Төрешілердің жұмысын сынауға, баға беруге ешкімнің хақысы жоқ

16.05.2024, 12:14

Сенбіде ҚПЛ-дің тоғызыншы турының шымылдығы түріледі. «Жетісу» мен «Елімай» ешкімге дес бермей тұрған биылғы біріншіліктің біраз ерекшелігі бар. Көпшілік, анық фаворит жоқ деседі. Кім біледі, кімнің-кім екенін уақыт көрсетер, ал біз қолда бар деректерге сүйене отырып, кішігірім сараптама жасап көрелік

Төрешілердің жұмысын сынауға, баға беруге ешкімнің хақысы жоқ
ҚПЛ кездесуіндегі төреші

Үздік сұрмергендер

Ең алдымен сегіз турдың қортындысында ең көп гол салған үздік голеадорлардан бастасақ: бірінші орында 3 бірдей футболшының есімі тұр екен. Идрис Умаев пен Максим Самородов (екеуі де «Ақтөбе») пен Евгений Березкин (Қызыл-Жар) 4 голдан салыпты. Бұл үштіктің ішінде бірінші сатыға ресейлік-қазақстандық азамат жайғасқан. Себебі, Идрис Умаевқа осы 4 голды салу үшін небары 357 минут қана жеткілікті болыпты. Қалған екі футболшы Идристан екі есе көп минут жұмсаған. Бұл тізімде тағы 3, 2 нәтижелі соққы жасаған біраз ойыншыны айтуға болады. Олардың арасында биыл «Тобылдың» жейдесін киген қазақ футболындағы тұңғыш итальяндық легионер - Купер Годберг Бари бар. Қостанайға аттай қалап алған сұрмерген әлі толық өзінің әлеуетін паш ете алмаған секілді. Бірақ пиреней түбегінен келген қара маржан бәрібір өзінің 2 добын салды.

Ең көп салған команда

Әзірше, премьер-лига нәтижелігімен дараланып тұрған жоқ. Өзі 13 команданың ішінде 10 голдан асырып салған 4-ақ ұжымды көрдік. Олардың ішіндегі допты молынан салғаны – «Ақтөбе». Дмитрий Парфеновтың шәкірттері ҚПЛ-дің 7 кездесуінде 14 рет дәл соққы жасаған. «Ақтөбенің» жағдайы түсінікті. Команданың амбициясы өте жоғары. Чемпион боламын деген ұжымнан басқа ештеңе күтпейсің де. Ал «Елімайдікі» - ерлік. Андрей Карпович жаттықтыратын семейлік клуб голды топырлатып салмаса да, нақты нәтиже көрсетуде. Жеті матчта 9-ақ голы бар «Елімай» екінші сатыға жайғасқан. Соның өзінде ұпай саны «Ақтөбемен» бірдей, тек сол қосымша көрсеткіштер ғана семейлік ұжымды көш басына жібермей тұр.

Ең көп гол жіберген ұжым

Мұнда жеке дара «Жеңіс» тұр. Барлық 13 клубтың ішінде ең аз гол салып, керісінше ең көп доп жіберіп алған да осы астаналық команда. «Қайсар» да қарсыластарының қақпасына тек 4-ақ рет гол соққан. Бірақ, турнирлік кестенің түбіне мықтап тұрып «орнығып» алған «қасқырлардың» өзі өз қақпасына 14 доп өткізіп көрмеді. Өкінішке қарай, араға біраз жыл салып жоғары дивизионға оралған «Жеңіс» әзірше жеңісті ойын көрсете алмай келеді.

Ең тәртіпсіз команда

Ендігі кезек ең тәртіпсіз командаларда. Мұнда өзгелерден оқ бойы екі ұжым бар – «Тобыл» мен «Қайрат». Қостанайлық команда бір матчта орта есеппен 3.71 сары қағаз алады екен. Сондай-ақ, биылғы маусымда Милич Чурчичтің командасының еншісінде 26 ескерту қағазы бар. Ең тәртіпсіз команда «номинациясында» Алматылық «Қайрат» та алдына жан салмай келеді. Алматыдан Елдос Ахметов, Нұралы Әліптер баяғыда кетіп қалған. Бірақ... Өзі командаға енді келіп (әзірше бас бапкер міндетін атқарушы) жатқан Рафаэль Уразбахтинге бұл жағдайдың кесірі тимесе, пайдасы болмайтыны анық. Өткен жолы Арсен Буранчиев қызыл қағаз алып еді. «Қайрат» сары қағаздан үй жабамын демесе, неліктен соншама тәртіп бұзуының себебін түсіну қиын (28 сары қағаз).

Бізге төрешілердің қызметіне жарыса арыз-шағым айтып жүрген «Астана» басшылығының «нонсенсы» де түсініксіздеу. Статистикаға зер салып қарасақ, елордалық клуб ескерту жөнінен ең аз «зиян» шеккен команда екен. Мысал үшін, Григори Бабаянның шәкірттері маусым басынан бері небары 14 сары қағазбен жазаланған. Сонда, астаналық менеджерлерге не ұнамайды? Жалпы, биылғы біріншілікте қазылардың тарапына ерінбегеннің бәрі сын айтатын болған. Бұл не бассыздық?! ҚФФ жанындағы кәдімгі білдей ұйымға, оның қызметіне баға беретін құқықты оларға кім берді?! Мұны осы бастан, дәл қазір тамырынан жою керек. Бұл шалғайдағы бір ауданның мәдениет үйінде өткізілетін мүшәйралардағы қазылық емес еді ғой? Білдей төрешілердің жұмысын сынауға, баға беруге және сол арқылы отандық футболдың абыройына сызат түсіруге ешкімнің хақысы жоқ деп есептейміз.       

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 10
Ұнамайды 1
Күлкілі 1
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×