Жеңсең, жүз атаң табылар еді...

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
09.06.2021, 02:59
Жеңсең, жүз атаң табылар еді...

Жеңілгеннің бәрі – жетім. Арқадан қағатын адам таппайсың. Ешкім араша түспейді. Бәрі де жүндей түтуге дайын. Өйткені көңілдері қалған. Ақтап алуға асықпайды немесе ешкімнің тәуекелі жетпейді. Ақталғаныңды жақтыратындар аз. Қазақстан құрама командасы Скопьеге аттанар шақта Қазақстан футбол қауымдастығы баспасөз хатшысы Ермұхаммед Мәулен хабарласып, бас хатшы Азамат Айтқожиннің сәлемін жеткізген кезде біз де сәл ойланған едік. Жә, баруымыз оңай, қайтуымыз қалай болар екен деп. Ойлануға негіз болған Талғат Байсуфинов тізімі еді. Кісі шошитындай емес енді. Тек тағы да талай футболшының қатарда болмауы ойландырды. Егер құрама толық түгелденсе, Дмитрий Непогодов, Темірлан Ерланов, Нұрәлі Әліп, Айбол Әбікен, Марат Быстров, Дмитрий Шомко, Ян Вороговский, Бактиер Зайнутдинов секілді серкелер де сапта тұрар еді. Солтүстік Македонияға жеткенде естідік. Беларусь жерінен Владислав Васильев те келе алмайтын болыпты. Жүрек жұтқан біреу болмаса, он шақты оғланның орны ойсырап тұрғанын мойындар еді. Оның үстіне біздің ұлттық біріншіліктің негізгі тынысы сырттан жиналған ойыншылар ғой.

Рас, ерте ме, кеш пе, құрама есігін қаққан жастарға сенім артылатыны анық. Айтпақшы, «Қайраттың» шабуылшысы Артур Шушеначев пен «Ордабасы» үкілеген Еркебұлан Тұңғышбаевтың тізімде болып, бірақ командаға ермей қалғанын білген соң, Михаил Габышевтің не себепті шақырту алғанын түсінгендей болдық. Бауыржан Байтана мен Еркін Тапалов, Нұрлан Дайыров пен Әлібек Қасымның да ұлттық құрамада жүргенін білдік. Әсіресе Бауыржанның шақырту алғаны әбден дұрыс еді. Өте талантты ойыншы, кейінгі жылдары көлеңкеде қалып қоятын. Талғат Маруаұлы ұлттық біріншіліктің әрбір кездесуін мұқият қарайтынын бұрын да білуші едік. Енді тіпті күдік қалмады.

Қазақстанға мұндай ұқыпты бапкер бітпегелі қай заман! Еуропаның біраз елінен жаттықтырушы шақырдық қой. Есіктен кірген беті легионерлерге құда түсу жайын айтады. Кеше ғана жарық көрді-ау деймін. Ренат Дубинский сұхбат беріпті. Отандық сайттардың біріне. Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы. Айтқанынан үзінді келтірейік. «Газзаев 59 ойыншыдан тұратын тізім жасады. Ішінде мен де бар едім. Бапкер Пахомов хабарласып, «Ресей құрамасында саған орын жоқ. Сұрап білдім. Сен Қазақстанға кел, құжатыңды дайындап қоямыз» деді. Сол кезде әлсіздік таныттым, морт сындым. Ресей құрамасына ұмтылудың орнына Қазақстанды таңдадым. Бірақ ұлттық біріншілікте легионер саналмадым. Өйткені Қазақстан қолыма төлқұжатын берді. Күлкілі енді. Мәскеуден Ресей азаматы болып ұшамын. Алматыдан Жапонияға Қазақстанның баласы ретінде жолға шығамын. Сонда таңғаламын. Осы азаматтықты анықтайтын бірыңғай база болмай ма?»

