Театр маусымы аяқталды

24.11.2014, 07:05
Театр маусымы аяқталды
скачанные файлыБиыл әдеттегідей Қазақстан чемпионатындағы біршама матчтарды тамашаладым, біршамасында жұмыс атқардым. Көптеген бапкерлерден сұқбат та алдым. Бірақ жазда 40 күн Бразилияда Әлем чемпионатының қызығымен жүрдім. Ол арада ел чемпионатында бір оқиға болды. Алматылық "Қайрат" өз алаңында "Ақтөбені" 7-1 есебімен жеңді. "Минейрао көз жасы" деп атау берген Бразилия - Германия матчынан соң бұл нәтиже мен үшін мұхиттың арғы жағында жүрсем де қатты әсер етті. Кейіннен бұл матчтың жәй-жапсарын елге келген соң білдік. Футболшылар өздері қарсы протест ретінде жасаған. "Ақтөбе" бапкері Владимир Никитенко өте қатал бапкер. Командада дисциплинаны қатты ұстау мақсатында футболшыларға қатты ауыр тиетін жазалар қолданған. Әрине, Кеңес үкіметі футболының өкілі Никитенко барынша команданы дамытқысы келген. Бірақ, артық қыламын деп тыртық қылды. Кезінде Блохин мен Белановтар да Лобановскидің үстінен арыз жазған. Ол да қатал кісі еді. Сол Кеңестік футбол мектебінің ұшпағы Никитенко бойында бар екені бұрыннан белгілі. Сондықтан да, Алматыдағы матчта Сидельников үш мәрте өтірік қателесіп гол жіберді. Қалғаны қорғаушылардың еншісінде. Ал алматылықтар дайын асқа тік қасық болып, қолдан келгеннің барлығын жасап, негізгі бәсекелесті аямай ұтып, алматылық жанкүйерлер алдында аброй арттырды. 2014-жылғы футбол маусымын қорытындылайтын болсақ, тағы бір осыған ұқсас жәйт еске түседі. Ол алматылық "Қайраттың" ішіндегі дау. Футболшылар арасындағы келіспеушілік. Команда ел чемпионатында елордада "Астанаға" оңбай ұтылғаннан кейін "Қайраттың" бірнеше ойыншылары өзара кикілжің тудыртты. Команданың негізгі құрамындағы футболшылар ойынды "сатып жіберген" деген ақпараттың шығуы бекер емес. Мынандай бір нұсқа бар. Командадағы легионерлердің ішіндегі орыстілділері матчты "Астанаға" сатқан. Олар: Михаил Бакаев, Зәуірбек Плиев, Дмитрий Хомич. Ал олардың сол матчта есептің 5-1 болуына жағдай жасағанын оңай аңғаруға болады. Матч соңынан кейін Самат Сымақов команда капитаны ретінде әлгі "өтірік" ойнап жүрген футболшыларға айғай салады. смаковТіпті, кейбір ақпарат көздерінің айтуынша команда киім ауыстыратын бөлмесінде Самат Зіуірбекті соққының да астына алыпты. Мұндай сатқындықты әрине Сымақов көтере алмасы белгілі. Біршама жасқа келіп, "Қайрат" сапында тер төгіп бүкіл маусым бойы ұжымды алға сүйреп спорттық ғұмырының соңына қарай тағы бір мәрте чемпион атануды көздеген Саматтың бұл арада бұлқан-талқан болуы өте түсінікті. Қазақстан футболында неше түрлі сценарилерді көріп өскен капитан елден жыраққа кетіп қалғысы келді. Кезінде Вайсспен келіспеген Давид Лория Саматтың да жақын арада словакиялық бапкермен келіспей қалатынын іші сезгендей, оны Анадолы жерінде құшақ жая қарсы алды. Бакаев бастаған үш легионерді командаға Вайсс алған болатын. Сондықтан да, "Қайраттың" сол бір ойында "Астанаға" ойсырай ұтылуына Владимир