ӘЧ-НЫҢ ФИНАЛЫНДА ЕКІ ТҮРЛІ ҚҰРАМАДА ОЙНАҒАН ЖАЛҒЫЗ ОЙЫНШЫ. ЖЕҢІС НЕМЕСЕ ӨЛІМ!

10.12.2020, 15:00
Оңтүстік Американың үздік жартылай қорғаушысына кімдер сес көрсетті?
ӘЧ-НЫҢ ФИНАЛЫНДА ЕКІ ТҮРЛІ ҚҰРАМАДА ОЙНАҒАН ЖАЛҒЫЗ ОЙЫНШЫ. ЖЕҢІС НЕМЕСЕ ӨЛІМ!

Әлем чемпионатының финалында екі мәрте, тіпті одан да көп ойнаған теңбіл доптың шеберлері бар. Бірақ мундиальдың финалында екі түрлі құраманың сапында өнер көрсеткен жалғыз футболшы жайлы білесіз бе? Не үшін Аргентина құрамасынан кетуге мәжбүр болды?

Бүгінгі мақаланың қаһарманы Луис Фелипе Монти 1901 жылы мамыражай мамырдың 15-ші жұлдызында дүние есігін ашқан. Футболи отбасыда дүниеге келген соң, Монти де бауырлары секілді футболдың етегіне жармасады. Жай ғана жармасып қоймай, бар тәттісінің дәмін тату үшін аянбай тер төгеді. Қажырлы еңбегі өз жемісін беріп, «Сан-Лоренсоның» негізгі ойыншысына айналып, 1924 жылы Аргентина құрамасына шақырту алады. Араға алты жыл салып, 1930 жылы алғашқы Әлем чемпионатының финалына жолдама алады. Ақтық ойын басталардан үш сағат бұрын Монтевидеодағы «Санта Лючия» қонақ үйінде демалып жатқан кезде есік қағылып, белгісіз біреу хат тастап кетеді. Хатты оқығаннан кейін Монтидің ұнжырғасы түсіп, аузы аңқайып, төрт қабырғаның төбесіне бажырайды да қалды. Қағаз бетінде көңілге қонымды дүние жазылмағаны осыдан-ақ белгілі еді. 

Финалдың бірінші таймы мәресіне жетіп, «альбиселесте» 1:2 есебімен алда келе жатты. Киінетін бөлмеде Луис көзіне жас алды. Бұл қуаныштың емес, тығырыққа тірелу мен қойнына жылан салғандай күйдің көз жасы еді. Бұлайша боз інгендей боздауының басты себебі: ақ қағазға жазылған қара сөздер. Хабарламада былай делінген: «Финалда жеңілмесеңдер, өзіңе немесе туыстарыңа қара жер төсек болады». Бұндай қоқан-лоқы түріндегі хабарламаны Монтиден бөлек тағы үш футболшы алған екен. Бірақ ажал құшу туралы Луистің хатында ғана жазылыпты. Өйткені ол Аргентинаның ең маңызды ойыншысы, қозғаушы күші болатын. Жәбірленушінің шешімі айдан анық – екінші таймда «Добле Анчо» мүлде көзге түспеді. Туыстарының амандығын ойлап, Уругвайдың шабуылын тұншықтыруға амал қылмады. Осыдан кейін «ла селесте» бірден үш гол соғып, таблода 4:2 есебі тіркеліп, Уругвай алғашқы Әлем чемпиондары атанды.  Әлгі хаттың уругвайлықтарға қатысы жоқ. Хатты жіберген фашистік Италияның негізін қалаушы, диктатор Бенито Муссолинидің қолшоқпарлары. Ол италиялық қаны бар талантты ойыншыларды жинап, теңдесі жоқ құрама жасақтап, 1934 жылғы мундиальда жеңіс тұғырынан көрінгісі келді. Сонымен қатар, егер Аргентина бітіспес қарсыласынан жеңілсе, жанкүйерлер жерден алып, жерге саларын білді. Осы сәтте Монтидің Италия азаматтығын қабылдауға келісуі жеңіл болады деп ойлады. Сол себепті де Оңтүстік Американың үздік жартылай қорғаушысы мен тағы бірқатар ойыншыларға сес көрсетті. Аргентина жеңер болса, Луисті шынында да өлім күтіп тұрды. Муссолини болмағанда алғашқы Әлем чемпионы Аргентина болуы да бек мүмкін еді. 

