Қазақ футболына көшбасшы керек

21.11.2010, 23:38
Қазақ футболына көшбасшы керек
Не нәрсенiң де мақсаты болады. Сол мақсаттың жолында өшпес арман атты тәмсiл қатар қалықтайды. Аңсаған арманға жету үмiтпен өлшенетiнi тағы бар. Бiз айтып отырған мақсат, арман, үмiт атты дерексiз зат есiмдер неден туындауы мүмкiн? Бiз қай кезде әлсiзбiз, қай тұста көп армандаймыз? Айтпағымыз елдiң саясаты емес, халықтың әл-ауқаты емес, тонның iшкi бауындай шырмалған көп дiндiлiк те емес. Көптiң көңiлiнен шыға алмай жүрген бiрегей нәрсе – ол қазақ футболы. Аяқ доп өнерi әлемдiк спорт саласындағы командалық сипаттағы ең белсендi ойын. Оған ешкiмнiң дауы болмас. Статистикалық мәлiметтерге сүйенер болсақ, адам баласының ең көп қызығатын дүниелерiнiң бiрi есiрткi көрiнедi. «Дiн – апиын» деген қолданыстағы тiркестiң өзi осыдан шықса керек. Ал одан кейiнгi пенде атаулының көп қызықтайтыны – осы аяқ доп өнерi. Әйтсе де, жасыл алаңда ала доп тебушiлерге деген қазақи көзқарас қалай? Өкiнiштiсi, қазақ футболының көрсеткiшi тым артта қалған. Оны халықтың бағалауы да мәз емес. «Қазақтың футболын қойшы» деген сөздi жиi естимiз. Яғни, бұл – қазақ футболы көптiң алғысын ала алмай жүр деген сөз. Құрамада өнер көрсететiн 11 ойыншыға деген халықтың өкпесi де қара қазандай. Бiле бiлсеңiз, әрбiр нәрседе де «көшбасшы» деген ұғым қатар жүредi. Ендеше, әлемдiк спорт саласындағы көшбасшы деп футболды санаймыз. Өмiрдiң спорт атты жолынан қаншама саңлақтар жүрiп өттi. Оның бiрi есiмiзде, ал бiрiн ұмытып қалдық не болмаса мүлдем естiмегенбiз. Бiрақ, футбол құдайы саналатын бразилиялық Пеленi, басқасын былай қойғанда, бесiктегi баланың өзi бiледi. Тiлi жаңа шыққан баланың мамасы – Марадонна, папасы – Пеле. Бразилиялықтар мен аргентиналықтар осы екi есiм арқылы өз мемлекетiн бүкiл әлемге танытып отыр. Осы екi тұлғаның iзiмен бұл мемлекеттерде үздiксiз жалғасып, жаңа есiмдер пайда болып жатыр. Оңтүстiк Америкаға саяхатымызды тоқтата тұрып, аунасақ иығымыз тиейiн деп тұрған көршiлерiмiзге назар аударайықшы. Бүгiнгi таңда, әлем халқы Медведевке қарағанда Аршавиндi жақсы таниды. Себебi, Андрей Аршавин бүкiл ел үмiт еткен орыс футболының тiзгiнiн ұстап тұр. 2008 жылы өткен Еуропа чемпионатында «айналайын, Аршавин» деген сөздi орыс тұрмақ, қазаққа дейiн айтып қалды. Жылы сөзiмiз қазаққа емес, айдаладағы Аршавинге бағышталып жатыр. Әлемдiк тiзiмде 130-орынға әрең деп қол жеткiзгенiмiздi мақтан санап отырғанда, өзбек ағайындар шаңына iлестiрмей, алыстан қол бұлғап кетiп барады. Қазақ футболының дәрежесi Ресей құрамасына жетуiн қайдам, өзбектерге-ақ жетiп алса, бөркiмiздi аспанға атар едiк. Тағы бiр көршiмiз бар. Ол – Қытай елi. Олардың да жағдайы бiздiкi секiлдi. Екi елдiң ауруына бiр ем керек. 1,5 миллиард халықтың iшiнен жөнi түзу 11 футболшы көрiнбей отыр. Бiрақ бiзге осыдан кейiн «15 миллион адамның iшiнен қалай шықпақ?» деп сылтауратудың қажетi шамалы. Себебi, аспанасты елi футболсыз-ақ спортын ретке келтiрiп алған. Бiлгiштердiң айтуынша аяқ доп өнерi қытайлықтардың қанында жоқ құбылыс көрiнедi. Бiрақ, футбол тарихын зерттеушiлер ағылшындар бұл ойынды негiзiнен қытайлардан алған деседi. Қанында жоқ қасиет туралы сөз қозғау қаншалықты шындыққа жанасады екен. Әншейiнде, қазақ қандай нәрсенi болсын тез игерiп кетедi деушi едiк қой. Ендеше гол соғуға неге батылымыз жетпейдi. Мүмкiн бұл батырдың