Қысқы трансферлер: Азар Мбаппе саудасының бір бөлігі атануы мүмкін

04.12.2020, 21:40
Назарларыңызға қызу талқыға түсіп жатқан қаңтар айында орын алуы мүмкін трансферлерді ұсынамыз. Ал қысқы трансфер терезесінің ашылуына небәрі бір ай ғана қалды.
Қысқы трансферлер: Азар Мбаппе саудасының бір бөлігі атануы мүмкін

«Реал» Мбаппені қатарына қосу үшін Азарды құрбан етуге дайын


Флорентино Перестің Азарды екі жыл бұрын туриндік «Ювентустың» қатарына ауысқан Криштиану Роналдудың орнын жоқтатпайтын ойыншы қылам деген жоспары талқан болды. 100 миллион еуроға сатып алынған бельгиялық шабуылшы Роналдудың орнын баспақ түігілі, толыққанды ойынын көрсете алмай жүр. Азар бір жарым жыл ішінде, жарақаттан көз ашпай бар болғаны 3 гол соғып, 7 нәтижелі паспен көзге түсті. Англия шыңын бағындырып келген ойыншыға енді Испанияда топ жару үшін басты кедергі сол жарақат болып тұр. Эден клубқа келгелі осымен 8-ші жарақатын алды. Бірақ Азардың сонау «Челсиден» бері келе жатқан жанкүйерлері оның бұл кедергілерден шығып, қайта өз бабына келетініне сенеді. Тек бұған сеніңкіремей тұрған корольдік клуб жанкүйерлері мен клуб басшылығы.

El Chiringuito TV басылымының хабарлауынша "Реал" Мбаппені қатарына қосу үшін Азарды трансфердің бір бөлігіне қоспақ. Талай клубтың көзіне түсіп жүрген 21 жасар әлем чемпионын осы маусымда сатып алу мүмкін емес. Себебі париждік клуб Мбаппе үшін кемінде 200 млн еуро сұрап отыр. Ал "Реал" дәл қазір мұндай қаражатты тауып бере алмайды. Сондықтан Перес ұсыныстың ең тиімді бөлігі деп Азарды санап отыр. Бірақ ақшадан еш тапшылық көрмеген ПСЖ-ға ағымдағы маусымда бельгиялық ойыншы керек пе? Оның үстіне үнемі жарақат алып тұратынын тағы айтып өткеніміз жөн.

Лопетеги Исконы «Севильяда» көргісі келеді

28 жасар жартылай қорғаушының Азардың күйін кешуіне ешқандай негіз жоқ. Бар себеп өзінде болып тұр. Тек өзіне берілген мүмкіндікті толық қолдана алмады. Бір кездері Бэйлдың алдын орап негізгі құрамнан орын алып жүрген ойыншы қазір тіпті алаңға сирек шығатын болып кетті. Исконың ойыны Зинедин Зиданның көңілінен шықпағасын оны клубтың маңызды ойыншыларының бірі деп есептемейді. Испаниялық футболшы ағымдағы маусымда 9 ойынға қатысты. Бірақ оның біреуінде де алаңда толық 90 минут өткізбеді. Бапкер саған күмәнмен қарап, алаңға сирек шығарып, әр қадамыңды аңдығанда өз ойыныңды көрсету расымен де қиынырақ. Сондықтан қосалқы құрамнан шыға алмай жүрген ойыншыға басқа ұсыныстарды қарап көрген тиімді секілді.

Жартылай қорғаушының алаңда жасындай жарқылдап, атой салатынана сенетін бапкер әзірге Лопетеги болып тұр. «Севильяның» бапкері Искомен ұлттық құрама және «Реалдың» бапкері болған тұстардан бері жақсы таныс. Сондықтан 54 жасар маман Зиданға қарағанда, Исконың ойыны алға басатынына сеніп, оны жалға алу жөнінде ұсыныс тастап та үлгерді. Бірақ Искодан келген кері байланыстың жауабы жоқ болды. Жартылай қорғаушыны «Севильяның» ұсынған айлығы қанағаттандырмады. БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, Лопетеги кезекті мәрте ұсыныс жіберуге дайын. «Севилья» басшылығы Иско үшін қосалқы құрамда отырғаннан гөрі, Лопетегидің бастауымен толық ойын көрсеткен тиімді екенін жақсы біледі.

«Барселона» шұғыл түрде қорғаушы сатып алғысы келеді


Каталондық ұжым Пикенің орнын басатын ойыншы іздеп жүргеніне біраз болды. Сондай-ақ қазір клубта Карлес Пуйоль немесе Хавьер Маскеранодай сенімді қорғаушылар жоқтың-қасы. Пике жарақатына байланысты өз ұжымына алдағы 3-5 ай аралығында көмектесе алмайды. Ал Испания Чемпионатының соңғы турында аяғын ауыртып алған Клеман Ланглеге толық сенім артуға болмайтындығы тағы бар. Бұл ойыншыларды қоспағанда қосалқы құрамда жарақат алған тағы Араухо мен Самуэль Умтитидың бар екені бізге мәлім.

Испаниялық AS басылымының хабарлауынша, Пикенің орнына басты үміткер қорғаушылардың бірі «Атлетико Мадрид» ойыншысы Фелипе болып отыр. Диего Симеоненің сеніміне толық кірмеген бразилиялық үшін, "Барселона" маусым соңына дейін жалға алып көрмек. Сондай-ақ кандиттар тізімінде «Челсидегі» Антонио Рюдигер мен «Арсеналдағфэы» Шкодран Мустафи да бар. Аталған ойыншылардан бөлек, ең тиімді нұсқаның бірі болашағынан үміт күттірер каталондықтардың өз ұясынан түлеп ұшқан шәкірті Эрик Гарсия. 19 жасар жас қорғаушыны қайтару үшін жұмысқа кіріскелі бірнеше ай болды.

Эриксен қаңтарда "Миланнан" кетпек


Лондондық «Тоттенхэммен» арадағы келісімшарттың бітуіне жарты жыл қалғанда асығыс шешім қабылдап, Эриксеннің А Сериясына кетіп қалғанына өкінетінін еш күмәнсіз айта аламыз. Даниялық жартылай қорғаушы «Интерге» келе салысымен, Антонио Контенің сенімінен шығып қалды. Кристиан осы маусымда 9 ойынға қатысып (4-еуі негізгі құрамда), мүлде көзге түспеді. Көзге түспеді дегеніміз гол соқпақ түгілі бірде-бір нәтижелі пас та бере алмады. Сондықтан жалпақ жұрт оның «Интер» үшін маңызды ойыншы емес екенін жақсы біледі. Клуб басшылығы қысқы трансфер кезеңінде жартылай қорғаушы үшін ұсыныс түссе, сатып жіберуге дайын.

Эриксен қайда барады дегендегі көп аяқ доп мамандарының нұсқасының бірі «Тоттенхэм» болып отыр. Бірақ тік мінезді Моуриньо оны керек қыла ма екен? Кристианның «Тоттенхэм» сапындағы ғаламаат ойыны көзден таса, көңілімізден ұмыт болған жоқ. Сол себепті осындай ойыншыны сатып жіберу асығыс шешім секілді.

Шерхан Абзалұлы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×