Жас таланттың бұрынғы бапкері, Испаниялық “Сан Кугате” клубының маманы Марко Солер шәкіртінің жетістікке жету сырымен бөлісті, деп хабарлайды Aladop.kz.
Марко Солердің айтуынша, Каримнің бойындағы ең басты қасиет — оның жеңіске деген құмарлығы мен ештеңеден тайсалмайтын батылдығы. Бапкер Каримнің тағдырын шешкен “Жиронаға” қарсы өткен маңызды ойынды ерекше тебіреніспен еске алды:
“Мен оған: "Кәрім, сен апта сайын алаңда үздік екеніңді дәлелдеп жүрсің. Бірақ, егер сен мықтылардың бірі — “Жиронаға” қарсы сырт алаңда шеберлігіңді көрсете алсаң, демек, сенің келесі деңгейге дайын болғаның" — дедім. Сол күні Кәрім алаңда нағыз шоу көрсетті. Ең мықты қарсыласқа қарсы тұрып, қысымға шыдас беретін ойыншыны көргенде, оның болашағы зор екенін бірден түсінесің.” — дейді бапкер.
Солер Кәрімнің ойын стилін сипаттай отырып, оның бірнеше артықшылығын атап өтті:
– Техникалық шеберлік: Қарсыласты оңай алдап өту (дриблинг) және гол соғатын сәттерді өздігінен жасау қабілеті.
– Жылдамдық: Алаңдағы ұшқырлығы мен жеңілдігі.
– Психология: Футболға деген шексіз махаббат пен жаңа нәрсені үйренуге деген құштарлық.
Бапкер жас футболшының мінезіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, Кәрім — жай ғана талант емес, ол өз мақсатына жету жолында аянбай еңбек ететін еңбекқор спортшы.
“Кәрім футболмен өмір сүреді. Ол өз арманын шындыққа айналдыру үшін кез келген қиындыққа төтеп беруге дайын. Оның үнемі ізденіп, "бұдан да жақсы бола түссем" деген талпынысы оны басқалардан ерекшелейді.” — деп түйіндеді Марко Солер.