Футболды кімдер басқаруы керек?

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
10.06.2020, 05:39
«ЕРТІС» ТУРАЛЫ ПІКІРІМ.
Футболды кімдер басқаруы керек?

55 жылдық тарихы бар «Ертістің» келеңсіз жағдайға ұшырағаны өкінішті, әрине. Соңғы жылдары клуб төңірегінде орын алған оқиғалардың бәрі осыған әкеле жатыр еді. Ақыры айналдырған ауру алып тынды. Қанша жерден қынжылсақ та, көнеміз, көреміз. Бүгін «Ертіс» телеарнасындағы «1 студия» бағдарламасына қатысып, осы тақырып төңірегіндегі ойларымызбен бөлістік.

Бұған кім кінәлі?

Бәріміз кінәліміз. Бәріміз деп отырғаным – облыстың билігі, спортқа жауапты тұлғалар, футбол федерациясының басшылығы, футболшылардың өзі, қарапайым жанкүйерлер. Биліктің кінәсі – Ертіс төңірегіндегі мәселелерге жүрдім-бардым қарауы. Федерация басшылының кінәсі – ушыққан ішкі жағдайды көріп, біле тұра селт етпеуі. Жанкүйерлердің кінәсі – дер кезінде дабыл қақпауы. Футболшылардың кінәсі – клуб үшін жан бермей, құлқынның қамын ғана ойлауы. Спортқа жауапты тұлғалардың кінәсі – жағдайды бақыламай ауа жайылып кетуі. «Ертісті» құрдымға тастадық. Бірақ, кінәні кім арқалайды? Жанкүйерлер өңір спортындағы осы бір олқы тұс үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілікке тартылғанын қалайды.

Футболды кімдер басқаруы керек?

Бұл жердегі ең үлкен проблема – аймақ футболын футболдан хабары жоқ адамдардың басқаруы. Реал Мадрид пен Барселонаны білетіндердің бәрі футболдан хабардар деген сөз емес. Футболды оның ішкі кухниясын білетіндер, кәсіби тұрғыда ойнап көргендер, жалпы спорттан хабары барлар басқаруы керек. Бізде мұндай лаузымдарды экономист та, қаржыгер де атқара береді. Ал олар футболға спорт тұрғысынан емес, қаржы мен экономика тұрғысынан қарайды.

Дұрыс шешім болды

Иә, «Ертіс» чемпионатты бастамай жатып аяқтады. Бірақ, басқа амал жоқ еді. Мұны дұрыс қабылданған шешім деп есептеймін. Ойыншылардың қарызын төлемей, «бізде бәрі жақсы» деп өзімізді өтірік алдап жүре бергеннен жағдай оңалмайтын еді. Қайта ушыға түсетін еді. Былыққа батқан сайын батар еді.

Тығырықтан шығар жол бар ма?

Бар. Облыстың билігі шын араласса жағдайды реттей алады. Бүгін бағдарламаға қатысқан Айбек Ақылжанов облыс әкімінің тапсырмасы бойынша клубтың қарыздарын өтеуге инвестор іздестірілуде деді. Үміт оты жылт еткендей болды.

Клуб жабылған жоқ!

Анықтап алайық, клуб жабылған жоқ. Банкрот та емес. Тек, біріншілікті жалғастырудан бас тартты.

Легионерлерсіз неге өнер көрсетпейміз?

Бір жол бар еді. Ол – легионерлерден бас тартып, жергілікті ойыншылармен ғана өнер көрсету. Алайда, ол үшін легионерлермен келісшартты бұзу керек еді. Ал келісімшартты бұзу үшін негіздеме керек. Оған «біз жергілікті жігіттермен ғана жарысты жалғастырамыз» деген уәж негіздеме бола алмайды. Сондықтан, чемпионатты жалғастырудан бас тартты. Келісімшарттарды бұзуға да осы жағдай негіз болады.

Легионерлер қажет пе?

Қажет. Легионерлер жергілікті жігіттерді өсіреді. Тек, сапалы, қалыптасқан легионерлерді әкелу керек.

Футболшылар сотқа береді!

Клубты. Қай сценарийді таңдасаңыз да, футболшылар, легионерлер клубты сотқа берер еді және олар оған толық құқылы.

Футбол бізге керек пе?

Керек. Спорттың барлық түрі керек. Футбол керек емес деп жүргендердің өзі футбол матчтарын көретінін, балаларын футбол секцияларына беретінін кейде ұмытып кетеді. Футбол бізге дейін болған. Бізден кейін де болады.

Қазақстан жағдайында футболдың экономикалық тиімділігінен гөрі, әлеуметтік пайдасы басым. Футбол болмаса мыңдаған адамның немен айналысарын бір құдай білер еді?!

Футбол – ақшалы жер!

Ал ақшалы жерде жемқорлық көп. Назар аударарлық мәселе осы. Футбол төңірегіндегі барыс-келіс, алыс-берістің бәрі ашық болуы керек. Сонда ғана футбол дамиды.

P.S. Асығыс жазылды. Тағы біраз ойларды жазуға уақыт тығыз боп тұр. Қуандық бүгін шақырмаса, жазылмаған күйі кетер де еді.

Фархат Әмренов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×