Француздардың «Барселонадағы» сүреңсіз ойыны

20.02.2021, 01:36
Әлем Чемпиондарының тұрақты ойын көрсетпеуіне не себеп?
Француздардың «Барселонадағы» сүреңсіз ойыны

"Барселона" биыл көптің көңілінен шыға алар емес. Бартомеу қызметінен кетті, оның орны әлі күнге дейін бос тұр. Бас бапкер болып Рональд Куман тағайындалды. Куман келе сала күмәнді әрекеттер жасай бастады. Ең алдымен команданың үздік шабуылшысы Луис Суаресті өздерінің тікелей бәсекелесі "Атлетико Мадридке" тегін берді. Суарес қазір Ла Лигада Мессиден көп гол соғып, турнирдің ең үздік сұрмергені болып тұр. Ал шабуыл шебінде қазір кімдер ойнап жүр. Гризманн, Дембеле... Басқа позицияда ойнайтын француз футболшыларының да жолы болмай тұр.

1) Антуан Гризманн. Гризманн команда сапында ойнап жүргеніне міне екінші маусым. Ал бұл аяқдопшы әлі де болса өзінің тұрақты ойынын таба алар емес. Жас емес, орда бұзар отызға келді. Әлем чемпионы, Ла Лигада 10 жылдан аса тұрақты түрде ойын өрнегімен жанкүйерлердің маххабатына айналды. Осындай ойыншының "Барселона" сапында неге ойнаф алмайтыны бізге беймәлім. Ойында тұрақты позициясы жоқ, 3-4 ойын көрініп, 10-15 ойынға көрінбей кететін ойыншыға айналып бара жатыр.

2) Усман Дембеле. Бұл ойыншының клуб сапында ойнап келе жатқанына міне төртінші жыл. Жанкүйерлер тарапынан ең көп сынға ұшырайтын футболшы. Қазір каталондық клуб бұл ойыншының әлі де бонустарын төлеу үстінде. Ал ойыншының өзі төленіп жатқан ақшаны ақтайын деген ниеті мүлдем жоқ. Иә, бұл ойыншыда дриблинг, жылдамдық, соққы барлығы керемет. Бірақ топ деңгейдегі вингерге қажет IQ мен футболдық интеллект жоқтың қасы. Клуб жазда сататын бірден-бір ойыншы осы Дембеле болып тұрған-ау шамасы.

3) Самуэль Умтити. Умтитидің клуб сапында ойнап жүргеніне міне 5 жыл болды. Каталондық клубқа келгеннен кейін сөзсіз үздік қорғаушы болды, тіпті келе сала "кәрі қасқыр" Маскеранодан негізгі құрамды тартып ала салды. 2018 жылға дейін өте жоғары деңгейдегі қорғаушы болды. Барлық бәле осы 4 жылда бір келетін мундиальдан кейін болды. Атағын көтере алмады ма білмейміз, керемет физикасына қарамастан 3 жыл ішінде көп жарақат алды. Ота жасатудан мүлдем бас тартты. Әлеуметтік желіде белсенділігін көрсетіп, жарақатынан айығуға талпынбағандығы жанкүйерлердің ызасына тигені анық. Тіпті кейбір жанкүйерлер Самуэльді "модель" деп атап кетті. Сөзсіз Умтити өз ақшасын соңғы тиынына дейін ақтады, оған ешкімнің күмәні жоқ. Бірақ сол кезіндегі жоғарғы деңгейін ұстап тұра алмады. Қазір Умтити "Барселонаның" деңгейіндегі ойыншы емес және жазда міндетті түрде басқа клуб сапын толықтыруы тиіс.

4) Клеман Лангле. Лангленің келгеніне екі жылдай уақыт болды. Келген кезінде жақсы ойынымен көзге түсіп еді, бірақ өз отандасы Умтити секілді жоғары деңгейді еңсере алмады. Жоғары деңгей былай тұрсын, қазір екінші командадан келген тәжірибесіз Араухоға негізгі құрамды беріп қойып, Мингесамен негізгі құрамға таласуға қауқарсыз болып қалды. Осы маусым бұл ойыншы үшін орыстардың сөзімен айтқанда «Полный провал» болды. Бұл аяқдопшыны қалдырған дұрыс па, бұрыс па оны жанкүйерлердің өзі де біле қоймайды. Сату керек дейін десе жас, әрі клуб сапында ұзақ ойнамады, бірақ қазіргі сүреңсіз ойыны екінші дивизиондағы командалардың деңгейіне сай келеді.

5) Жан-Клер Тодибо. Клуб Тодибоны болашағынан зор үміт күттіретін қорғаушы ретінде көріп, тегін алды. Оның өзін дәлелдеуге уақыты болмады емес болды. Бірақ өзін көрсете алмады. Жалға алған "Шальке", "Бенфика" клубтары да оны сатып алуға тырыспады. Тіпті "Бенфика" бапкері бұл футболшыны ойынға да шақырмады. Басты себеп ретінде ойыншының физикалық тұрғыда әлсіздігі мен төмен денгейдегі ойыншы екендігін жеткізді. Қазір франциялық футболшы "Ницца" сапында доп теуіп жүр. Дебюттік ойынында жақсы ойын өрнегін көрсетіп көпшілік мақтап еді, ПСЖ-ға командасына қарсы ойында өте нашар ойын көрсетіп, ең төмен баға алды. Тіпті команда бапкері оны келесі матчқа, яғни "Марсельмен" болған ойынға шақыруға тырыспады. Жалпы бұл ойыншыға "Барселонаға" оралу үшін үлкен еңбек қажет болар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×