ҚФФ қазақстандық футболды дамыту Стратегиясын бекітті

19.09.2022 20:28 ҚПЛ

Астанада Қазақстан футбол федерациясының Конференциясы өтті.

ҚФФ қазақстандық футболды дамыту Стратегиясын бекітті

Конференция жұмысына ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, ФИФА-ның еуропалық ұлттық қауымдастықтар бойынша директоры Эльхан Мамадов, УЕФА президентінің ұлттық қауымдастықтар бойынша кеңесшісі Йозеф Климент қатысты.

Конференция делегаттары 2034 жылға дейін қазақстандық футболды дамыту Стратегиясын бекітті.

«Бүгінде қазақ футболы жүйелі реформаға мұқтаж. Алдағы үш жылда негізгі күшті келесі міндеттерді шешуге бағыттаймыз. Олар – балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамыту, футбол мамандарын дайындау саласында сапалы серпіліс, бұқаралық футболға арналған футбол инфрақұрылымын жаңғырту. Бұл мақсаттарды футболды дәріптеу, жарысты ұйымдастыру жүйесін жақсарту және футбол инфрақұрылымына жыл он екі ай қолжетімді болуын қамтамасыз ету», - деп атап өтті Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов.

«Футболдың баршамыздың басымызды біріктіре алатын күші бар деп ойлаймын. Біз әрқашан балалар мен жасөспірімдер футболына назар бөлуіміз керек. Мемлекет үшін футбол даму мен өзара қарым-қатынастың құралы. Біздің ортақ жұмысымызға табыс тілеймін және бүгінгі күн отандық футбол үшін маңызды болады деп сенемін», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

«AMANAT» партиясымен жасалған меморандум аясында еліміздің барлық аймағында бұқаралық футбол мен волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған 20 жастар қоры құрылмақ.  

«AMANAT» партиясы футболды дамыту арқылы мемлекет алдындағы әлеуметтік және экономикалық міндеттерді шешуді көздейді. Футбол – мемлекеттің салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша міндеттерін жүзеге асыра алатын құрал», - деп атап өтті Эльдар Жұмағазиев.

«УЕФА мен ҚФФ қарым-қатынасы ұлғая бастады. Қазақстандық делегацияның УЕФА-ға сапары өте маңызды болды. Олар УЕФА-ның көптеген бағдарламаларымен танысты. Жылдың соңына дейін Қазақстанда федерация қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын семинар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», - деді УЕФА ұлттық қауымдастықтары бойынша кеңесшісі Йозеф Климент.

Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитетінің жаңа құрамы сайланды.

  1. Абаев Дәурен Әскербекұлы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі.
  2. Айтуғанов Қайрат Қапарұлы – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Басқарма төрағасы.
  3. Байшақов Сейілда Икрамұлы – ҚР ардагерлер футбол одағының төрағасы;
  4. Ғылымов Әбілмәжен Қуанышұлы – «Ken Dala Center» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы;
  5. Еділов Ербол Оңдағанұлы – «GR Consulting Group» ЖШС басқарма директоры;
  6. Жамаубаев Ерұлан Кенжебекұлы – ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі;
  7. Қырғызбаева Бегайым Сапарқызы – Қазақстан әйелдер құрамасының экс-капитаны, футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкерінің көмекшісі, «Оқжетпес» футбол клубының бас бапкері;
  8. Нефедов Алексей Петрович – «ARCADA» компаниялар тобының бас директоры;
  9. Огай Эдуард Викторович - «Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы;
  10. Оразбеков Қайрат Айтмолдаұлы – «Қайрат» футзал клубының президенті;
  11. Сейітқазынов Санжар Дүйсембайұлы – Президенттік кадрлық резервке үміткер;
  12. Сидельковский Владимир Семенович – «Рахымжан-Петролеум» ЖШС бас директоры;
  13. Турлов Тимур Русланович – «Фридом Финанс» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.

Айта кетейік, Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының үш мүшесі лиганың құқық белгілеуші құжаттарына сәйкес сайланады.

0 пікір