Слободан Крчмаревич: «Болашаққа қарау керек»

19.01.2012, 19:32
Слободан Крчмаревич: «Болашаққа қарау керек»

Санкт-Петербургке аттанар алдында Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Слобадан Крчмаревич ҚФФ веб-сайтына сұхбат берген еді. Талғардағы бір апталық жиыннан кейін Слободан Крчмаревич жастарымыздың «Достастық кубогіне» дайындығына көңілі толатындығын білдірді. Біз жақсы жұмыс істедік. Соңғы екі күні ғана қардың жауғаны болмаса, бес күн бойы ауа-райы жанға жайлы болды, - деп бастады Крчмаревич. – Дегенмен, базаның қызметкерлері табиғаттың құбылысымен керемет күресе біліп, алаңды дер кезінде дайындап беріп отырды. Сол үшін де оларға айтар алғысым мол! Жалпы айтқанда жағдайымыз жақсы болды. Байқап қарасаңыз, уақыт өткен сайын ҚФФ-ның ұйымдастырушылық жұмыстары ілгерілеп келеді. Жиынға шақыртылған ойыншылардың он бірінің жасы 1992 жылдан аспайды екен. Тіпті, соңғы Франциямен болған матчпен салыстырар болсақ та, құрамада өзгерістердің барын байқаймыз. Айтпағым, сіз тәукелшіл адамсыз ба, әлде қазірден бастап келесі кезеңнің іріктеу турнирін ойлап отырсыз ба?

Ол да ойымда жүр. Бірақ біз 18-19 жастағы ойыншыларды тек құрамамызды жасарту үшін немесе болашағымыздың қамын ойлағандығымыздан ғана шақыртып жатқан жоқпыз. Олар шынымен де дарынды жігіттер. Исламхан, Қуат, Құнов, Бейсебеков – міне, келешек осылардың қолында. Дегенмен, мен футболшылардың төлқұжатына қарамайтын бапкермін. Мен үшін олар жақсы немесе нашар ойыншылар болып екіге бөлінеді. Ал тәуекелділік туралы айтар болсам, бапкер өз орнымен тәуекелшіл болуы керек. Қазіргі жағдайымызды алар болсақ, біздің бұл турнирде тәжірибе жинақтауға, ойын өрнегімізді шыңдауға, алаңдағы түсіністікті орнатуға керемет мүмкіндігіміз бар. Сонымен қатар, келесі іріктеу кезеңінде командаға көмектесе алатын жас футболшлырамыздың да мүмкіндіктерін тексереміз. Өйткені, 18 ойыншымен тоқтап қалмау керек. Ара-тұра өзгерістер енгізіп, бәсекелестікті де арттыру тұру қажет. Сонда ғана футболшылар жасыл алаңда шыңдала түседі. Яғни, жас жеткіншектер қазірден бастап ысылады.

Көз алдарыңызға елестетіңіздерші. Біз турнир кестесінде Латвиядан, бәлкім тағы бір командадан жоғары тұрмыз делік. Және де осы көрсеткішке құрамында 10-11 ойыншысы 18 жастан аспайтын футболшылардың арқасында жетіп отырмыз. Яғни, команданың тең жартысы келесі іріктеу кезеңінің ойыншылары. Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады. Келесі іріктеу кезеңінде Қазақстан жастар құрамасының намысын Франция, Словакия, Румыния сынды құрамаларға қарсы ойнап, әбден ысылған футболшылар қорғайды. Тағы қайталап айтамын, бізге қазір болашақты да ұмытпау керек.

Ресейдің кейбір мамандары жастар құрамасының бас бапкері Николай Писаревті жас, әрі тәжірибесіз жаттықтырушы санайды. Олардың пікірінше, қазіргі Қазақстанның артықшылығы дәл осында. Яғни, білікті, тәжірибелі бапкерінің барында. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

Ресейде мен туралы осындай жылы пікірлердің айтылатынына қуаныштымын. Дегенмен, менің тәжірибем Ресей жастар құрамасы жаттықтырушысының тәжірибесінен молдау шығар, бірақ бұл бізді фаворит ретінде көрсетпейді. Қазақстан барлығы үшін – «жұмбақ команда». Ал өзіме келер болсам, Қазақстанға алғаш келгенде осы елдің футболының болашағынан үмітімнен гөрі, күдігім басым болатын. Қазір опимистпін. Өйткені, шәкірттерімнің кез-келген қамалды бағындыра алатынына көзім жетті. Сондықтан да, бүгінде әр күнімді асқан құлшыныспен бастаймын. Жалпы, мен әрқашан тек мықты командаларды ғана жаттықтырғанмын. Қазірде «менің қолымда іргесі берік команданың тізгіні» деп нық сеніммен айта аламын.

«Достастық кубогіндегі» біздің тобымыз туралы не айтасыз?

