Қатар қатарынан Азия кубогін алатындай

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
08.02.2024, 17:01

Бүгін түнде жарыс қожайындары тартысты бәсекеде Ираннан айласын асырды.

Қатар қатарынан Азия кубогін алатындай

Матч өте тартымты өтті деуге болады. Букмекерлердің біразы басымдықты парсы шығанағының командасына берген. Алайда, Қатар да оңай шағылатын жаңғақ болмай шықты. Кездесудің бірінші таймында басым түскен алаң иелері ақырында өз дегендеріне жетті. Иран ислам республикасының жігіттері де финалға шығуға лайық еді. Сердар Азмун Ибраның стилінде керемет гол салды. Жеңіліп жатып екінші таймда таразы басын теңестірді. Әттең бұл күні Мехди Тареми «Портудағыдай» ашыла алған жоқ. Әлде қарсыластары аяғына тұсау болды ма екен? Әйтеуір, португалия біріншілігінде таңдаулы футболшының бірі саналатын Таремидің тепкен добы қисық ұшты бұл кеште. Ол аз болғандай Иранның шабуылшысы матчтың соңында қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Жүйкесі сыр берген шығар. Бірақ, Тареми сабырды серік еткенде кездесудің тағдыры басқаша өрбитін бе еді, кім білсін? Себебі, бұл ойындағы бас төреші негізгі уақытқа қосымша 17 минут қосты.

Иран жеңіліп жатып, бір футболшыға кем бола тұрса да, шабуылдады. Амир Галеной шәкірттерінің таразы басын теңестіретін мүмкіндіктері де болды ғой. Иранның жанкүйерлері капитан Джаханбахштың соңғы минуттардағы соққысын әлі біразға дейін ұмытпайтын шығар. Осы чемпионат барысында Иранның құрамында тәуір ойнаған «Фейенордың» футболшысы еді. Джаханбахштың шірене тартқан соққысы Қатар қақпасының бағанасын жалай ұшып, Иранның соңғы үмітін үзгендей әсер қалдырды.

Енді жарыс қожайындары алақандарын ысып отырған болар. Өйткені, алдыда финал және Иордания құрамасы. Қалпақпен ұрып алармыз дейтін менсінбеушілік жоқ шығар. Дегенмен, орта шығыс елінен келген команданың Ираннан мықты еместігі жасырын емес. Бірақ, осы Азия кубогі болсын, Кот-д'Ивуар жерінде өтіп жатқан африка чемпионаты болсын, сенсацияға толы өтуде. Онда да ешкім күтпеген нәтижелер тіркеліп, қағаз жүзіндегі фавориттер жарыс жолын ерте аяқтады. Қалай дегенде де, Иорданияға финалда өте қиын болары анық. Иранды жеңген алаң иелері Азия чемпионы деген атағын қорғау үшін барын салады. Осының алдындағы сары құрлық біріншілігінің бас жүлдесін осы Қатарлықтар алған болатын. Енді сол дәреже-деңгейді дәлелдемек керек.

Салыстырмалы түрде Қатар әрине мықтырақ. Қай жағынан алып қарасақ та. Құрам десе, Иордания бұл көрсеткіш бойынша да қарсыласына есе жіберері анық. Иорданиялықтардың сапында Мұса Әл Тамаридің есімі ғана таныс деуге болады. Бұл жартылай қорғаушы «Астана» мен «Апоэл» арасындағы кездесулерден бері таныс. Иорданияның қазіргі құрамынан ойып тұрып орын алатын футболшы. Солтүстік Кореяға қарсы матчта гол салып, нәтижелі пас берген де сол еді. Иорданияны финалға жалғыз өзі сүйреп алып шықты десек әбден жарасып тұр. Сондықтан Иорданияның сенбідегі ойын өрнегі тікелей осы жігітке байланысты болмақ.

Қатар футболының өрісі кеңейіп келеді. Былтыр Әлем чепмпионатын дүркіретіп тұрып өткізді. Оған дейін жалпы футболдың дамуына, инфрақұрылымды дамытуға күш салды. Хавидей мамандарды тартып, клубтық деңгейді көтеруге ден қойды. Енді соның жемісін жеп жатыр. 10 ақпанда Лусаил спорт кешеніндегі финалда ине шаншар жердің болмайтыны айдан анық. Жергілікті жанкүйердің қиқуынан күш алатын Қатарлықтар қатарынан Азияның кубогін алуға талпынбақ. Біз әрине бейтараппыз ғой. Финалға тұрарлық әдемі футбол тамашаласақ деген тілек.      

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0

Тегтер:

Азия кубогі
Серіктес жаңалықтары
×