Әлем чемпионаты бізге есігін айқара ашпайтынын ішіміз сезсе де, Албаниямен алысуға, Грузиямен жұлысуғақауқарлымыз деп ойлағанбыз. Бірақ, олай болмады. Ол іріктеу турнирінде 11 ойында жігеріміз құм болды, тек бір кездесуде тең ойнадық. Тиісінше жалғыз ұпаймен жұртта қалып қойдық. Қарсыластарымыз қақпамызды 29 мәрте қақыратса, біз небәрі 6 доптоғыта алдық. Деңгейіміз шамалас деген Албания 13 ұпай, ал Грузия 10 ұпай еншілеп, қараларын көрсетпей кетті. Жолдастық кездесулердің көбінде жолымыз болмады. Бұл бір ғана мысал. Қалған іріктеу турнирлерінде де салымыз суға кетті. Әрине, арасында Еуропаның кейбір ортаңқол командаларын ұтқан кездеріміз де болды. Бірақ, жалпылама алғанда жерлестеріміз жүйелі ойын өрнегін көрсете алмай келеді. Біздің команда жақында аяқталған 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде де сүреңсіз ойнады. Германия, Түркия, Бельгия, Австрия және Әзірбайжанмен кездескен жерлестеріміз он ойынның сегізінде жеңіліп, топта соңғы орынды місе тұтты. Тым болмаса Әзірбайжанның алдына түссек деген арманымыз орындалмады. Бұл іріктеу турнирінде де баяғы жүйесіз ойынға, шашыраңқы шабуылға, қауқарсыз қорғанысқа куә болдық. УЕФА-ның қанатына кіргелі бапкерлер де құтаймай-ақ қойды. Аттай қалап алдырған шетелдік мамандар футболшылармыздың бабын таба алмады. Сонда гәп неде, кілтипан қайсы?

Сәтсіздіктерміздің себептері қандай?

Ұлттық құраманың осыған дейінгі іріктеу турнирлерінде сәтсіз ойнағанының себептері жетіп артылады. Соның бірқатарын тізіп шықсақ. Біріншіден, құрамадағы ойыншылардың кәсіби шеберлігі төмен. Олардың физикалық та, моральдік те дайындығы еуропалық ойыншылардың деңгейінен көш кейін. Басты себеп –бізде заманауи база әлі қалыптаспаған. Бұл ойынға кері әсерін тигізіп жатыр. Футболшыларымызалаңда бірін-бірі жақсы түсінбейді. Соның салдарынан пас алмасу кезінде көп қателіктер жібереді. Сосын сылбыр қимылдайды.Допты ұршықша иіріп, ырқына бағындыру көбісінің қолынан келмейді. Тағы бір осал тұсы – шабуылды жүйелі ұйымдастыра алмайды. Жүйесіздік – теңбіл доптың тентіреп кетуіне ұласып жатады. Өкінішке қарай, құрамада команданы жігерлендіретін, соңынан ерте алатын мықты футболшы жоқ. Әйтпесе, Аргентинаны алаңға бастап шығатын Мессидің өзі неге тұрады? Немесе португалиялық футболшыларды рухтандыратын Роналдо мен англиялықтардың мақтанышы Руниге кім сүйсінбейді? Тіпті кеше ғана бір шекпеннен шыққан Ресей, Украина, Белорус, Грузия футболында да команда сенім артатын серкелер көптеп шығып жатыр. Тағы бір кемшілігіміз - қорғанысымыз сын көтермейді. Бұған талай мәрте көзіміз жетті. Футболшыларымыз 90 минут бойғытынымсыз ойынға шадамай, соңғы сәттерде доп өткізіп алып, жанкүйерлерін талай жабырқатты. Осынының барлығы - Қазақстан спортына, соның ішінде футболына күрделі реформа қажеттігін білдіреді.Онсыз Әлем біріншілігі тұрмақ, Еуропа чемпионатына жолдама алуымыз неғайбыл.

