Шымкенттік "Ордабасы" биылғы маусымда тек чемпиондық атақ үшін барын салмақ, деп хабарлайды Aladop.kz.
Клуб президенті Дархан Қызайбаев Sport12.kz басылымына берген сұхбатында команданың нақты жоспары мен ішкі ахуалы туралы ашық айтты. Клуб басшысының сөзінше, "Ордабасы” үшін үздік бестікке немесе алтылыққа ену деген жұбаныш нәтижелер қарастырылмаған.
Клуб президенті команданың амбициясы өте жоғары екенін жасырмады. Ол үшін бірінші орыннан өзге нәтиженің құны жоқ.
“Біз үздік бестік немесе үздік алтылық туралы айта алмаймыз, біз тек бірінші орын үшін ойнаймыз. Бұл бізге қысым емес, керісінше – үлкен күш пен ерекше қуат береді.” – деді Дархан Қызайбаев.
Қызайбаев сырттан келетін пікірлерге салқынқандылықпен қарайды. Оның пайымдауынша, ең үлкен талапты ол өзіне және өз ұжымына қойып отыр.
“Біздің командаға ең үлкен қысымды, бәлкім, менің өзім түсіріп отырған болармын. Сондықтан сырттан айтылған сөздерді мен қысым емес, ерекше серпін ретінде қабылдаймын.” – деп түйіндеді сөзін клуб басшысы.