«Қайраттың» спорттық директоры: «Құрбан Бердыевпен жүргізілген келіссөздер процесінде ақша маңызды рөл атқармады»

25.08.2021, 17:07
Бердыев ертең «Фолаға» қарсы матчта алғашқы ресми кездесуін өткізеді.
«Қайраттың» спорттық директоры: «Құрбан Бердыевпен жүргізілген келіссөздер процесінде ақша маңызды рөл атқармады»

«Қайраттың» спорттық директоры Константин Лежнев Құрбан Бердыевпен жүргізілген келіссөздер мен маманға жүктелген міндеттер туралы айтты, деп хабарлайды Tele-sport.ru сайты.

- Біздің білуімізше, келіссөздер қиын болды. Тағы бір жылға ұзарту мүмкіндігі бар қысқа келісім-шарт қос тараптың көңілінен шықты ма?

- Иә, шынында да, келіссөздер оңай болған жоқ, мұны клуб президенті Қайрат Боранбаевтың жеке өзі бақылады. Құрбан Бекиұлын шақыру идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болды, бірақ ол кезде, өкінішке орай, мәмілеге келе алмадық. Қазір біз шынымен барлығының көңілінен шығатын ымыраға келдік, және біз бұған өте қуаныштымыз.

- Қаржылық аспект маңызды рөл атқарды ма?

- «Қайрат» - Бердыев үшін бөтен клуб емес. Оның ойыншы ретінде қалыптасуы осы жерде, Алматыда өтті. Және өзінің алғашқы бапкерлік тәжірибесін біздің клубта жинады. Жоқ, келіссөздер процесінде ақша маңызды рөл атқармады. Келісім-шарттың сомасы, әрине, құпия болып қалады, бірақ мен мұны көңілге қонымды келісім деп айта аламын.

- Келісім-шартта нақты мақсаттар көрсетілген бе?

- «Қайрат» дәстүрлі түрде алдына үш негізгі міндет қояды: Қазақстан чемпионы болу, Кубокті жеңіп алу және еурокубоктің топтық кезеңіне шығу. Клубтың барлық жаттықтырушыларының келісім-шарттарында осы міндеттер жазылған. Оның ішінде Құрбан Бекиұлы да бар.

- Бердыевтың ұсынысы бойынша жаттықтырушылар құрамына Дмитрий Кириченкодан басқа кім кіреді?

- Кириченко көмекші болады, ал футболшыларды қлыпқа келтіру бойынша жұмыс жасайтын маман Эдуард Кондуков команданың медициналық штабына қосылады.

- Жаңа бапкерлер жаңа ойыншыларды қатарға қоса ма? Атап айтқанда, клуб еркін агенттермен келісім-шарт жасаса ма? Ресей нарығы ашық дегендей...

- Жоқ, біз үшін жазғы трансферлік науқан аяқталды.

- Команда жаңа бас бапкердің тағайындауын қалай қабылдады? Өйткені, Бердыевтың келуімен ойыншыларға қойылған талаптар міндетті түрде артады.

- Бүгін ресми таныстырылымнан кейін тек алғашқы жаттығу жұмыстары өтті, бірақ қазірдің өзінде шынымен де ойыншыларға қойылатын талаптардың арта түсетінін түсінуге болады. «Қайраттың» көптеген ойыншылары Ресейде ойнады және олар бұл маманның жоғары талаптарын жақсы біледі. Бірақ біздің ойыншылардың бәрі кәсіпқой мамандар, оларға бейімделу қиын болмайды.

- Құрбан Бекиұлының формасы жайлы не айтасыз?

- Бердыев биыл командаға алғаш келгенде біз оның формасына таң қалдық. Соңғы жылдары ол өзгерген жоқ - керісінше, жас көріне бастады. Ол қазір нағыз бабында тұр. Қажет болса, ол сізге кез-келген техникалық элементті қалай дұрыс орындау керектігін оңай көрсетеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×