Бьелса “Лидсінің” үштігі

31.05.2020, 01:18
АПЛ-дың болашақ жұлдыздары
Бьелса “Лидсінің” үштігі

Чемпионшиптің биылғы маусымы қалай аяқталары әзірге белгісіз, дегенмен, үзіліске дейін соңғы бес ойында қатарынан жеңіске жеткен Бьелсаның жігіттері АПЛ-дың ауылынан алыс еместей көрінгені рас.

Былтыр мамырда Чемпионшиптің плей-офф кезеңіндегі атышулы ойыннан соң, “Лидс Юнайтед” қарқынын үдеткендей.

“Лидстің” қайта түлеуіне клубтың иесі Андреа Радриццанидің ықпалы зор. Итальяндық бизнесмен спорттан алыс адам емес. Андреа халықаралық “Eleven Sports” телевизиялық тобының негізін қалаушы және иесі.

Бизнесмен 2017 жылдың қаңтар айында “Лидс Юнайтедтің” 50% акциясын, артынша қалған жартысын сатып алады. Сөйтті де, 2016-17 жылғы маусымынан соң (7 орын), бапкер іздеуге кірісті.

«Тартымды әрі нәтижелі ойын көрсететін, жергілікті ағылшын бапкер табу оңай емес».

Өзінің осы сөздерінен соң, Радриццани, бапкер таңдауда екі рет қателесіп, тіпті, жанкүйерлер алдында кешірім сұраған еді. Дегенмен, ер кезегі – үш. Үшіншісінде, таңдау Марсело Бьелсаға түсті.

Бьелса бапкер келгелі, “Лидс” өз ойынын тапты. Ақылмен шабуылдап, сауатты қорғануды үйренді.

 Біріншіліктегі (37 ойында, небәрі, 30 гол жіберген) ең үздік қорғаныс шебі бар команданың, әрине, алаңдағы әр ойыншысының еңбегі зор. Дегенмен, шашасына шаң жұқтырмай, әлі тәмамдалмаған маусым бойына марғасқаша ойқастаған үштіктің ойынына тоқталуды жөн санадық.

Патрик БЭМФОРД

“Челсидің” жанкүйерлері бұл жігітті тануға тиіс. Сұңғақ бойлы, ірі денелі ағылшын шабуылшысы бір емес, екі лондондық клубта (“Челси”, “Кристал Пэлас”) өзін көрсете алмаған еді.

Марсело бұл жігітке үлкен үміт артып, трансферлік ауысым үшін 10 млн фунт стерлинг (клуб бюджетінің шамамен 20%) төлеуден де тайынбады.

Ағымдағы маусымның бірінші жартысында он доппен көзге түскен Бэмфорд, соңғы 12 ойында тек бір гол соқты.

Бұл Бьелса философиясының нәтижесі. Аргентиналық маман прессингті қарсыластың жарты алаңынан бастағанды құп көреді. Осы талаптарға көніп, бапкер көңілінен шыға білген Патрик, тек шабуылдаумен шектелмей, қорғанысқа қолғабыс етті.

Кейбіреулер шабуылшының ойынын бразилиялық Роберто Фирминоға  ұқсастырады. Ол қазіргі таңда трендке айналып, команданың ойынында маңызды рөл атқаратын «тасадағы шабуылшы» ретінде әрекет жасайды, дегенмен, аталмыш функциялар гол ұруға кедергі келтірері сөзсіз.

Ұзақ уақыт гол соқпағандығына қарамастан, “Лидстің” көш басына көтерілуіне ​​көмектесу арқылы, Патрик Бэмфорд өзінің кәсібилігін дәлелдеді.

Кэлвин ФИЛЛИПС

Өмірде әр нәрсе өз уақытымен. Футбол әлеміндегі ең үздік тактиктердің бірінің командаға келуі, әрине, Кэлвиннің даңқы өсуінің басты факторы болды. Бүгінгі таңда бұл рөлдің қызметін Филлипс сияқты шебер, әрі, ақылмен атқара алатын жартылай қорғаушылар өте аз.

«Бұл рөл» деуіміз, 50 метрге дәл шығарылған пас немесе қорғаныс кезінде орталық қорғаушыларға көмек емес. Бұл - қарсыластың ойынын оқу және түгел дерлік қорғаныс шебін басқару үстемдігі. Оның интеллекті жағдайды бәрінен бұрын сараптап, шешім қабылдауға дағдыланған.

Сондай-ақ, Филлипстің дәл уақытында керекті жерден табылатын табиғи әдеті бар. Сонымен қатар бұрыштамадан керемет кросс шеберіне айналған Кэлвинді, жергілікті жанкүйерлер әр ойын сайын "Йоркширлік Пирло” деп көкке көтереді.

“Лидс Юнайтед” академиясының түлегін Англия құрамасына шақыру туралы әңгіме әр ойын сайын арта түсуі, тегіннен-тегін емес.

Люк ЭЙЛИНГ

Үштікті тәмамдайтын ойыншы, қорғаушы - Люк Эйлинг.

Эйлинг "Лидстің" негізгі құрамдағы ойыншысы және команда сапында 116 матч өткізді. Бірнеше рет капитан ретінде команданы алаңға алып шыққаны да бар. Ол ойыншылар мен жанкүйерлер арасындағы алтын көпір.

Жасыл алаңда Эйлинг оң қапталда, сонымен қатар орталық қорғаушы немесе жартылай қорғаушы ретінде де ойнай алады.

Мамандар, британдық БАҚ өкілдері және жанкүйерлер Люкті ойынды оқу, әріптестермен арадағы қарым-қатынас дағдылары, ойынды ұйымдастыру, әуедегі допқа талас, допты қарсылас алаңына ұтымды жеткізу қабілеттерін ерекше бағалайды.

Люк осы маусымда Бьелса командасы үшін 29 матч өткізді. Оған маусым жазда аяқ астынан жарақат алып, ота жасатуымен басталды.

Басы қатты болса, аяғы тәтті. Карантинге дейінгі соңғы бес матчында Эйлингтің команданың жетістігіне қосқан үлесі: қорғаныста қақпаға гол жібермей,шабуылда қарсылас қақпасына үш гол тоғытты. Әсіресе, “Хаддерсфилдке” ұрған добына қарап, Люкті шабуылшы деп қаларсың.

Осылайша, араға 16 жыл салып, Премьер Лига "Элланд Роудқа" қайта оралмақ. Құйған ақша, төккен тер мен қыруар еңбектің нәтижесін, сәтін салса, келесі маусымда көреміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×