бапкердің де қатысы бар деп ойлаймыз. Өйткені, биыл ел чемпионы "Астана" командасы болуы тиіс еді. Елордалық ұжымды өткен маусымнан бері құлақтан сүйреп келе жатқан ағайын жетерлік. Ол енді, шынын айтқанда барлығымызға түсінікті жағдай. Таңқаларлық ештеңе жоқ. Астаналық команданың чемпион атануы уақыт еншісіндегі сұрақ қана болатын. Ал одан кейінгі мына қызыққа қараңыздар. "Астананың" басты мақсаты біреу ғана - чемпиондық. Онда үшінші орында келе жатқан "Ақтөбеге" кубок керек деген сөз. Ал "Қайратқа" күміс жүлде де жаман болмас. Бұл қазан айының басындағы жағдай. Жарытлай финалдық жауапты матчта "Астана" екінші құрамды, тіпті дубльдің жігіттерін алаңға шығарды. Сөйтті де өте тамаша қойылған сценариймен кубоктың финалын "Астана" "Ақтөбеге" сыйлай салды. Ал "Ақтөбе" "Астанаға" чемпионаттағы 24-турдың кейінге шегерілген матчын ұтылуы керек болатын. Бірақ, "Астана" "Қайсарды" 3-0 қылып ұтып, сол күні "Ақтөбе" "Қайратты" соңғы минутта гол соғып жеңіп кетті. "Астана" чемпион атанды! Негізі елордалықтар бұл жерде жоспардан ертерек мақсатты орындап тастады. Ақ "Қайратқа" тек екінші орын ғана қалды. Бірақ, елордалықтар ақтөбеліктерге көмектесуді жалғастыра берді. Чемпион болып қойғаннан кейін тағы да екінші құрамды шығарып, 3-0 есебімен "Астана" 3 ұпайды сыйлап кетті. Онысымен қоймай, елордалықтар алматыда "Қайратты" ұтты. Бұл жерде "Қайраттың" да өзінің  ұтылғысы келгені анық байқалды. Әйтпесе, бас бапкер Владимир Вайсс Жерер Гоу, Исаэль секілді футболшыларды неге екінші таймда бірақ шығарды дейсіз. Демек, "Қайрат" күміс жүлдені кубокқа алмастырып алды деген сөз. Кубоктың финалында "Қайрат" жеңіске жететінін анық біліп шықты. Сол күні бұл ұжымның бүкіл футболшылары Астанада жүрді. Тіпті, ойынға қатыспайтын Зәуірбек Плиев, Михаил Бакаев секілді футболшылар да. Бас бапкер Вайсс та ойын алдындағы баспасөзде өте анық, әрі нық сөйлеп отырды. Маған бұл жерде барлығы осылай көрініп тұр. Және сол күні Самат Сымақовтың да әлеуметтік желіге өзінің жасыл алаңдағы әріптестерін емес, клубтың өзге саладағы менеджерлерін кубокты жеңгендіктерімен құттықтады. Оның өзі де біраз жайтты аңғартады. Келесі жылы "Ақтөбеде" қалмаймын деген Роберт Арзуманян өте нашар ойнады. Өз қақпасына гол да соқты, үшінші гол кіретін кезде Исламханға допты анық бере де салды.Бұл ойыншыны В.Газзаев алаңға әдейі шығарды. QNjcdelACgzAБұл жерде тек сонау Ақтөбеден ат терлетіп келген "Ақтөбенің" жанкүйерлерін аяйсың. Командаға сеніп, кубокпен бірге қайтамыз деген көңіл-күйге футболшылар пысқырып та қарамады. Сондықтан да шығар еліміздегі көптеген командалар фан-топтар құрып, жанкүйерлердің көп болуын аса қатты қаламай да келеді. Футбол ең алдымен жанкүйерлер үшін. Бірақ, Қазақстанда трибунада 100-ақ адам отырса да ойланбайды ешкім. Биылғы жылдың футбол маусымының сценариін мен өз басым осылайша көремін. Келесі маусымның болжамы сіздерден болсын ендеше.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×