Биыл жүз жылдығын атап өтіп жатқан Ресей құрамасы бар. Олар – фаворит саналады. Эстония да оңай шағылар жаңғақ емес. Түркменияны жұмбақ команда дер едім. «Турнирде қаншалықты алысқа шабамыз?» дейсіз бе?! Мұны білмедім. Өйткені, бізге басқа құрамалардың жағдайы белгісіз ғой. Командамыздың менеджері Ануардың арқасында ресейліктердің соңғы үш ойынын көріп, зерделей алдым. Эстондардың да ойындарын көрдім. Ал Түркменияның деңгейін біле алмадым. Естуімше, техникасы жетілген команда сияқты. Алайда, қай қарсыласымызға қарсы болмасын, барлық мүмкіндігімізді көрсетуіміз керек. Егер өзімізді «Барселона» санап, Түркменияны менсінбейтін болсақ, онда жеңіліп қалатынымыз хақ. Сондықтан, барлық қарсыластарымызға бірдей құрметпен қарауымыз қажет. Ресеймен болатын ойын өте маңызды болмақ. Бұл матчқа ерекше назар аударылатын болады. Жігіттерімізде қобалжу дегенің атымен болмайды деп сенемін. Словакия, Франция, Румыния сынды командаларға қарсы тұрған шәкірттерім бұл ойында да жасқанбаулары тиіс. Есіме мына нәрсе түсіп тұр. Жақсы ойнағанымызбен Словакия құрамасынан жеңіліп қалған едік қой. Сол матчтан кейін бір танысым маған «Браво!» деді. Ал менің Словакияның мықты команда екеніне қарамастан, көңіл күйім болмай тұрған. Айтпағым, біз қай матчта болмасын, фаворит болуымыз керек. Фаворит болуды үйренуіміз қажет. Эстониямен болатын матчта біз бұл мақсатымызға жетеміз. Қазір командаға ел чемпионатының үздік сұрмергендерінің бірі, халықаралық матчтарда әбден ысылған Сергей Хижниченко қосылды. Ештеңеден қорықпайтын Исламхан, Тағыберген, Горячий, Дәуітов сынды саңлақтарымыз бар. Бұл ойыншылармен мен премьер-лигада да үздік төрттіктен көріне алар едім. Бірнеше тәжірибелі ойыншы және жауынгер жастар - міне, біріншіліктің мықты командасы деп осыны айт. Жоқ, қате түсінбеңіздер, «клубты жаттықтырғым келеді» деп отырғаным жоқ. «Осы футболшылармен кез-келген тапсырманы шешуге болады» дегенді айтқым келген. Бұлар ешнәрседен қорықпайды. Осылардың қатарына Исламбек Қуатты да қоса аламын. U-19 сапында ол көшбасшы ойыншылардың бірі болды, Еуропа чемпионы Украинамен кездескенімізде Қуат олардың ойыншыларын оңай алдап өтіп, ешнәрседен қаймықпайтынын білдірген. Одан кейін әлем чемпионы Швецариямен кездестік. Мұнда да Исламбек барлығын алдап өтіп, қақпашысының зәре-құтын ұшырып отырды. Өкінішке қарай, ол менің сөздеріме аса мән бермеді де, шектен тыс оталып, екі рет сары қағаз алып қалды. Сөйтіп, үшінші ойында Македонияға қарсы алаңға шықпады. Сол кезде бұл үшін мен оны өлтіріп тастауға да дайын едім. Дегенмен, ештеңе етпейді. Бұл мәселені ақырындап шешудеміз. Қараңыздаршы, өткен іріктеу турнирінде жастарымыз 23 сары, 2 қызыл қағаз алған еді. Бұл жолы 7-ақ ескерту алдық. Алаңнан қуылған футболшыларымыз жоқ. Санкт-Петербургте де біз футболшыларымызға сары қағаздардан қашу керектігін түсіндіретін боламыз. Мәселен, егер Ресеймен болған матчта футболшымызды алаңнан қуса, мұнысымен ол кімге көмектеседі? Әлбетте, Ресей мен Эстонияға ғана. Мен үшін ойыншы тек өзімізге пайдасы тиетіндей ойнауы керек. Иә, менің футболшым алаңда сотқар-ақ болсын, бірақ пайдасы тиетіндей сотқар болуы қажет. Ал ең дұрысы, қарсыластарымыздың біздің ойыншыларды шалып, өздерінің алаңнан қуылғаны жақсы

