Серік Жаманқұлов: «Осы жолы Қазақстан құрамасы жүлделі орыннан көрінеді деп үміттенемін»

15.09.2021, 17:45
Кака шәкірттері бүгін турнир қожайыны Литвамен кездеседі.
Серік Жаманқұлов: «Осы жолы Қазақстан құрамасы жүлделі орыннан көрінеді деп үміттенемін»

Бүгін, 15 қыркүйек күні футзалдан Қазақстан құрамасы топтағы екінші кездесуін өткізеді,.

Жерлестеріміз А тобында жарыс қожайыны Литва командасымен өзара мықтыны анықтайды. Бірінші ойында Кака шәкірттері Коста-Рика командасын 6:1 есебімен ұтқан еді. Осы орайда ұлттық құраманың экс-шабуылшысы Серік Жаманқұлов Vesti.kz сайтына берген сұхбатында алдағы ойындары және турнирдің басты фавориттері жайлы айтып берді.

- Серік аға, Қазақстан құрамасы ӘЧ ірі жеңіспен бастады. Дегенмен, Кака бірінші матчтан кейін әлі де болса команда өзінің жоғары деңгейін көрсете алмады деп еді. Алдымен алғашқы матч жайлы пікір білдірсеңіз...

- Бірінші ойынды ірі жеңіспен бастадық. Алайда соғылған голдардың барлығы дерлік стандартан салынды. Қарап отырсаңыз, стандартты жақсы орындайтын командалар жеңіске жетеді. Айып доптарынан гол соғу үшін ойыншылардың деңгейі жоғары болу керек. Бұл ретте біздің жігіттеріміздің деңгейі жоғары екені байқалады. Каканың айтқан сөзінің жаны бар. Біздің құрама одан да жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсете алады. Біз де соны күткенбіз. Бір жағынан қобалжу болды. Бір жағынан маусымның ортасы емес. Әлі де болса толық бабына енген жоқ. Ойыншылар енді-енді ғана баптарына келіп жатыр.

- Бүгін Литва құрамасымен кездесеміз. Болжамыңыз қандай?

- Болжам бойынша Қазақстан құрамасы фаворит. Деңгейі жағынан алып қарайтын болсақ, жарыс қожайындарынан анағұрлым жоғары. Оның үстіне Литва чемпионатының әлеуеті жоғары емес. Сондықтан бүгінгі мачта біздің команда жеңіске жетеді деген ойдамын.

- Жалпы әлем чемпионатында біздің құрама қай раундқа дейін барады деп ойлайсыз?

- Біздің құрама бұйырса топтан бірінші орынмен шығу керек. Қай раундқа дейін жететіні турасында болжам айту қиын. Әрине, жүлделі орындарды иеленсе деген тілегіміз бар. Менің болжамым бойынша, жартылай финалға шығады деп ойлаймын. Финалға жетуі де ғажап емес. Спорт болғандықтан әртүрлі жағдай орын алуы мүмкін. Осы жолы Құдай қаласа жүлде алады деген үміттеміз.

- Биылғы ӘЧ-де қай құрамаларды фавориттер қатарына қосар едіңіз?

- Бразилия, Испания, Ресей, Аргентина, Португалия сынды командалар әлем чемпионатының басты фавориттері. Сонымен қатар біздің ұлттық құрамамыз да солардың қатарында бар екендігін айтқым келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×