Қазақстандағы легионерлер. Қайта туылған әуесқойлар

22.01.2012, 22:04
Қазақстандағы легионерлер. Қайта туылған әуесқойлар

Әр маусымның басында Қазақстан чемпионаты биыл "өте тартысты өткелі тұр" деп есептейміз. Командалар сапына жаңадан ойыншылар келіп, бұрын-соңды аты-жөнін естімеген легионерлерге қанық боламыз. Биыл сырттан келетін ойыншылардың саны да артты. Ел футболына әр беретін шет елдің ойыншылары өз деңгейіне лайық па?

Қазақстанға жыл сайын 30-40 легионер келетін. Енді биылдан бастап олардың саны одан әрі артпақ. Премьер-лигадағы 14 ұжымда 7 легионердер тіркелмек. Сонда есептесеңіз, биыл Қазақстан стадиондарынан біз 98 легионерді көретін боламыз. Өткен жылдан бері осында өнер көрсетіп жүрген "өзіміздікі" болып кеткендерді есептемегенде шамамен 50 "жаңа есімді" көріп тамашалайтын боламыз.

Қазақстанға келіп жатқан легионерлердің негізгі ағыны қайдан түседі деген сауалға жауап берсек. Біріншісі таныс-тамыр арқылы. Жаңадан тағайындалған бапкердің бұрынғы білісі, жақыны, не болмаса кезінде олар бір командада еңбек еткен. Мұндай легионерлер шын мәнісінде өзге жолмен келетіндерге қарағанда сәл күштірек болады. Олар маусым бойында командаға қол ұшын беруге ұмтылып жүреді.

Легионерлердің екінші келу жолы ол - агент арқылы.

Агент - өз қарамағына 30-40 ойыншыны заңды түрде тіркеп алған агенттіктің өкілі. Агент осы ойыншылардың алдағы уақыттағы жұмыспен қамтылу жоспарына жауап береді.

Соған әрнешік бас қатырады. Біздің клубтарда аяқдопшымен келісімге келіп, қаржылай жағдайын роеттейтін клуб менеджері, я болмаса президенті.

Енді осы жерде бір қулықтың орын алып жатқандығын ескере кетейік. Бұл әлем футболында бар тәжірибе. Және өткен жылдардың бедерінде ел футболында бірнеше мәрте қайталанды да. Агент Түркияда жаттығып жүрген қазақстандық бір клубқа өз ойыншысын ұсынып көреді. Оның бағасы шамамен 100 мың АҚШ доллары. Егер дәл осы бағаға ойыншы өтетін болса онда ортада делдал қызметін атқарып жүрген агент табыстың астында қалмақ.

Клуб басшысы, ойыншымен келісімге келуші тұлға ұжымға бөлінген қаржы ішінен жаңадан легионер сатып аламыз деген желеумен қомақты қаржыны бір бөлек шетке ысырып қояды. Сосын әлгі жыл-сайын осындай істермен айналысып жүрген өзінің жақын таныс агентінің ойыншыларын командаға байқауға алады. Сөйтеді де бапкер "алуға болады" деген мәлімдемеден кейін келісім үстеліне отырады. Осы арада клуб өкілі әлгі ойыншыны 2 есе бағаға сатып алғысы келеді. Нақты, қағаз жүзінде оның бағасы 200 мың АҚШ долларына көбейеді. Осыдан кейін заңды түрде ол ойыншы қазақстандық клуб сапына өтеді. Агент өзінің 100 мыңын алса, клуб басшысы да осындай сомадағы қаржыға кенеледі.

Осы арада тағы бір түйткіл. Бапкер мәселесі. Егер бапкер "бұл ойыншыны алмаймыз" деген жағдайда ше? Онда Әлгі 100 мыңның бір бөлігін бапкерге беруге тура келеді. Ал қалған жанкүйерлер мен клубқа жауап беретін әкімшілік өкілдерін, жалпы қала жұртшылығын қалай алдарсың? Ол үшін әлгі ойыншының қай командада ойнағаны, қанша гол соққандығы, кезінде мықты ойыншы болғаны туралы рас-өтірігі аралас ақпараттар тарайды. Фотошоп, видеомонтаж, құжаттарды жалған жасау секілді дүниелер трансферлік ағымда кеңінен қолданылатынына да талай куә болдық.

Африканың бір ұлттық құрамасында 2 ойын ойнаған ойыншыны дабыра қылып көрсетіп, жарнамасын келістіріп, әлгіндей бармақ басты көз қысты әрекеттермен командаға алу осындай үрдістен шығып отырған жағдай.

Ұлттық құрамада 2 ойын ойнап 5 гол соққан деген статистикаға былайша қарасаңыз сенудің өзі қиындау. Ондай статистикасы бар ойыншы неге қазіргі күні сол құрама командасында өнер көрсетпейді дейсіз ғой.

Тағы бір қызық. Африкалық қара нәсілді ойыншылар көбінесе бір-біріне ұқсас келеді емес пе? Агенттердің тағы бір қулығы осында іске асады. Кезінде Еуропа алаңдарында тәп-тәуір өнер көрсеткен ойыншылар соңғы жылдары өз біріншіліктеріне кетіп, немесе жарақат алып футболмен қош айтысып жатады. Конгоның ішкі біріншілігінде футболдағы ғұмырын жалғастырып жүрген осындай ойыншының аты-жөнін тура айнытпастай етіп қайта жасасаңыз әлгі ойыншы қайтадан өмірге келді дей беріңіз. Ортаңқол өнер көрсететін әлогі ойыншы қайта туылды. Клуб басшылары мен бапкерлер өз командаларына келіп отырған жаңа ойыншы туралы мәліметті "гугл" немесе өзге де футболшылар туралы агенттіктерден іздегенде байқауда жүрген ойыншыларының кезінде әжептәуір ойыншы болғандығына көз жеткізеді. Кейбір жағдайда бапкерлер мен басшылар шын мәнісінде алданып қалады немесе "алданып" қала салады...

P.S

Айтарымыз осы жердегі қулықтарға өзіміздің клуб басшылары мен бапкерлеріміздің жол беруінде. Қомақты қаржы тұрғанда жолдан тайып, футболды екінші планға қоя тұру бұл кәнігі күнделікті жағдай болды. Елдің ақшасы сыртқа кетті және облыс командасына қолдау көрсетіп жаны ашып жүретін жанкүйер қайда қалмақ? Осыған бас ауыртатын негізгі "тіршілік көзі" әкімшілік неге мұндай жағдайға бақылау жасай алмайды. Себебі, олар мұнда қандай "қулықтар" іске асып жатқанынан мүлде бейхабар. Демек, біздің клубтарды жақын арада жеке меншікке өткізу керек. 

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Анри әлде СКОУЛЗ?
Серіктес жаңалықтары
×