- Ең алғаш Қазақстанда жұмыс жасай бастағанда сіз алғашқы жиында-ақ тәртіп сақтамағандары үшін футболшыларды жазаға тартқан едіңіз. Қазір мұндай проблема бар ма? - Жоқ. Шәкірттерім менің талабымды түсінді. Ең алғаш өз міндетіме кіріскенімде ҚФФ-ның бас хатшысы Саян Хамитжанов мырза, «Бізде ешкімді біреудің айтуымен, қолқалауымен командаға алмайды. Сондықтан, сізге ешкім қысым көрсетпейді», - деген еді. Ешкім қысым көрсетпесе, керемет емес пе?! Содан мен бірден футболшыларыма жаттықтырушының сүйікті шәкірті болмайтындығын, тырысатын ойыншылардың, өзін алаңда да, алаң жиегінде де жақсы ұстай алатын жігіттердің ғана құрамаға алынатындығын көрсеттім. Егер футболшы тәртіп сақтамайтын болса, тіпті, ол Франция қақпасына бес гол соққан болса да, жазалай аламын. Өйткені, ереже бәріне ортақ. Бұл ойыншыларға ғана емес, бапкерлер штабына да қатысты.

- Жиынға шақыртылған 24 футболшының алтауы ғана жартылай қорғаушылар екен. Бұл аз емес пе? - Бұл мәселені талай көтергенмін. Клубтарда жас ойыншыларды қапталдарға пайдалану керек. Әзірге бұл мәселе шешімін таппауда. Бауыржан Исламханды алайықшы. Оның орталық шептегі керемет жартылай қорғаушы атануына барлық мүмкіндігі бар. Алаңды керемет сезінеді, жылдам шешім қабылдайды, өткір пастар шығарудың хас шебері, техникадан де кенде емес. Дегенмен, жылдамдығы жетіспейтініне қарамастан, «Таразда» оны қапталда пайдаланады. Әлбетте, мен клуб жаттықтырушыларын қинай алмаймын. Алайда, олар да құрамамыздың сәтті ойнауына қолқабыстарын тигізеді деп үміттенемін. Өкінішке қарай, әзірге барлығы бірдей жастарға сенім арта бермейді. Кезінде Сербияның ОФК клубын жаттықтырғанымда, командамыздың 70 пайызы жастардан құралатын. Соның арқасында біріншілікте екінші орын алып, артынан клуб дарынды ойыншыларды тиімді бағаға сатуға мүмкіндік алды. Сөйтіп, Александр Коларев «Лациоға», Бранислав Иванович Ресейдің «Локомотивіне», Стефан Йоветич «Фиорентинаға» ауысты. Мұндай дарындар Қазақстанда да бар. Егер мен осы елде клубты жаттықтырсам, онда команданы Исламхан, Хижниченко, Қуат, Горячий, Бейсебеков, Дәуітов сынды жастардан жасақтап, олардың барлығын бір мезетте алаңға шығарып тұрар едім.

- «Достастық кубогі» жабық кешенде өтеді, ал құрама өз жиынын таулы аймақта өткізді. Бұл жағдай турнирде кесірін тигізбей ме? - Аса қатты кесірін тигізбейтін шығар. Мәселе басқада болып тұр ғой: Жол қашық. Мәскеуге дейін бес сағат ұшамыз. Одан ары Санкт-Петербургке дейін тағы бір жарым сағаттық жол бар. Ал ертесі күні ойын. Бастысы, жігіттер демалып үлгеріп, дер кезінде бойларын жинай алса болғаны.

- Осыған дейін бірде-бір клубымыз бұл турнирде жеңімпаз атанып көрген жоқ. Сондықтан, Қазақстан үшін «Достастық кубогінің» орны ерекше. Бұл туралы білетін бе едіңіз? - Иә, біздің менеджеріміз мұндай нәрселердің барлығын айтып, қаншалықты маңыздылығын айтып отырады. Түсінгенім, көбісі бұл турнирді әлі күнге КСРО чемпионаты ретінде қабылдайтын сияқты. Көпшілігі сол кездегі футболды аңсайтын сияқты. Сондықтан, «Достастық кубогінің» біз үшін қаншалықты маңыздылығын білемін. Сөзіме сеніңіз, мен секілді, футболшылар да осы додада жеңімпаз атанғысы келеді. Өздеріне скауттардың көз тігіп отырғандарын жақсы түсінетін шәкірттерім, барынша жақсы қырынан көрінуге тырысатын болады. Жасыратыны жоқ, сәтті өнер көрсетіп жатсақ, менің де жеке рейтингім өсетіні сөзсіз.

«Біздің команданың ойындарына оптимистік көзқарас танытатын болдым» деп айттыңыз. Бұл немен байланысты?

Сөз жоқ, прогрессіне байланысты көзқарасым өзгерді. Білесіз бе, жақында маған Белградтың «Партизанынан» ұсыныс түсті. Мен бас тарттым. Содан кейін олар Авраам Грантты шақыртты. Демек, егер мен Шығыс Еуропаның ең беделді футбол клубтарының бірінің ұсынысын қабылдамаған болсам, Қазақстанның жастарына сенемін деген сөз ғой. Солай емес пе? Маған сіздердің командаларыңызбен жұмыс жасаған ұнайды.

Сергей Архиповтың фотолары

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×