Қазақстан құрамасына бас бапкерлікке Красножан лайық па, Қожағапанов мырза?

20.04.2015, 03:23
Қазақстан құрамасына бас бапкерлікке Красножан лайық па, Қожағапанов мырза?

Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапановқа ашық хат!

Құрметті Ерлан Тоқтарханұлы! Сіз елдің саяси элитасындағы халық үміт артқан азаматтардың бірісіз. Кейінгі жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары, республика Спорт агенттігінің төрағасы қызметтерін атқардыңыз. Астанадағы тірлігіңізден бейхабар болғандықтан, елдің спорт басшылығындағы қадамыңыз туралы біршама тоқталайын. Сіз тілге шешен, ширақ басшысыз. Республика спортының тізгінін ұстаған сәттен іскер, дарынды адам екеніңізді бағамдадық. Көп жылдан бері республикалық спорт комитетінің құрығы жетпей, еркінси бастаған аймақтар сіз тізгін ұстаған сәттен бастап ұйқыдан айрылды. Себебі, Ерлан Тоқтарханұлы, қазақ спортының негізгі тірегі, бары мен базары облыстар мен Астана, Алматы қалалары екенін анық ұқтыңыз. Ұқтыңыз да, қамшыны бастыңыз. Аймақ-аймақты аралап, нәтижелерін саралап, қызығы мен шыжығы мол коллегиялар ұйымдастырдыңыз. Сол кезде елдің әр қиырындағы талай мамандар сізге кәдімгідей сүйсінді. Алматыдағы коллегияға мен де қатыстым. Алматы қаласы спортының қордаланып қалған проблемалары көп талқысына ұсынылды. Қызу әңгіме болды. Талай мәселе қозғалды. Шыны керек, кезінде КСРО спортындағы мықты орталықтың бірінен саналған Алматының спорт мамандары сол күні бір серпіліп қалып еді. Одан кейін Шымкентте алқалы жиын ұйымдастырдыңыз. Біз оған бара алмадық. Бірақ, жиын үстінде талай облыстың спорт басшыларын орнынан тұрғызып, қызартқаныңызды естідік. Хош, ұзамай қызметтен кеттіңіз. Себебін біле алмадық. Көп ұзамай қазақ футболының екі тізгін, бір шылбырын ұстадыңыз. Иә, футбол деген домаланған доп секілді тұрақсыз дүние. Әсіресе, қазақ футболы. Еуропа додасына қосылғанымыздың бір артықшылығы, республика футболының нақты деңгейін біліп отырасың. Азия додасында ала-құла құрама көп. Қатарынан бірнешеуін ұтып жіберсең, өзіңді мықты санап, кәдімгідей қодырайып, танаурап қалуың мүмкін. Ал, әлем футболының небір саңлақтары ойнайтын Еуропада олай еркелей алмайсың. Германия, Голландия, Чехияны айтпағанда, өзімізбен шеберлігі шамалас Латвияны ұта алмай пұшайман болдық емес пе? Армян мен әзірбайжаннан ұпай алу біздің аяқдопшылар үшін Сахараны жаяу кесіп өтуден қиын шығар. Сіздің осындай көші қисайған салаға неге қызыққаныңызды біле алмадық. Хош, басшы боп келген екенсіз, қадамыңыз құтты болуына тілектеспіз. Ерлан Тоқтарханұлы, өткенде Қазақстан құрамасы Астанада Исландиямен алаңға шықты. Исландия әлемдік футболдың төріне шыққан ел емес. Турасын айтсақ, осы уақытқа дейін әлем және Еуропа чемпионаттарының финалдық кезеңінде ойнап көрмепті. Осыдан-ақ бұл команданың шамасын байқауға болады. Исландияның бар-жоғы 300 мыңнан асатын халқы бар. Яғни, Қызылорда облысы тұрғындарының жартысына да жетпейді немесе оңтүстіктегі Мақтарал ауданының халқымен шамалас. Қызығы сол, біздің бір аудандай ғана адамы бар Исландия Астананың төрінде халқы 17 миллионнан асатын Қазақстанды 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Осыдан ұғатынымыз: спорттық шеберлік халықтың санына байланысты емес екен. Сен қанша мол болғаныңмен, озық баптау жүйең және ұтымды селекция, ұлттық рух болмаса, көптігіңнен