Асымызды ішіп, төрімізде жатса да, кейін еліне оралған соң, сыртымыздан күліп жүрген бір ғана Дубинский ма екен?! Егер қаласа, Талғат Байсуфинов та осы күнге дейін бірнеше легионерді қатарына қосып алушы еді. Тіпті Жоао Пауло секілділерді тықпалайтындар жетеді. Әзірше Талғат және оның командасы ондай әрекеттен ада. Сондықтан да шығар, команданың аурасы жақсы. Тек бір-біріне тілектес адамдар ғана жүр. Үлкенді тыңдайды, кішіні құрметтейді. Бас бапкердің беделі сұмдық. Бәрін де тырп еткізбей ұстап отыр. Темірдей тәртіп бар жерде іс алға жылжитыны анық. Алға жылжыса, Скопьеде неге сонша құлдырадық дейсіз ғой? Жауап іздеп көрейік, негізгі құрамда ойнайтын бірнеше футболшының болмағанын жоғарыда айттық.

Турасын айтқанда, тоғыз ойыншы. Бауыржан Исламханды қоссаңыз, бір командаға толып қалады. Соның нешеуі бірінші минуттан алаңға шығуы мүмкін еді? Оң қанатты Ян Вороговский мен Марат Быстровтың біріне беретіні сөзсіз еді. Марат өз орнында қалса, Ян ортаға жылжиды. Сол тұста Бактиер Зайнутдинов те орналасады. Исламханның жөні бөлек. Жарайды, оның жақын арада оралуы неғайбыл. Сондықтан тізімге қоспайық. Нұрәлі Әліп – орталық қорғаушы. Айбол Әбікен де негізгі құрамнан үмітті. Беларусь елінде жүрген Васильевті де қосалқы құрамда қалдыру ыңғайсыз ғой. Дмитрий Шомконың да шығып қалуы әбден мүмкін. Артур Шушеначевті де бір байқап көрмек еді. Тағы да реті келмеді. Жарайды, Байсуфинов сенім артқан жігіттердің де футболға бүгін келмегені анық. Олардың арасында да жілігіне майы толғандар жүрді.

Асқат Тағыберген мен Азат Нұрғалиев, Серікжан Мұжықов пен Абзал Бейсебеков биылғы маусымды өте сәтті өткізуде. Байсуфинов ұлттық біріншілікке ұқыппен қарап отыр дейтініміз – «Таразды» төрге сүйреген Бауыржан Байтана мен «Ақжайықтың» адуынды қорғаушысы Еркін Тапаловты алдыруы сол сөзімізге негіз еді. «Қызылжардан» ұлттық құрамаға ойыншы келмегеніне де біраз уақыт өтті. Енді, міне, Әлібек Қасымға таңдау түсті. Нұрлан Дайыров тағы бар. Үміткерлерді жолдастық кездесуде сынап көрмей, майданға бірден лақтыру қауіп қой.

Айтпақшы, Солтүстік Македониямен кездесу жоспарда жоқ еді. УЕФА қолқа салыпты. Біздің тарап бас тарта алмады. Табан астында құжат әзірлеп, ат дайындатты. Ат дегенде, чартерге жегілетін алып лайнерді айтамыз. ҚФФ шаруашылығына жауапты маман Әміржан Түсіпбеков өзі ісіне берілген кісі және отандық футболдың шын жанашыры. Сапар алдында сөйлестік. Біздің жұмыс – ойыншыларға жағдай жасау, олар үмітті ақтап жатса, кәнекей, – деді Нұрышұлы. Тап осы жолы болмаса да, әлем біріншілігінің іріктеу сындарында қалыпқа келетінін ескертіп. Жақсы адамнан жақсы сөз ғана шығады ғой. Сүтпісірім сөйлесе қалсаң, қазақ футболының тарихын тарқатып айтып беретін ағалардың болғаны қандай жақсы. Тағы бір естігеніміз, визаны Скопье әуежайында төлқұжатқа қойып беретін көрінеді. Ондай болып тұрады.