Дученің (көсем) жоспары іске асып, Монти 1931 жылы «Ювентуске» ауысты. Дуче негізі «Лационың» жанкүйері, бірақ «Добле Анчоны» қай командаға болсын ауыстырып, басты мақсаты Италияға әкелу болды. Осылайша Монти Италия азаматтығын қабылдап, «ориундо», яғни біздің тілмен айтқанда, «қандас» (оралман) атанды. Луис Туринге келісімен негізгі құрамнан ойып тұрып орын алды, «Ювентустың» капитаны да атанды. Қатарынан төрт мәрте скудеттоны ұтты. Кезек әлемдік додаға келгенде де аянып қалған жоқ. Өз жерінде өтіп жатқан чемпионатта Италия қалай да чемпион болуы тиіс еді. Бұл мақсат жолында «ориундолар» үлкен рөл ойнады. Аргентинадан келген Раймундо Орси маңызды ойындарда үш гол соқса, Энрике Гуаита бір голмен көзге түсті. Ал Монти қарсылыстың шабуылына қаймықпай төтеп беріп отырды. 

1934 жылдың 10 маусымы, маусымға тамаша нүкте қоятын мүмкіндік. «Адзурри» финалда Чехословакиямен кездеседі. Осы ойын алдында да қонақ үйге: «Жеңіс немесе өлім, мырзалар. Егер олар бізді жеңгісі келсе, біз бірінші болып соққы жасауымыз керек. Ертеңге сәттілік! Жеңесіңдер! Ал олай болмаса – өлім!» деген денеңді түршіктірер телеграмма келді. 

Бірінші таймда есеп ашылмады. Киім ауыстыратын бөлмеге кезекті телеграмма келді: «Жеңілетін болсаңдар, құдай өзі жәрдем болсын сендерге».

Негізгі уақыт 1:1 болып, қосымша уақыт қосылды. Овертаймда  «Болоньяның» ойыншысы Анджело Скьявио жеңісті голды соғып, фашистік Италияның қаһарманы атанып, өз өмірлеріне төніп тұрған қауіпті сейілтті. 


Жеңістен кейін Муссолинидің жомарттығында шек болмапты. Осы жайлы Монти: «Ойыннан кейін Бенито не қаласаңдар соны сұраңдар деді. Қыз-қырқын, ақша, бағалы тастар, көлік һәм баспанаға дейін сұрауға болды. Біз Италиядағы ең дәрежелі адамдарға айналдық», - дейді.

Монтидің немересі Лорена Монтидің естеліктеріне сүйенсек, осы қоқан-лоқылар жайлы Луис: «Уругвайда жеңіске жетсем, өлтіреді. Ал Италияда жеңіске жетпесем, өлтіреді. Сайтан алғыр, бақташы болғаным артық еді», - деп қынжылған екен. Монти 1939 жылы мансабын аяқтап, одан кейін бапкерлікті қолға алғанымен, жоғарыдағы шенеуніктермен жиі сөзге келіспеу салдарынан 1950 жылы футболдан мәңгілікке кетіп, шынында да бақташы атанады. Өмірінің қалған 30 жылдан астам уақытында Аргентинадағы үйінде гүлдерімен айналысып, 1983 жылы 82 жасында өмірден озды. Биліктен біршама жапа шегіп, Әлем чемпионатының финалында екі түрлі құрама сапында ойнаған жалғыз футболшының ғұмыры осылайша мәресіне жетті.

Марғұлан ЖАҚЫП



9k=


Z


9k=


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×