Андрей Тихонов «Астанаға» құт па, жұт па?

02.11.2020, 00:44
Тихонов «Астананың» бапкері
Андрей Тихонов «Астанаға» құт па, жұт па?

Андрей Тихонов келді. Футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс маман. 2009 жылы сол кездегі "Локомотив" аталатын, қазіргі "Астана" командасында доп тепкен. Ойыншы ретінде ауыз толтырып айтатындай жетістіктеріде жоқ емес. Мәскеулік "Спартак" сатында сегіз дүркін Ресей чемпионы, "Локомотивпен" біздің ел чемпионатында күміске қол созды. Иә, басқа өзі өнер көрсеткен футбол ұжымдарымен де жетістіктерін жіпкен тізген моншақтай қылып тізіп шығуға болады. Дегенмен осы бапкерлік тұрғысынан, ақсап тұрған "Астана" командасына нендей пайда әкеле алатынын сараптап көрсек.

Ел ордалық клуб басшылығы осы маманға сенім артып отыр. Әрине, тәжірибесі толысқан, ойыншы ретінде танымал, жетістіктері де жетерлік осындай жатықтырушы керек-ақ. Ойыны кері кетіп, басынан бағы тайып тұрған "Астанаға" көмегі тиері сөзсіз. Осы жылға қойған мақсаттары орындалмаған клуб үшін бұл таптырмас маман. Өзі кезінде ойнаған команда екендігі екі тарап үшін де тағы бір оң болып отырған фактор.

Андрей Тихонов: "Мен үшін - "Астана", үлкен сынақ", - деп бастады. Мен осындай алдына жоғары мақсат қоятын ұжымдармен жұмыс істеймін дейтін едім. Ал астаналықтар сондай команда". Тихонов "Астанаға" бапкер болып тағайындалды, баспасөз отырысы да болып өтті, ойыншылармен де таныстырылып, өз жұмысына кірісіп кетті.

Әр таяқтың екінші ұшы болатынындай, бұл жағдайдың да әттегенайы жоқ емес. Осы бізге шет ел мамандары неге керек? Неге өзіміздің жаттықтырушыларға мүмкіндік бермейміз? Қазақстан чемпионатында доп теуіп, бапкерлікте де жетістікке жеткен мамандар бізде де бар емес пе? Енді осы Тихоновпен бірге орыс ойыншылары ағылып келе бастамасына кім кепіл? Жанкүйерлердің де: "Тихонов жеткен жетістікке, қазақтың бапкерлері де жете алады", - деп ашына айтқан пікіріне де қосылуға болады. Кезінде осы команда сапында ойнаса ойнаған шығар, бірақ, қазір футбол басқа, көп нәрсе өзгерген. Неге жағдайға тура қарамаймыз? Бұдан басқада мықты шет ел мамандары болды емес пе? Қашанғы өзгенің қолына қарап, өзгеге жалтақтаумен өтпекпіз?

Иә, не десекте Андрей Тихонов келді, өз орнына отырды. Енді қандай нәтиже көрсетеді? Басшылық сенімін ақтай ма, жоқ жанкүйерлер сынағандай орыс ойыншыларын қаптатып, еш нәтиже көрсетпестен орнынан кете ме? Андрей Тихоновтың "Астанаға" құт болып жетістікке жеткізе ме немесе жұт қылып команда кері кете ме? Алдағы уақытта осыған сіз бен біз бірге куә болатын боламыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×