пайда жоқ екен. Кезінде 15 миллион халқы бар Куба боксшылары 250 млн. адамы бар Кеңес одағын, 300 млн. АҚШ-ты, миллиардтан асатын Қытайды дырдай ғып сабайтын. Немесе қысқы спорттағы Норвегияны алыңыз. Бес миллиондай ғана адам тұрады. Соған қарамастан АҚШ, Ресей, Германия, Қытай секілді алпауыттарды жолда қалдырады. Исландия аладопта мұндай мықты емес, бірақ біз секілді қаражаяу деп тағы айта алмайсың. Былтыр Түркия, Голландия және Латвияны тас-талқан қылды. Үш матчта сегіз гол соқты, өз қақпасы доптан аман. Сол қарқынмен бізді де жерге қаратып кетті. Қазақстан құрамасына қарап отырып, қарның ашады. Жігіттерде от жоқ. Өз топырағында миллиондаған отандасының көз алдында қақпасына доп жіберіп жатып, намысқа басуға жарамады. Баяғыда Алматының «Қайраты» Киевтің «Динамосына» бір доп соқса, іле-шала алаңда дауыл тұрғызушы еді. Сегіз-тоғыз жігіті КСРО құрамасында ойнайтын «Динамоның» екі аяғын бір етікке тығып, атына теріс мінгізіп жіберетін. Ол кездегі Кеңес құрамасы қазіргі Исландия емес. Бразилия мен Германияның өзі байқап-байқап ойнайтын азулы команда еді. Ал «Динамо» Еуропа чемпиондары кубогының иесі. Қазіргі «Бавария» мен «Барселонаның» деңгейінде. Шынымды айтайын, Ерлан Тоқтарханұлы, сіздің қазіргі құрамаңыз сол кездегі «Қайраттың» қасында жіп есуге жарамай ма, деп қорқамын. Енді қазақ спортының тілеулесі ретінде ұлттық құраманың азусыздығының себептерін іздеп көрейік. Біздің ойымызша, басты себептің бірі бас бапкерде жатқан тәрізді. Юрий Красножан өңіне қарасақ, жаман адам емес. Бірақ жақсының бәрі білікті бапкер бола алмайтынын білесіз. Енді Красножанның жаттықтырушылық өмірбаянына тоқталсақ. 2004-2010 жылдары Нальчиктің «Спартагының» бас жаттықтырушысы болыпты. Команданы Ресей премьер-лигасына алып шыққаны және команданың ел кубогының ширек финалында ойнағаны Красножанның жетістігі болып табылады. 2010 жылдың соңында ол Мәскеудің «Локомотивіне» бас жаттықтырушы болып бекіді. Өкінішке қарай, араға алты ай салып, 2011 жылы жазда қызметінен босап қалды. Себебі, «Локомотив» қатардағы команда емес, бүкіл Ресей көз тіккен – тарихы бай, абыройлы клуб. Красножан темір жол командасын өрге сүйреп кете алмады. Осы жылғы шілденің басында Юрий Красножан Ресейдің екінші құрамасының бас жаттықтырушысы болды. Бірақ, көп ұзамай екінші құрама тарқап, Красножан «Кубаньға» ауысты. Онда да көп тұрақтай алған жоқ. Махачкаланың «Анжи» клубына барған Юрий Анатольевич 2012 жылы ақпанда өз еркімен қызметінен кетті. Себебін білмейміз. 2012 жылы тамызда біздің кейіпкеріміз Краснодардың «Кубань» командасының тізгінін ұстады. Неге екенін қайдам, арада жарты жыл өткенде, 2013 жылы қаңтарда клуб басшылары Красножанды кері қайтарды. 2013 жылы мамырдың соңында Юрий Анатольевич Грозныйдың «Терек» командасының бас жаттықтырушысы болып шыға келді. Бірақ Красножан қызу қанды шешен жанкүйерлерінің көңілінен шыға алған жоқ. 14 турда команда 1 мәрте жеңіп, 6 рет тең түсіп, 7 ойында сәтсіздікке ұшырады. Мұндай нәтижемен алысқа бармайтының белгілі. 