Бес жарым сағатты артқа тастап, біздің лайнер Ескендір еліне есен-аман қонғанда, алдағы сағаттарда бізді не күтіп тұрғанын білген жоқпыз. Мемлекеттік шекара қызметінің қызметкерлері қолымыздағы құжатты алып қалғанда да, көңілді күмән торламады. Тұтас делегация әлгі визасын қойып, бір-ақ ұстататын шығар деп. Бәріміз кедендік бақылаудан өттік. Кейбіреуінің төлқұжаты қолында. Өзгеміз тастап шықтық. Қызық содан кейін басталды. Солтүстік Македония виза беруден бас тартыпты. Шақырған өздері, босағадан кері қайтара ма, енді? «Шенгені барлар өте берсін, өзгелеріне рұқсат жоқ», – деді аға офицер. Делегацияны бастап келген Азамат Айтқожин мәселені реттеуге кірісті. Қазақстандағы мамандарға тапсырма берді. Елшілікке хабарласты. Сағаттар өтті, алақандай жерде топырлап біз тұрмыз. Футболшыларға обал. Абзал Бейсебеков бастаған бір тоғыз әлгі жүк әкелетін сырғымаға отыра кетті. Тастай суық екен. Біз бас тарттық. Не ары емес, не бері емес. Екі елдің ортасында қалғандаймыз.

Үш сағаттан кейін бас хатшы УЕФА қызметкеріне телефон соғып, Қазақстан құрамасы ертеңгі ойынға шықпайтынын ресми мәлімдеді. Солардан қайран болды ма, енді әлгі жерге Солтүстік Македония футбол қауымдастығының басшысы Муамед Сейдини бір топ нөкерлерімен келді. Олардың да бітіргені шамалы. Айтуынша, Солтүстік Македонияның Қазақстандағы елшісі хабарлауды ұмытқан. Оның қолы бар құжат қолымызда. Қалайша ұмытады? Ес кетіп, жан шыққанда «Александр палас» қонақүйіне келдік. Сәл тынығып алған соң, матч алдындағы жаттығуға жөнелдік. Талғат Байсуфиновтан сұраймыз: «Ойын бола ма?» «Әрине, мұндай мүмкіндік күнде туа бере ме? Солтүстік Македония өте жақсы команда. Ойындарын көрдім. Пандев те сол күйінде. Шау тарту қайда, алаңда шауып жүр. Сегізінші және жиырма бірінші нөмірдегі ойыншылары өте мықты. Қауіп солардан төнеді».

Жаттығудан сәл бұрын Талғат Маруаұлының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Қасында футболшы Бауыржан Байтана бар. Ермұхаммед Мәулен бір тілде ғана сөйледі. Ана тілінде. Екі спикер де айташыға ерді. Солтүстік Македония қазақ тілін меңгере қойсын ба, аудармашы іздеді. Орысша тіл сындырған тілмаш табылды. Оған Ербол Қайыров қазақшадан аударды. Жергілікті тілшілер тиісті ақпаратты алды. Олар біліп отыр екен, бас бапкер Игорь Ангеловский Қазақстанға қарсы қосалқы құрамды алаңға шығаратынын. Түске дейін тілшілермен кездескенде айтқан көрінеді. Әлгі ақпарат біздің жігіттерге жақсы әсер етті. Ел мақтаған Элиф Элмас пен Эзджан Алиоски алаңға шықпай ма, сонда? Отыз сегіздегі Горан Пандевті түсінуге болады. Байсуфинов қауіптенген екі ойыншының неге тізімде болмайтыны түсініксіз. Кешқұрым қонақүйде Талғат Маруаұлы мен федерация қызметкері Ербол Қайыров әңгімелесіп тұр екен. Біз барғанда әлгі жергілікті журналистердің мәліметін талқыға салыпты. «Элмас баспасөз мәслихатына келді. Алисоки жеңіл футболшы, шаршай қоймаған шығар. Сізге осы әдейі айтылған ақпарат емес пе?» – дедік Талғат Байсуфиновқа. «Жаңсақ пікір айтатындай не көрінді? Шынын айтқан шығар. Көреміз енді». Солай деді біздің елдің бас бапкері жымия күліп, жылы қоштасты.

