Бүгін Нұралы Әліп «Зенитпен» көктемгі маусымның бірінші кездесуіне шықса, ертең Бахтиер Зайнутдинов «Бешікташпен» түркия біріншілігінің көшбасшысына қарсы тұрады. Осы демалыста тағы қандай Қазақстандық футболшы үшін маңызды матчтар болады?
Қазақстандық-Бразилиялық жұп
Қысқы трансферде 30 миллион еуро жұмсаған Санкт-петербордың «Зениті» бірінші орындағы «Краснодарды» басып озбақ ниетте. Командалардың арасын бөліп тұрғаны небары екі-ақ ұпай ғана. Соңғы бес РПЛ-де алдына ешкім қарсы келіп көрмеген Сергей Семак командасының екінші орынды намыс көретіні анық. Сол үшін «Зенит» чемпионатқа тас түйін дайындалды. Жаңағы айтқан 30 миллионды бразилиялық футболшыларды алуға аяған жоқ. Питерлік клуб Нұралының қасына қорғанысқа Ниноны алып, артқы шепті күшейткен болатын. Ал Артур мен Педродан шабуылға қан жүгіртеді деп үміттенеді. Қалай дегенде де, «Зенит» трансфер тұрғысынан өзгелерге қарағанда ауқымды ауыс түйістер жасады. Яғни, чемпиондыққа да үлкен бір қадам жасады деген сөз. Бүгін Нұралы «Газпром Аренада» Мәскеулік «Спартакқа» қарсы ойында негізгі құрамда шығуы тиіс. «Зениттің» соңғы матчтарында орталық қорғаныста дәл біздің футболшыны жиі көріп жүрміз. Сондықтан, бүгінгі ойынға да бірінші минуттардан шығар деген сенім бар. РПЛ-дің шешуші бөлігінде Сергей Семактың командасы үшін әрбір ұпай алтынмен тең.
Баханың орны ойсырап тұрады
Жексенбіде Бахтиер Зайнутдинов пен оның «Бешікташы» үшін де маңыдзы матч. «Водафон Аренада» ине шаншар жердің болмайтыны анық. Себебі, жергілікті клуб биылғы Түрік суперлигасының ең мықты командасын қабылдайды. Осы маусымда «Галатасарай» шын мәнінде мықты. Ыстамұлдық ұжымның ішкі аренадағы көшбасшылығы ешқандай күмән тудырмайды. Команда 72 ұпай жинап, чемпиондыққа қарай аршындап басып келеді. Окан Буруктің командасына қарсылық танытып отырған тек сол екінші тұрған «Фенербахче» ғана. Биылғы Түркия біріншілігінің бас жүлдесіне таласатын да осы екі клуб болмақ. «Бешікташ» соңғы бес ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, бір матчта ұпай бөлісіп, бір кездесуде ұтылған. «Галатасараймен» болатын ойынның турнирлік маңызы зор. Бұл бәсекеде 3 ұпай олжалап жатса, 3 орынға көтерілуі мүмкін. Өйткені, қазір «Бешікташтың» үшінші тұрған «Трабзонспормен» (46 ұпайдан) ұпайлары тең. Зайнутдиновтың командасы жеңіске жетіп, Трабзонспорлық команда ұпай жоғалтса, «Бешікташ» үшінші орынға көтеріледі деген сөз. Өкінішке қарай, Бахтиер Зайнутдинов ертеңгі ойынға қатыса алмайды. Себебі, қазақстандық жартылай қорғаушы өткен 27-ші турда өзінің осы маусымдағы 4-ші сары қағазын алды. Енді соның кесірінен «Галатасараймен» өтетін супер ойында командасына көмектесе алмайды.
Айымбетов артық тұр Балотеллиден!...
Абат Айымбетовтің «Адана Демирспоры» 4-ші наурызда «Фатих Карагюмрукті» қабылдайды. Қазақстандық шабуылшының командасы 12-ші сатыда. Хикмет Караман жаттықтыратын «Адана Демирспорге» өз алаңындағы матчтар сәтті болып жүр. Өз алаңындағы соңғы 3 матчта 9 ұпайды олжалады. Дүйсенбідегі кездесуде де Аданалық клуб жанкүйерлерін қуантып, жақсы нәтиже көрсетуге тырысады. Ал Абаттың өзіне келер болсақ, шабуылшы Суперлигаға ауысқалы 3 ойынға қатысып үлгерді. Соңғы екі бәсекені қазақстандық форвардтың негізгі құрамда бастағаны көңіл қуантады. Осы матчтан да бірінші минуттан күтеміз. Айтпақшы, қазақстандық сұрмергеннің келуімен шабуылдағы орнынан басқа-басқа емес, Марио Балотеллидің өзі айрылып қалған болатын. «Супер Мариоға» бәсекелестік танытқан Абаттың «Аданадағы» болашағы бар.
Артурдың аяқ алысы жаман емес
Израильде доп тебетін Артур Шушеначевтің «Хапоэль Беэр-Шевасы» 5-ші наурызда ойнайды. 4-ші орындағы командаға қонаққа «Бейтар» келеді. Қазақстандық шабуылшы жаңа клубының қатарына ауысқалы бері 3 ойынға қатысып үлгерген. Алып денелі сұрмергеннің жаңа клубтағы жағдайы жаман деуге келмейді. Екінші матчында гол соғып, командасын жеңілістен құтқарды. Өткен ойында өз қақпасына пенальти алып келгені болмаса, Шушеначевтің израильдік командаға бой үйретіп қалғаны байқалады.
Біздің серіктес: FONBET