1 қателік жасады, бірақ 1 ұпай үшін жан берердей ойнады

15.12.2020, 02:27
«Кристал Пэлас» пен «Тоттенхэм» арасындағы матчта қақпашы Висенте Гуаита үздік ойынымен көзге түсті
1 қателік жасады, бірақ 1 ұпай үшін жан берердей ойнады

Ағылшын премьер лигасының 12 туры аясында "Кристал Пэлас" футбол клубы "Тоттенхэмды қабылдады. Лондондық дэрбидің алғашқы жартысында қонақтар басымдық көрсеткенмен, екінші таймда ойынды толықтай бақылауынан шығарып алды. Матчтың екінші бөлігі алаң иелерінің басымдығымен өтті. Шабуыл шебінде Уилфрид Заа мен Эберечи Эзэ керемет жұп құрап, қонақтардың қорғаушыларын әбден шаршатты.

Бұл матчта Висенте 5 бірдей сэйв жасады. 18 минутта Ндомбеленің 10 метрден тепкен добын созыла құлап қайтарса, 2 минуттан соң Харри Кейннің бұрыштамадан баспен бағыттаған соққысына тойтарыс берді. Ойынның 23 минутында Кейннің алыстан бағыттаған добына Гуаита лайықты түрде тосқауыл бола алмады. Қақпашыға тура ұшқан доп бағытын сәл ғана өзгеткен болатын. Шамасы, "Кристал Пэлас" қақпашысы ағылшындық шабуылшыдан мұндай құйтырқы соққы күтпеген. Алайда, осы қателігінен соң дереу есін жиып, ойынға шындап кіріскен испандық қақпашы өз жанкүйерлерінің алдында екінші демі ашылғандай ойынның соңына дейін мүлтіксіз, керемет ойын көрсетті. "Тоттенхэмнің" соңғы шабуылдарының бірінде Серж Орье бағыттаған соққы Кейннің басына тиіп бағытын күрт өзгерткенде алаңдағы жанкүйерлер жеңістің қолдан шыққанына сенімді болған, алайда Гуаита мықты реакциясының арқасында бұл доптың да қақпаға енуіне жол бермеді. Ең шешуші сәт матчтың соңғы секундтарында орын алды. Эрик Дайердің қорғаушылардан асыра тепкен айып соққысы қақпаға еніп бара жатқанда допқа итше атылған Висенте Гуаита бар күш-жігері мен шеберлігін уысына жиып, алақанымен ала допты алаң сыртына шығарып жіберді. Жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген қақпашы бірінші таймдағы қателігі болмағанда ойынның үздік ойыншысы атануы әбден мүмкін еді. Дегенмен, турнирлік кестеде көш бастап тұрған Жозе Моуриньоның команасына қарсы ойында Гуаитаның командасына бір ұпай сыйлауының өзі үлкен жетістік деп айтуға болады.

Алаң иелері 81 минутта стандартты жағдай арқылы есепті теңістірді. Қақпаға бағытталған соққыны дұрыс қаға алмай қалған Льорис те қателікке жол берді, оның қолынан серпілген жопты Джеффри Шлупп қақпаға оңай бағыттай салды. Нәтижесінде ойын тең есеппен аяқталды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×