жоқтығынан не болмаса бапкердiң бостығынан шығар. Қазақтың белгiлi спорт шолушысы Амангелдi Сейтханның «Қазақ футболына Гус Хиддинк түгiлi жүз Хиддинк келсе де, дәл осы қалпында қала бередi» дегенi бар. Мүмкiн бұл сөз бiр сәттiк қазақ футболына деген ренiш үстiнде туған пiкiр болар. Әйтпесе, қаншама уақыт қарайып қалған орыс футболы осы голландиялық бапкердiң еңбегiмен қайта тiрiлдi ғой. Кейiнгiге куәгер өзiмiз, Гус Хиддинк барған жерiнiң бағын ашып жатыр емес пе? Өткен маусымда Ресей құрамасын ширек финалға дейiн апарып, аты шулы испандықтардан ғана тiзе бүккенi есiмiзде. Одан кейiн ағылшындық «Челсидiң» қожайыны, қалталы жiгiт Роман Абрамовичтiң разылығына ұшырап, 2002 жылы әлем чемпионын жасаған бразилиялық бапкер Луис Филипе Сколаридiң орнын басқаны тағы бар. Демек, өшкенiмiздi жаңғыртуға, өлгенiмiздi тiрiлту үшiн осындай бапкердiң ауадай қажет болып тұрғанын сезбейтiн шығармыз. Қазаққа бiткен бапкердiң барлығы әйтеуiр жарамсыз болып шығып жатыр. Содан кейiн ғана қазақ футболының диагнозын дәл қойып айта аламыз. Спорт шолушысы Амангелдi Сейтханның айтқан пiкiрiнiң дәлдiгiн де сол кезде ғана ажырата алатын болармыз. Өткен жылдың күзiнде Ресей Ұлттық құрамасы мен Қазақ Ұлттық құрамасының арасында футбол бәсекесiнен жолдастық кездесу өткен болатын. Осы ойында жерлестерiмiз 6:0 есебiмен ойсырай ұтылғаны есiмiзде. Ұтылғанымыз былай тұрсын, мұның арты одан да үлкен абыройсыздыққа ұшыратты. Ойын бiткеннен соң, Ресей құрамасының аяқдопшыларының берген сұхбатында «Қазақ футболының дәрежесi бiзден әлдеқайда төмен» дегенiнен мына қара құлақ хабардар. Дәл осындай жеңiлiс Түркия құрамасымен кездескенде де болған. Олар не демедi дейсiз? Демек, бiз аяқдоп өнерiн бiр жолға қоюымыз керек. Әйтпесе, әлгiндей сөздi өзбек ағайындардан да естiп қалуымыз ғажап емес. Қазақ футболына орыстардың – Аршавинi, уругвайдың – Форланы, балгарлардың Бербатовы секiлдi көшбасшылар керек. Бүткiл командадағы тепе-теңдiктi сақтайтын күдiре футболшы керек жасыл алаңға. P.S. Жоқ, жоқ деп қайғыра берудiң де қажетi шамалы. Қазақтың футболдан бөлек спортында жетiстiктерiмiз жоқ емес. Оның барлығын тiзбектеп отырғымыз да келмейдi. «Бiрағы» тағы бар, футболсыз қазақ спорты аяғын тең баса алмай отыр. Қай мемлекетке қарасаңыз да, қаржының барлығын осы спорт түрiне аямай төгiп, тiптi шоу-бизнеске айналдырып жiбердi. Өйткенi, футбол өнерi әрбiр мемлекеттiң спорттағы әлеуетiн көрсететiн спорт бәсекесi. Жағрафиялық бiлiмi таяз небiр жандар Сенегал, Камерун секiлдi мемлекеттердiң қайда орналасқандығын осы аяқдоп өнерiнiң себебiмен танып жүр. Ал бiздегi жағдай мүлдем басқаша. Алға қарай жылжудың орнына, артқа қарай сырғып бара жатырмыз. Мысалы, өткен жылы Алматы қаласының намысын қорғайтын қазақ премьер-лигасында бiрде-бiр команда болмады. Мұның барлығын бiр сөзбен «дағдарыс» деген сылтаумен жауып тастады. Егер дәл осылай «дағдарысты» дәйек ете берер болсақ, қазақ футболынан мүлдем айрылып қалуымыз мүмкiн. Мақсатымыз маңызды, үмiтiмiз үзiлместей, арманымыз амалмен орындалатын күн тудыру үшiн не iстемек керек? Ұлттық құрамаға шетелден футболшы әкеле алмаймыз, есесiне шетелден бапкер әкелу құқығына иемiз ғой. Әзiрге Бернд Шторктың орны қаңырап бос тұр. Арнайы жаңадан тұсауын кескелi отырған www.aladop.kz сайты үшiн  Жандос БАЙДІЛДА
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×