Ойынға бір сағат қалғанда Солтүстік Македонияның кездесуге шығатын футболшыларының тізімі қолға тиді. Мәссаған! Жүйріктерінің бәрі жүр. Тіпті команда капитаны Горан Пандев те. Элиф Элмас та! Түрік жігіті қазір Италияның «Наполиінде» өнер көрсетеді. Жасы 22-де. Басқасын былай қойғанда, былтыр чемпиондар лигасында бес ойын өткізді. Неапол нағыз мықты ойыншыны ғана шақырады. А сериясына әбден төселген Элмастың ертеңі жарқын секілді. «Лидс» сапында ағылшын премьер-лигасында 36 рет алаңға шыққан Эзджан Алиоскиді де білеміз. Қолды-аяққа тұрмайтын тым жылдам футболшы. Екі команда дене қыздырып, киім ауыстыратын бөлмеге қайта кеткенде мамандар сол қанатты әбден суғарды. Эзджан жеңіл, допты жетектесе ешкімге жеткізбейді. Тап Алиоскиге қарсы Еркін Тапалов өнер көрсетеді. Еркінге қиын болатынын сездік. Агроном да Ангеловский ақылын құлаққа құйып, тапсырмасына тыңғылықты қарайтын секілді. Түсінікті. Қауіп бізге сол қанаттан.

Ойын кезінде әлгі күдік шынға айналды. Алиоскиді тобықтан қағып түсіру де бір мұң. Тапаловты екі-үш рет алдап өтті. Қайта орталық қорғаныстың сол жағына жауапты Абзал Бейсебеков дер кезінде көмекке келді. Әйтпесе Алиоски Тапаловты таптап өтер еді. Жалпы, бас бапкердің ұстанымына қалай қарау керек екен? Біздің түсінікте қазір Гафуржан Сүйімбаев ұстарадай лыпып тұр. «Қайраттың» ойыншысы емес, бұл жолы тағы да Руслан Валиуллинге сенім артылды. Франция мен Украинаға қарсы жақсы ойнаған жігіт қой. Бір жағынан, ол да дұрыс шығар. Орталық жартылай қорғаушылар төрттігін Азат Нұрғалиев пен Асқат Тағыберген, Исламбек Қуат пен Серікжан Мұжықов құрады. Азат пен Серікжанның ойыны жүрмеді. Жалғыз шабуылшы Алексей Щеткин де талайға дейін жұмыссыз жүрді. Он минуттың ішінде опырып тастауды ойлаған алаң иелерінің қысымы бәсеңдегенде біздің жігіттер де қарсы шабуылға шықты. Екі рет бұрыштан доп берді. Стоиле Дмитриевскийдің қақпасына кәдімгідей қауіп төндірді. Қазақстан ойыншылары алаңға бейімделген секілді. Ойынның үштен бірі аяқталған сәтте біз үшін өте қолайсыз жағдай орын алды. Төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Алиоски мүлт кеткен жоқ. Бірінші таймға қосылған бір минут Серікжан Мұжықовтың мінез көрсетуімен есте қалды. Ол допқа иелік еткен қарсыласының аяғынан тебуге бекінді ме, шалт қимыл жасады немесе жасқағысы келді. Анау жата қалып өкірді. Төреші Серікжанды алаңнан қуды. Үйге қайтар жолда Серікжаннан сұрадық. «Мұның не?» деп. «Сырт көзге дөрекілеу көрінсе білмедім, оның тобығында нем бар, допты жылдам ала қояйын дегенмін. Төреші де бәрін бақылап, анық көріп тұрды. Ескертуге ғана тартатын қимыл еді ғой», – деді Серікжан.

