Рамазан Оразов ҚПЛ-де. Жартылай қорғаушы мансабына неге балта шапты?

02.07.2025, 12:46

Қандай жағдайда да ұлттық команданың көшбасшысы бола алатын футболшы отанын, дәлірек семейлік «Елімайды» бетке алды дегенді естігенде екіұдай күй кештік.

Рамазан Оразов ҚПЛ-де. Жартылай қорғаушы мансабына неге балта шапты?
Рамазан Оразов

Бір жағынан Данияда өзін жоғалтып алған жартылай қорғаушы үшін мұндай қадам қажет болған да шығар. Қазақстан чемпионатында күш жинап, бабына келуі ықтимал. Қалай дегенде де кішігірім перезагрузка жасауға мүмкіндік бар. 

Ал оның екінші жағы - жасы келіп қалған футболшының енді Еуропа туралы арманына балта шабылуы кәдік. Неге бұлай дейміз? Рамазанның өзі Еуропаға екі рет барғанында даму үшін, ойыншы ретінде өрісін кеңейтуді көздегенін айтқан. 

«Силькеборгте» басында көп үміт күттіргені рас, бірақ ондағы маусымның екінші жартысы жақсы болмай шықты. Жалпы, бұл Рамазан Оразовтың осындай жағдайда елге қайтуы алғаш рет емес және әр кезде де айы оңынан туып кетіп жүретін. Мәселен, Ресейден «Тобылға» қайтып оралғанда ұтылмаған болатын. Қостанайда сұрапыл ойнады,«Базель» қақпасына салған ғаламат голының өзі неге тұрады?! «Тобылдағы» тамаша маусымнан кейін «Коперге» барды. Енді міне Даниядан қайтып елге келіп жатыр. Бұл жолы қалай болар екен? Не дегенмен жасы келіп қалған футболшы. Арманың асқақ, амбицияң қанша зор болғанымен ағзаны алдай алмайсың ғой. Жарақатынан айығуы да, басқа да процестердің барлығы енді бұрынғыдай болмайды. 

Рамазанның «Елімайда» ойнап кету мүмкіндігі әрине жоғары. Ондағы тәжірибе, алаңдағы интеллекті Қазақстан чемпионатына жетіп қалуы тиіс. Оның үстіне семейлік клубта дәл бүгін «Қайраттың» түлегімен бәсекелестікке түсе алатындай футболшылар табу қиын. Қысқасы, Рамазан Оразовтың келуінен ҚПЛ мен «Елімай» ұтайын деп тұр. Ал футболшының өзі ше?

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×