Алмас Құлшынбаев: "Жетісудан" өз еркіммен кеткем жоқ, мені "кетірді".

22.02.2024, 12:05

Еліміздің жастар құрамасын жаттықтырған білікті бапкер Алмас Құлшынбаевтың есімі жанкүйер қауымға кеңінен танымал. Жуырда Еуроға іріктеу аясында Қазақстан маңызды матч өткізбек. Осыған орай, Алмас Жақанұлына қоңырау соғып, аз-кем сұқбаттасқан едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз. 

Алмас Құлшынбаев: "Жетісудан" өз еркіммен кеткем жоқ, мені "кетірді".

- Алмас Жақанұлы, жуырда ұлттық құрама Грекиямен кездеседі. Көптің көкейіндегі сұрақ, "Қазақстанның мүмкіндігі қандай" дегенге саяды. Өте аламыз ба гректерден?

- Енді бұл матч туралы не айтуға болады? Қазақстанға қиын болады. Қазір гректер мықты. Бізбен бір топта болған Словениядан да мықтырақ дер едім. Тіпті,  Даниямен шамалас деуге де болады. Сондықтан бізге өте қиынға соғайын деп тұр. Пайызбен айтсақ, 60/40 Грекия басым деп есептеймін. Бірақ бұл пікірім қате болып шықса екен. Грекия құрамасының аяқ алысы жақсы. Оның үстіне бірақ матч және оның өзі сырт алаңда болады. Мұның барлығы қарсыласқа басымдық береді. Бірақ, үмітсіз тек қана шайтан дейді. Мүмкіндік қашан да бар. Сол сияқты наурызда Магомед Адиевтің командасында да мүмкіндік болады. Жігіттерге сәттілік, жақсы нәтиже күтеміз! 

- Жақында он алты жастағы Қазақстан құрамасы Беларусьпен ойнап ойсырай жеңілді. Беларусьтен 4-0 болып ұтылу намысқа тиеді екен... 

- Бір матчқа қарап баға берген дұрыс емес. Былай алып қарасақ, дәл қазір ҚПЛ Беларусь біріншілігінен әлдеқайда мықтырақ. Беларусь, Ресей құрамалары физикалық тұрғыда бізден жоғары шығар. Бірақ, басқа артықшылықтары жоқ. Техника тұрғысынан біз ешқайсысынан кем емеспіз. Қазіргі бапкердің тәжірибесі жетпеген болар. Өзін жете танымайды екем. Басқа да бір жағдайлардың әсері ме? Кім білсін. Дұрыс тактика тыңдамаған шығар, бәлкім. Бұл ойынды қарағам жоқ. Бірақ, қайталап айтамын, бір ғана ойын деңгейімізді айқындап бере алмайды. Асығыстық танытпаған жөн. Қалай десек те, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту керек. Осыған ерекше көңіл бөлетін кез жетті. 

- Алмас Жақанұлы, Түркияда өткен коммерциялық турнирді тамашалаған шығарсыз? "Ордабасы" мен "Тобылдың" деңгейі қарсыластарынан бір бас жоғары көрінді. Биыл ҚПЛ дегі бас жүлдеге талас осы командалар арасында өрбитіндей ме, қалай?! 

- "Ордабасы" қалай мықты болмайды? Былтырғы чемпиондық құрам толықтай сақталып қалған. Қайта жақсы трансферлер жасап күшейе түспесе, әлсіреген жоқ. Сондықтан, шымкенттік ұжым биыл да чемпиондықтан басты үміткер. "Тобыл" туралы не деуге болады?! Қостанайлықтар да дәл осы кезеңде еліміздегі мықты команданың бірі. Дисциплина тұрғысынан шыңдала түскендей көрінді өзіме. Командан біраз ардагер футболшылар кетіп, айтарлықтай жасарыпты. Осының арқасында қостанайлықтардың алаңдағы қимылы жеңіл көрінді. Қарсыласын өте жақсы қыспаққа алады. Сондықтан, "Тобыл" чемпиондыққа үміткер болмаса да, үштіктен көрінуі керек. Мәселе, биыл команда ҚПЛ-ге күш салады ма, еурокубоктерге көңіл бөледі ме?! Меніңше барлығы осыған байланысты. Екі турнирді қатар алып жүру оңай болмайды. Еурокубок ойындарына барын салса, түсінкті, чемпионат жайымен қалады. Мұнда екінші құрамды шығарады. Ал одан кейін қалай боларын өзіңіз де білесіз. Чемпионаттағы абыройын ойласа, қостанайлықтар ел біріншілігін бірінші планға қоятын шығар. Ал Еуропаны енді жағдайға қарай көреді ғой. Бірақ бәрібір клуб жоғары орындардан көрінуі тиіс. "Ордабасы" бас жүлдеге таласса, "Тобыл" үшінші-бесінші орыннан көрініп қалады деп ойлаймын. Соңғы ойындарына қарап осындай ой түйдім. 

- Алмас Жақанұлы, былтыр "Жетісудан" кеттіңіз. Осыған байланысты небір алып-қашпа әңгімені естіп жүргеніміз жасырын емес.  Жағдайды өз аузыңыздан естісек деп едік?.. 

- Иә, бұл туралы журналитер қауымы жиі сұрайды. Бірден айтайын, ол жақтан өз еркіммен кеткем жоқ, мені "кетірді". Ешкім ақылдасқан жоқ. Сыртымнан шешіп тастапты. Таза әділетсіздік! Осыған қатысы бар адамдардың ар-ұятына қалдырдым. Жұмысымды адал атқарып шықтым. Премьер лигаға шыққанымызды қаңтар ортасында ғана білдік. Чемпионатқа дайындалуға уақыт өте тығыз еді. Бірақ айдың ішінде жарты жылдың жұмысын бітірдік десем де болады. Аз уақытта тәп-тәуір команда жинадық. Бапкерлік штаб, әкімшілік пен клуб директоры бірлесіп жүріп қыруар жұмыс істеді. Басында төрт ұпай жинадық. "Қайсарды" ұттық. "Тобылды" да жеңетін жеріміз еді. Сол алғашқы турларға дайындығымыз шала болып қалды. Несін айтасыз, алғашқы турларда  негізгі құрамның өзі анық болмаған. Соның кесірінен "Ақтөбеге" соңғы минуттарда жеңілдік, "Ордабасыға" салған голдарды есептемей тастады. Жалпы, ешкімнен кем болған жоқпыз. Жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын. Тек сол дайындықтың шикі болуы себепті футболшылардың өзара түсіністігі кем боды. Ойын барысында қателікті көп жібердік. Бірақ, өзімізге берілген аз уақытта жап-жақсы команда жасақтаған едік. Обалы мені "алып" тастаған адамдарға болсын. Басқа ештеңе айта алмаймын. 

- Сұқбатыңызға рахмет, Алмас Жақанұлы, сәттілік тілейміз!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×