Құрамада бірнеше дебют күтеміз. Әли Әлиев «Оқжетпестің» футболшыларына мүмкіндік бере ме?

21.05.2025, 13:57

Ұлттық құраманың маусымда өтетін ойындарына шақырту алған футболшыларының кеңейтілген тізімі белгілі болды.

Құрамада бірнеше дебют күтеміз. Әли Әлиев «Оқжетпестің» футболшыларына мүмкіндік бере ме?
"Оқжетпес" - "Ақтөбе" кездесуі

Алда әлі негізгі тізімді де көре жатармыз. Әйтеуір байқағанымыз, Қазақстан құрамасының бас бапкері біраз жаңа футболшыға мүмкіндік беріпті. Әсіресе, Дамир Марат, Дәурен Жұмат пен Әлияр Мұхамедтің есімдері ерекше назар аудартады. Көкшетаулық команданың қос жартылай қорғаушысы мен шабуылшысы биылғы премьер-лиганың жаңалығына айналған. Дәурен Жұмат 5 голымен үздік сұрмергендер тізімінде жүрсе, Дамир Марат алаңдағы ойынымен ерекшеленуде (9 ойында 3+2). Әлиярді де дәл қазір Қазақстан құрамасына аса қажет деп есептейміз, себебі, Әли Ханәліұлы жаттықтыратын команда сапалы шабуылшыға өте зәру болып отыр. Тәжірибелі Абат Айымбетовтің ойын тәжірибесі жеткіліксіз. Дәл қазір Абат сияқты, оның орнын басатындай деңгейдегі тағы қандай таза шабуылшы бар?

Көкшетаулық ұжымның футболшылары үшін Беларусьпен болатын бәсеке өте маңызды. Өйткені, Әли Әлиев Солтүстік Македонияға қарсы ойын алдында «Оқжетпестің» өкілдері бар жаңа футболшыларды бір сынап алуы ықтимал. Қалай дегенде де бекер шақырған жоқ қой, бір ойлағаны бар екені анық. Ал спарринг қарсылас ретінде Беларусь өте жақсы вариант деп есептейміз. Еуропалық команда, шамалас дәрежедегі команда. Әли Ханәліұлы Беларусьпен болатын кездесуде жастарды бір ширатып алуды ойлағандай. Тізімдегі жаңа футболшылар сол Беларуське қарсы ойында мүмкіндіктерін толық пайдаланып, өздерін жақсы қырынан таныта алса,  маусымның тоғызында-ақ дебюттік кездесулерін өткізулері ықтимал. Барлығы жігіттердің өз қолдарында!

Мұның барлығы әрине біздің долбарымыз ғана, соңғы сөз Әли Әлиев бастаған бапкерлік құрамның еншісінде. Дегенмен, жаттықтырушылар нағыз бабында тұрған футболшыларды бекер шақырып отырған жоқ деп сенеміз.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×