Қазақ футболының қаржысы қайда кетуде?

27.06.2015, 21:51
Қазақ футболының қаржысы қайда кетуде?
imgpreviewҚазақ футболының дамымай жатқанына себептер жеткілікті. Инфроқұрылым нашар, жастар футболына көңіл бөлінбейді, чемпионатымызда легионерлер қаптап жүр тағы басқа жағдайлар. Иә, әрине ондай жағдайлардың да ақсап тұрғаны футболдың дамуына кері әсерін берері сөзсіз. Бірақ, біздің футболдың дамуына тежеу болып тұрған басты проблема одан да емес. Басты ақау – бір адамда. Ол – Әділбек Жақсыбековте емес, Ерлан Қожағапановта да емес. Ол – Саян Хамитжанов. Алдымен Саян батырдың кім екеніне және оның қайдан келгеніне тоқталып өтсек. Саян Хамитжанов дзюдомен айналысқан. 90-жылдардың бел ортасында спортты тастаған соң, аты аталмайтын бір тұлғаның оққағары болып қызмет істеген. Сол жылдары Астанада «Цесна» холдингі құрылып, Саян сонда ауысады. «Цеснаның» жұмысы алға басып, бұл ұйым үн шығарады, зауыт салады, банк ашады. Ал ол кезеңде бизнеспен, коммерциямен айналысу үшін қылмыстық топтардан кем түспейтін жасағың керек болатын. Рэкетирлер заманында бір-бірін талап жеп жүрген шақта «Цеснаны» қорғаштауға осындай арнайы топ құрылды. Спортта жолы болмағаны бар, болғаны бар кілең зіңгіттей қазақтың жігіттері сұрыпталып алынып, арнайы жасақ құрылады. Сол топтың жетекшісі – Саян батыр еді. Әділбек Жақсыбеков пен Саянның бизнесте қолдары жүріп, тастары өрге домалайды. Қыруар қаржының көмегімен Әділбек билікке ұмтылып, Саян оның тылында қалады. Ал осы күні Жақсыбековтің Елбасымен жақсы екенін барлықтарыңыз білесіздер. Рахат Әлиев футболдан қыруар қаржы табуға болатынын көрсеткен соң, қуғынға ұшыраған күйеубаланың орнына отыра қалды. Бірақ, Әділбек Жақсыбеков футболға аса қатты қызыққан жоқ. Оның өзге де шаруалары жеткілікті болатын. Сондықтан да, бүкіл Қазақстан футболы автоматты түрде Саянның қолына көшті. Иә, ол осы күнге дейін әртүрлі қызметтерде келеді. Бірде, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті, бірде «Жеңіс» командасының басшысы болып та жүрді. Бірақ, соңғы 10 жыл көлемінде Саян Хамитжанов Қазақстан футболын жеке меншігіне айналдырып үлгерді десек қателеспейміз. Біріншіден, Саян мырза қолда бар билікті өте тиімді пайдаланып, қосымша агенттік қызметтер көрсететін компания ашты. Яғни, шет елдік футболшыларды Қазақстандық командаларға сатады. Агенттік бизнес нағыз делдалдықтың көкесі. Футболшыларды алып-сату. Бұл сала Еуропада өте қарқынды дамып кеткен, және ол жақта бәсекелестік өте жоғары. Еуропаның мықты ірі агенттік кеңселеріне Қазақстан футболы аса қатты қызық емес. Себебі, шалғайдағы Қазақстанға барып доп тебуге жоғары сапалы футболшылар келісе бермейді. Қазақстандағы премьер-лига клубтарының легионерлер санының да көбеюіне тікелей ықпал жасаған да Саян Хамитжанов екенін білу үшін аса қатты ойланудың да керегі шамалы. Ал кезінде 21 жасқа толмаған жастар әр командада міндетті түрде алаңға шықсын деп те жарлық шығарған кезде Саянның ықпалы болды. «Цесна» холдингі ашқан футбол академиясының түлектерін ешбір футбол командалары алмай қойғаннан кейінгі, амалсыз әрекет осы еді. Бұл нағыз қинап-тыққыштап, зорлау болатын. Мысалға ала кететін болсақ, Виктор Дмитриенко, Валерий Коробкин, Алексей Мулдаров секілді көптеген ресейден келген футболшылар Саянның агенттігіне тиесілі футболшылар. Олардың әрқайысысының трансферінен түскен ақша бір бөлек, әлгі футболшылардың әрбірінің жалақысынан үстеме пайыздар көретінін де осы күні біраз адам біледі. Еліміздегі легионерлердің сапасыз болуы, әрі олардың мөлшерден тыс көп екені көзге көрініп тұр. Содан кейін ұлттық құраманың жағдайы мүшкіл. Мысалы премьер-лигадағы 12 клубтың әрқайсысының негізгі құрамында 5 легионер өнер көрсетсе, қалған 3-еуі тек алаңға алмасып қана шығады. Әр командада қақпашыны есептемегенде он ойыншы. Оның бесеуі легионер болса, бір футболшы жасы 21-ге жетпеген, енді үлкен футболға аяқ басқан жас болса, қалған 4 футболшы ғана Қазақстан ұлттық құрамасына алынуы мүмкін. Премьер-лига клубтарының қосалқы құрамында жүрген футболшыларды ұлттық құрамаға алу қисынсыз әңгіме. 12 командадағы 4 футболшыңыз жалпы саны 48 футболшы болмақ. Ал құрама команда сапына 24 футболшы алынатынын ескерсек, онда премьер лигада ойнап жүрген қазақстандық футболшының екінің бірі бас командаға алынады деген сөз. Бұл легионерлер шектеуінің осалдығы түбі ұлттық құраманың нашар нәтиже көрсетуіне әкеліп тірейтініне осы жерден ақ көз жеткізуге болады. Яғни бәсекелестік өте төмен. Ұлттық құрамаға алынуға осы күні талпынып жүрген футболшыны аз байқайтынымыз да сондықтан. Өйткені құрамаға алыну үшін өз позицияңдағы бір футболшыдан мықты болсаң жеткілікті. Құрамадағы орын сенікі. Осы легионерлер базарын басқарып отырған Саянның «ақша жасау» үрдісіне ешкім кедергі бола алмай отыр. Премьер-лига клубтарындағы көптеген спорттық директорлар мен клуб президенттері Саянның кеңсесімен тығыз байланысты. Ойдан құралған сомаға құжаттар дайындалады, клубтан шыққан қаржы үш-төрт жерге бөлінеді. Айналып келгенде облыстық бюджеттен командаға бөлінген біршама қомақты сума талан-таражға түспек. 10-12 миллион доллар бюджетті бір маусымда тауысатын біздің клубтардың легионерлерінің сапасы сын көтермейді. Дәл сондай бюджеті бар Шығыс Еуропалық командалар еурокубоктық жарыстардың топтық кезеңінде ойнайды. Әрине, тізе берсек мұндай жағдайлармен таң атыруға болады. Қазір, осы күні Федерациядағы жаңа басшылық пен Саянның арасында кикілжің бар секілді. Саян Хамитжанов басқаратын «Астана» футбол клубына қарсы жұмыс жасалынып жатқандай. Ойын сайын төрешілер елордалық клубты қыспаққа алуда. Саянның иелігіне қол созушылар табылды деген сөз. Үлкен батпан құйрыққа таласқандардың түбі не боларын тамашалау ғана қалып отыр. Футболға жаны ашып, бір шаруа тындырайық деген адамдар әзірге көрінер емес. Демек, ел футболының аяққа тұруына да біршама уақыт қажет деген сөз.

Елжас ӘУРЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×