Екінші таймның басында Мұхамеджан Сейсен Стас Покатиловты алмастырды. Бұл оның ұлттық құрама сапындағы тұңғыш рет өнер көрсетуі. Кейін кезек алған Әлібек Қасым да алғашқы матчын өткізді. Бірталай үзілістен кейін Бауыржан Байтана оралды. Еркін Тапаловтың да тырнақалды ойыны. Михаил Габышев те ұлттық құрама жейдесін киді. Байтана кездесуге жаңа леп бергені анық. Мұхамеджан еншісінде екі-үш сейф бар. Екінші таймда Иван Тричковски мен Милан Ристовски және Дарко Чурлинов бір-бір голдан соқты. Матч соңындағы пресс-конференцияда Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов: «Жас жігіттерді әдейі шақырдық. Біріншілікте жақсы ойнап жүргендерді де алдырдық. Қыркүйек айында жауапты үш ойын бар. Украинаны қабылдаймыз. Босния және Герцоговина мен Финляндия құрамасымен сырт алаңда ойнаймыз. Өте тығыз күнтізбе. Сол үшін ерте қамдандық. Тағы бір ойын өтуі тиіс еді. Мальта бізді күтті. Пандемияға байланысты Австрия виза бермеді. Жауапкершілікті өзіме аламын. Тас-талқан ұтылдық. Миға азық жинадық. Енді жақсылап ойланамыз», – деді. Жергілікті тілшіден сауал түсті. «Қазақстан өткенде Украинамен ойнады. Бүгін Солтүстік Македониямен кездесті. Осы екі қарсыласты салыстыра аласыз ба? Қайсысы басым?» Міне, мәселе! Украина мен Солтүстік Македония Еуропа чемпионатында бір топта ойнайды. Бәсе, бізге неге құмар бола қалды десек, осындай бір астар жатыр екен ғой. Әрине, Киевте тең түскен Қазақстанға алаң иелері құрметпен қарайды және әркімді шығара салатын осал қарсылас емес екенін де білді. Сол себепті серкелерін түгел іске қосты.

Екеуі де өзіндік ойын өрнегі бар команда. Пас беру мәдениеті жоғары. Ортаны сәтті пайдаланады. Украинамен тең түстік, сіздерден ұтылдық. Мықтылау көріндіңіздер десем, жағам ба?

Жаны күйіп тұрса да, әзілге кезек беретін бас бапкер әлгінде ғана көз алдымызда шөгіп бара жатыр еді. Енді еңсе тіктеді. Ішкі мүмкіндігі мол команда ғой. Байсуфинов келгелі ұлттық құрама қазақтың командасы секілденді. Ұлттың болмыстың иісі аңқиды. Бас бапкердің жүріс-тұрысы, сөз саптауы да нағыз қазақы әрі табиғи. «Жігіттерге айтып отырмын, көрдіңдер, енді қорытынды шығарыңдар. Әбден ойланыңдар дедім. Ойлансын, олқы соққан тұстарын танысын», – деп сөз саптауы бапкердің шәкіртке емес, ағаның ініге айтқан ақылы секілді. Қанша ұрысса да, іші елжіреп тұрғаны аңғарылады. Ұлттық құрамаға тұңғыш рет шақырылған Нұрлан Дайыров айтады: «Талғат Маруаұлы жеріне жеткізіп, намысты ту қылып ойнайтын футболшыларды ұнатады екен. «Мінезің болмаса, бәрі далбаса» дейді. Ойы шымыр, сөзі анық, ойы тұнық. Қанаттандырып жібереді».

Нұрлан дұрыс айтады. Байсуфинов тізгін ұстағалы бері ұлттық құрама елге жақындай түсті. Иә, ұтылдық. Жолдастық кездесуде. Жауапты жарыста дүр сілкінетініне сенейік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×