Қазақ футболына күрделі реформа керек

Футболшыларымыздың шеберліктеріне қатысты тағы бірер сөз. Біз олардың кәсіби деңгейінің төмендігін Испания, Германия, Англия, Франция, Италия, Бразилия және әлемдегі өзге де мықты құрамалардың ойыншылары сияқты оқу-жаттығу базасы заманауи технологиялармен жабдықталған ғимараттарда жаттықпағанымен және кәсіби деңгейі жоғары, білікті жаттықтырушының нұсқауларын тыңдап, тәлім-тәрбиесін көріп, біліп өспегенімен де байланыстырғымыз келеді. Сондықтан болашақта қазақ футболын әлемдік деңгейге көтереміз десек, бізге бірқатар түйткілді мәселелерді шешу қажет. Ол үшін, ең алдымен, футболдың инфрақұрылымын дамыту маңызды. Яғни, республикамыздың әр аймағында жасөспірімдерді футболға баулитын, оқытып, дайындайтын заманауи базаларды қалыптыстыруымыз керек,стадиондарды әлемдік стандарттарға сәйкестендіру қажет.Спорт мектептерінеқарадомалақтарды көптеп тартқан жөн. Бұл доп тебуге икемі бар балалардың шеберліктерін шыңдап, кәсіби деңгейгекөтерілуінеықпал етеді. Ал, бұл арманның талай қарадомалақтың көкейінде сайрап жатқанына бәс тіге аламыз. Футболы дамыған шетелдерде бұл іс жүйелі түрде жолға қойылған. Жоғарыда аттары аталған футболшылардың барлығы осындай мектептің түлектері.

Сонымен қатар шетелдерден «сайда саны, құмда ізі жоқ» мамандарды тарта бермей, білікті кадарларға, психологтарға құда түсу қажет. Мәселен, голландиялық білікті маман Гус Хиддинг жаттықтырған Корея құрамасы 2006 жылы өз елінде өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанын ешкім ұмытқан жоқ. Немесе немістің тәжірибелі маманы Отто Рехагель баптаған Грекия сынды бір кездегі ортаңқол командаіріктеу турнирінен сурылып шығып қана қоймай, Франция, Италия, Португалия, Испания, Англия тәрізді азулы командаларды сан соқтырып, 2004 жылы Еуропа чемпионы атанғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Қазір Грекия құрамасымен әлемнің азулы командалары санасады. Хиддинг рухтандырған корей футболы да қарыштап дамып келеді. Әлемде мұндай тәжірибе жақсы жолға қойылған және осылай істеу арқылы футболын дамытып отырған мемлекеттер аз емес. Бұл істі жолға қоя білсек, футболымызды дамытып қана қоймай, жергілікті жаттықтырушылардың да жаңа мектебін ашуға мүмкіндік туар еді.

Құрамадағы қарадомалақтардың қарасын көбейсе игі

Тағы бір өзекті мәселе: қазіргі өгізаяң қалпымыздан арылу үшін ұлттық құрамадағы қазақтардың шоғырын көбейту керек. Себебі, спорттың қандай түрінде болмасын жеңіске жету үшін адам бойында ұлттық рух жоғары болуы тиіс, буырқанған намыс тыным бермеуі керек. Онсыз биіктерді бағындыру қиын. Өкінішке қарай, Қазақстан ұлтық құрамасында өнер көрсететін ойыншылардың бойында басқа кемшіліктерді былай қойғанда, әзірге осы қасиеттер кемшін түсіп жатқан сияқты… Әрине, үлкен жеңістер қиыншылықтарсыз, тер төгусіз, жеңілістерсіз келмейді. Адал төккен тердің ерте ме, кеш пе өтеуі болатынын ескерсек, қазақ футболы үшін «бөркімізді аспанға атып қуанатын» күндердің ауылы алыс еместігіне сенгіміз келеді.

Ернұр АҚАНБАЙ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×