Грекия-Қазақстан: Матч қарсаңында

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
21.03.2024, 13:24

Еуро-2024 турнирінің жолдамасына С тобы арқылы қол жеткізуге тырысатын төрттік – Грекия, Грузия, Қазақстан мен Люксембургтің арасындағы басты фаворит – эллиндер құрамасы. Осыған дейін қарт құрлықтың финалдық кезеңінде ойнаған да жалғыз осы грекиялықтар еді. Қазақстан, Грузия, Люксембург тарихында ешқашан Еуроларда бақ сынап көрген емес. Осы үштік үшін бүгін ерекше күн болмақ.

Грекия-Қазақстан: Матч қарсаңында

Грекия Ұлттық құрама командасы соңғы екі Еуропа біріншілігіне шыға алған жоқ. Ал оған дейін қатарынан үш чемпионатта өнер көрсетіп, (2004, 2008, 2012) соның біреуінде топ жарғанын жақсы білеміз. 2004-ші жылғы Отто Рехагельдің чемпиондық командасынан кейін эллиндер құрамасының басынан бақ тайғандай. 2008 де Австрия-Швейцария жеріндегі жарысты грекиялық жанкүйерлер есіне де алғысы келмейтін шығар. D тобында Испания, Ресей және Швециямен бірге түскен гректер, соңғы орын алған еді. Соңғы орын былай тұрсын, команда барлық бәсекеде ұтылып, топтық кезеңді бірде-бір ұпайсыз аяқтаған. Ал төрт жылдан кейінгі турнир 2008 бен салыстырғанда тәуір болды. Грекия құрамасы алдына тек Чехияны жіберіп, екінші орынмен плей-оф кезеңіне шықты. Иә, ширек финалда Германияға тас-талған ұтылып жарыстан ұшқанымен (4:2) гректер үшін 2004-ші жылдан кейін ең сәтті Еуро осы Польша-Украина жеріндегі жарыс болып отыр. Сол 2012-ден бері өткен екі жарысты жіберіп алған эллиндер құрамасының бүгін Қазақстанды аямайтыны анық. Густаво Пойет сенім артқан барлық мықтыларды шақырып, тас-түйін дайын екенін білдірген. Бас бапкер, тіпті Германияға жиі барғыштап жүр деген ақпараттар да бар. Қазақстаннан өтіп қойып, Грузия мен Люксембургтің қай жеңгенін де місе тұтпай жүрсе керек. Жарайды, ол жағын бүгін көре жатармыз. Ал Грекия Ұлттық құрамасының барын салары айдан анық. Қазақстан, Грузия және Люксембургтің қолын (аяғын деген дұрыс шығар) ешкім байлап отырған жоқ. Біздің бас бапкер Магомед Адиевтің де көңіл-күйі тәуір секілді. Кездесу қарсаңында командасының жағдайы жайлы пікірімен бөліскен Ресейлік маман, Қазақстанның қорғаныстан көрі, шабуылды көбірек ойлайтынын айтыпты.

Магомед АДИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ

"Қорғанысты ғана ойлау бізге жат. Даниямен сыртта да, өз алаңымызда да шабуыл арқылы ойнаған едік. Бүгін де біздің футболшылар, қарсылас секілді өзінің бағын шабуылдан іздемек. Ораза ұстап жүрген футболшыларымыз бар. Жаттығуымызда осындай жағдайлар ескерілген. Аузы берік футболшылармен жұмыс істедік. Сондықтан, бұл тұрғыда тәжірибе жеткілікті. Стадион лық толы болғаны қос командаға да жақсы емес пе? Көрерменсіз ойнағаннан көрі осы дұрыс.  "Астанадада" жанкүйер толы стадионда ойнап жүрміз. Сондықтан, бүгінгі грекиялық жанкүйерлерден ешқандай қысым көріп тұрған жоқпын. Егер қорқатын болсаң, не үшін келдің?».  

Португалия, Словакия, Босния, Исландия, Лихтенштейн құрамаларымен бір топта 17 ұпай жинаған Люксембургтің де бүгін ерлік көрсетпесіне кім кепіл? Оның үстіне бүгін Грузия сапында Хвича Кварацхелияның өнер көрсете алмайтынын ескерсек, бәрі де мүмкін. («Наполидің» жартылай қорғаушысы Испаниямен болған бәсекеде сары қағаз алып, тархи матчтан шеттетілген еді). Ал біздің басты назарымыз әрине, Афинадағы матчта болады. Бахтиер Зайнутдинов, Рамазан Оразов пен Абат Айымбетов астамсып сөйлеген эллиндерді орындарына қойып, күллі қазақ жанкүйеріне қуаныш сыйлайды деп сенеміз. Сондай-ақ, Магомед Адиев Ұлыстың Ұлы күні - ұлы іске ұйытқы болады деген сенім де мол.             

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 38
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×