Месси апологиясы

08.02.2021, 22:00
Соңғы кездері Мессиге көп сын тағылып жүр. Енді освлардың қайсысы шындыққа сәйкес келеді, анықтап көрейік.
Месси апологиясы

Апология көне грек сөзі (ἀπολογία - қорғау сөзі, белгілі бір адамды немесе бір дүниені (зат, ұғым, идея және т.б.) қорғауға бағытталған мәтін). Мысалға ХХ ғасырда тарих ғылымының дамуында төңкеріс жасаған француз тарихшысы Марк Блоктың "Апология истории" еңбегін еске түсіруге болады (постта тарихи кейіпкерлермен көп параллельдер жасалады). Бұл еңбекте М.Блок тарих ғылымының мәні мен қызметін қоғам алдындағы рөлін ақтап қорғайды. Бұл ұғым біреуді (нәрсе) әлдебіреудің айыптауынан қорғауды білдіреді (кітабтың орысша аудармасында Апология истории деген ұғым - оправдание истории деген ұғымға жақын).

Ендеше Мессиді ақтап, корғап көрейік. Бірден айтайық, бұл оңай шаруа емес. Наделал дров-то Месси соңғы кездерде (келісімшарт дауы)...

Мессиге тағылатын айыптардың ең ауыры - Месси көшбасшы емес. Айыптаушыларда қандай дәлел бар - соңғы жылдардағы "Барселонаның" Чемпиондар лигасындағы сүреңсіз ойыны, керек кезде, шешуші сәтте команданы құтқара алмайды, командаға рух беріп, ойынның жүрісін 180 градусқа кері бұра алмайды. Ал Роналду, Зидан сияқты ұлылар Чемпиондар Лигасында осындай матчтарда түрленіп, тамаша ойын өрнегімен көзге түсе алған дейді жанкүйер жұрт.

Екінші айып, бірінші айыптан өрбиді - Месси ұлттық құрамасын сүйрей алмайды - Аргентина құрама командасының әлем чемпионаты мен Копа Америкадағы сәтсіздіктері. Марадона, Зидан, Роналду, Гарринча команданы жалғыз өзі сүйреп, жеңіс сыйлай алған ұлылар деп бағаланады.

Үшінші айып - Месси Ла Лигада ғана қожа. Зидан мен Роналду Ла Лигамен қатар, басқа біріншіліктерде де көрерменнің көзайымы бола алған деп шу ете түседі білгір жұрт.

Қалған айыптар, жанкүйерлердің талғамы мен дүниетанымына байланысты туындайтын түсініктердің кешенін құрайды ("Мессидің бойы тым аласа, ол - нағыз гном", "Месси - мылқау", "Месси - ақшақұмар", "Месси - сұлу жігіт емес", "Месси - әдемі киіну білмейді", "Месси - лох, Роналду - бог" - әзіл).

Бірінші айыпты талқылайық. Иә, Месси жұрт ауызын толтырып айтатындай көшбасшы емес, бірақ біз жанкүйерлер Мессиді қандай көшбасшы ретінде көргіміз келеді? Көшбасшылардың да көшбасшылары болады, олардың әртүрлі типтері болады.

Бұл ереже футболда да өзін тамаша көрсетеді. Мессиге Рой Кин сияқты қызба мінез ойыншы болудың қажеті жоқ. Құдай оған басқа құт сыйлады. Ол Мессидің сиқырлы сол аяғы мен алаңда дұрыс шешім қабылдау - ақыл қабілеті. Қара жұмысты ол атқармайды. Нәтиже жасаудың өзі де көшбасшылық қасиет екенін бәріміз білеміз. Месси нәтиже жасаудың хас шебері. Нағыз лидер маңызды матчтарда гол соғу керек дейсіз бе? Месси - "Эль-классико" тарихында ең көп гол соққан сұрмерген. Әлде, сіз "Эль-классико" аясындағы ойындардың құндылығын жоққа шығарасыз ба? Нағыз лидердің өзіндік қолтаңбасындай есте қалатын тарихи голы болу керек деген ойды да естідік. Мысалға Зиданның "Байерге" соққан голы. Иә, нағыз есте қалатын гол. Чемпиондар Лигасының ақтық ойынында жеңісті гол салды Зизу. 2009 жылы Чемпиондар Лигасында Месси Ван Дер Сар қақпасына әуеде қалықтап ұшып баспен гол салады. Бұл гол да тарихта қалды. Бірақ Мессиде тарихи голдар көп. 2011 жылы Чемпиондар Лигасының жартылай финалында "Реалдың" 5 бірдей ойыншысын жалғыз өзі алдап өтіп, гол салады. 2015 жылы ЧЛ жартылай финалында "Баварияның" қорғаушысы, әлем чемпионы Боатенгті құлатып өтіп, соққан голы, Мессидің 2007 жылы "Хетафеге" соққан голы (Марадонаның стилінде).

Чемпиондар Лигасында "Барселонаны" сүйрей алмай жүр деген уәжге тоқталайық. Месси соңғы уақытқа дейін команданы жалғыз өзі сүйреп келді. Мессисіз өткізген "Барселона" матчтары мен Мессимен болған "Барселона" ойындарын салыстырып көрсеңіз болды, сұраққа жауап өзінен-өзі табылады. Әңгіме басқада, Месси жалғыз өзі ештеңені шеше алмайды, жалғыдың үні, жаяудың шаңы шықпастың кейпі осы. Хави мен Иньеста буыны кеткен соң, олардың орнын толтырар жаңа дарынды ойыншылар табылмады. Мессиге рояль таситын көмекшілер болмай қалды. Примаға оркестр керек, примаға дирижер керек. "Реалдағы" Роналдуда оркестр толық құрамда болды: Модрич, Кросс, Казимеро, Бензема.

жалғасы бар...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×