
Сонымен, ақырындап болса да ҚПЛ-дің бел ортасына жетіп қалыппыз.
12 турдан кейін «Астана» көш бастап, оған «Қайрат» пен «Ақтөбе» ілесті. Бұл жерде ешқандай тосынсыйсыз. Негізгі таластың шамамен осы ұжымдардың арасында жүретіні белгілі еді. Ал маусым басындағы жемісті де жеңісті ойыны үшін біз Ферапонтов феномені деп атап кеткен «Оқжетпестің» 5-орны шынымен-ақ жағымды жаңалық!
«Оқжетпес» жоғары дивизионға келе сала төрге озды. Ойыны керемет. Ал ҚПЛ-2025-тің басты жаңалығы болған клубты шетелдік емес, өзіміздің маманның жаттықтыратыны жаңалықтың маңызын еселей түседі. Андрей Ферапонтов аз бюджетпен-ақ бәсекелестікке төтеп бере алатын (12 турға дейін анық солай) ұжым жасақтады. ҚПЛ-де де мұндай жобаны іске асыруға болатынын көрсетті деп қояйықшы. Келісетін шығарсыздар, Григорий Бабаян, Рафаэль Уразбахтин немесе Нұрбол Жұмасқалиев секілді көкшетаулық бапкердің қолы ұзын емес. Десе де, аз ақшамен тәуір ойын көрсетіп келеді. Жуырда көкшетаулықтар сапындағы ең жоғары жалақы алатын Аслан Дарабаевтың айлығы туралы айтылған. Ермұхамед Мәуленнің мәлімдеуінше, жартылай қорғаушының еңбекақысы шамамен миллионның ар жақ бер жағы екен. Премьер-лиганың фавориттері былай тұрсын, ортаңқол клубтарындағы футболшылардың өзі бұдан әлдеқайда көп алып жүр.
«Оқжетпеске» қатысты тағы бір жақсы жаңалық – құраманың жуырдағы матчтарына үш бірдей футболшысы шақырту алды. Оларды және көптің қарасын толтырды деуге аузың бармайды. Дәурен Жұмат пен Әлияр Мұхамед өздеріне тиісті минуттарын алып, Қазақстанның жейдесінде дебюттік кездесулерін өткізді. Ұлттық команда ойындарында Дамир Мараттың да өзін көрсететін мүмкіндігі болатыны сөзсіз. Дәл қазір көкшетаулық команданың жадайын дәл болжау қиын, бірақ, Ферапонтовтың штабы тапсырманың тең жартысын орындап қойғаны анық. Қазірдің өзінде үздік бестікте сенімді келе жатқан клуб премьер-лигадағы орнын сақтап қалды деуге толық негіз бар. «Оқжетпес» премьер-лигадағы тәуір ойынымен келесі маусымда да қуанта берсе дейміз.
Көкшетаулық клубтың нәтижесі, тұрақты ойыны Қазақстанда бірді-екілі болса да білікті бапкерлердің барын байқатты. Андрей Ферапонтовтың командасы кеше азулы «Астананы» да кәдімгідей састырған. Қалай дегенде де, көкшетаулық клубта алғашқы үштіктің өкшесін басып қалатындай мүмкіндігі бар. Себебі, алда «Астана», «Қайрат» пен «Ақтөбе» Еурододағы кездесулерге қатысады. Мұны көкшелік клуб өз пайдасына жарата алады. Бірнеше бағытта ойнаудың қажеттілігі жоқ. «Оқжетпес» бар күшін тек премьер-лигаға арнайды.
Біздің серіктес: FONBET