2013 жылы қазан айының соңында клуб жетекшілері Юрий Красножанмен арадағы келісім-шартты үзді. 2014 жылдың басында Қазақстан футбол федерациясы Юрий Красножанды ұлттық құрамаға бас жаттықтырушылыққа шақырды. Бәлкім, федерация басшылары Красножанның Нальчиктің "Спартагын" Ресейдің жоғары тобына шығарған еңбегін ескерген болуы мүмкін. Десек те, қазақта «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды», деген аталы сөз бар. Ресейдің ортаңқол командаларында жұмыс істеген маманды біз ұлттық құрамаға бас жаттықтырушы етіп тағайындағанымыз қателік болған сияқты. Ерлан Тоқтарханұлы, бұл жерде Юрий Красножанды қасақана төмендету, оның ар-намысына тиюді көз деп отыр ған жоқпыз. Қазақстан футбол федерациясындағы жауапты адамдардың мемлекеттік мүддеге, ұлттық намысқа атүсті қарағанына жанымыз ауырып отыр. Сонда федерацияға елдің намысы, қазақ футболының жағдайы көк тиын болған ба? Дәл Красножанның дәрежесіндегі жаттықтырушылар өзімізден де табылатын еді. Енді Юрий Красножан баптаған құраманың Еуро-2016 турниріндегі нәтижелеріне көз салайық: Қазақстан – Латвия – 0:0, Голландия – Қазақстан – 3:1, Қазақстан – Чехия – 2:4, Түркия – Қазақстан – 3:1, Қазақстан – Исландия – 0:3. Кезінде Латвия командалары «Қайраттың» қолына су құюға жарамайтын. Қазір оларды Астанада жеңе алмайтын халге жеттік. Қалған құрамалар қанша мықты болғанымен, 5 ойында 4 доп соғып, өз қақпамызға 13 доп жіберу ұлттық құраманың тым әлсіздігін білдіреді. Яғни, Красножан мырза команданы жігерлендіре, бір мақсатқа жұмылдыра алмады деген сөз. Кезінде Ресейге Хиддинкті шақырғанда орыс футболшылары қалай ойнады?! Ресей дзюдошыларын Лондон олимпиадасына итальян маманы Эцио Гамба баптап еді, орыстар ағылшын жерінде тау қопарды. Тоқсан алтыдан бері Олимпиада «алтынына» қолы жетпеген Ресей бұл жолы үш бірдей алтын медальмен командалық бас жүлдені жеңіп алды. Біздің ауыр атлеттерді Әнуар Түркелери жаттықтыра бастап еді, Қазақстан аз ғана уақыт ішінде дүние жүзіндегі ауыр атлетика державасына айналып шыға келді. Ал аяқдопты Красножанға тапсырып едік, жұртқа күлкі болып, көш соңында қалдық. Ең жаманы, ұлттық құрама жеңіліске әбден бой үйретіп алған тәрізді. Себебі, «бізге қалың елім қарап отыр-ау, біз жеңілсек, бізбен бірге бүкіл мемлекет жеңіледі», деген перзенттік, азаматтық сезім жігіттердің жүрегінде жоқ па, деп кейінгі кезде шынымен қорқа бастадық. Жеңіліп жатса да, бойындағы күш-қуатын, қайрат-жігерін сарқып беріп, жанталаса, жанұшырып айқасса, жігіттерді жазғырмас едік. Ең өкініштісі, футболшыларымыздан ондай мінезді көре алмадық. «Болса, болды, болмаса, не істейін», дегендей жан дүниенің самарқаулығы, немқұрайды тірлік жанымызға батты. Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев жақында республика спортына бөлінетін қаржының едәуір бөлігін футбол жұтып жатқанын, аяқдопта сапалы даму жүйесі жоқтығын, сырттан келген «үшінші» сортты футболшылардың көптігін тілге тиек етті. Құрметті Ерлан Тоқтарханұлы, біз де осы пікірге қосыламыз. Футбол шаруашылығын түзеу, реттеу сізге оңай соқпайды. Бірақ, тәуекел деп келген екенсіз, енді шегінетін жер жоқ. Құраманың бас жаттықтырушысын қателеспей таңдау өз алдына, осы саланың даму жүйесін бір арнаға салатын уақыт жетті. «Қазақ спорты» газеті осы проблеманы мықтап назарда ұстайтын болады. Сізге мыңдаған жанкүйердің атынан сәттілік тілей отырып, хатымызға жауап күтеміз. Бұл хатты бір адамның ғана емес, сан мыңдаған жанкүйердің жүрек лүпілі, жан айқайы деп түсінуіңізді сұраймын.   Сәлеммен, Қыдырбек Рысбек, Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты. «Қазақ спорты» газеті.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×