«Қызыл-Жар» қарсыласы «Осиек» жайлы не білеміз?

30.06.2022, 15:38
Қазақстандық клубпен хорватиялық команданың нендей айырмашылығы бар?
«Қызыл-Жар» қарсыласы «Осиек» жайлы не білеміз?


Тарихы мен жетістіктері:

1947 жылы құрылған "Осиек" футбол клубы Югославия біріншілігінде өнер көрсетіп бастайды. Онда 5 маусым бойы чемпион атанады. 1977 жылы Югославия ыдырауына байланысты хорватиялық клуб біріншіліксіз қалады. "Осиектің" чемпионатсыз қалғанын көрген Союз футбол қауымдастығы хорватиялық команданы қатарына қосады. Алайда, "көк-ақтар" союзда оңдырып ойнамайды. 3-4 маусымға тұрақтаған "Осиек" отанында оңалуды жөн көреді. Команда 1990 жылдардан бастап Хорватия біріншілігіне ауысады. Онда ол, мығым үштіктің біріне айналады. Хорватияның 8 дүркін қола жүлдегері "Осиек" өз тарихында 21 жүлде жеңіп алған.

 

Стадионы:

"Градский Врт": Осиек, Хорватия

Сыйымдылығы: 18,856

УЕФА талаптарына сай.

Осиек қаласында орналасқан "Градский Врт" стадионында "Осиек" футбол клубы мен Хорватия ұлттық құрамасы өнер көрсетеді. Іргетасы 1945 жылы қаланған спорттық ғимарат 2005 жылы УЕФА тапсырысы бойынша күрделі жөндеуден өтеді. Реконструкция нәтижесінде орындықтар саны 1000-ға көбейеді және маңызды қонақтарға арналып Vip кабиналар соғылады. Қорыта айтқанда «Градский Врт» Хорватия біріншілігіндегі сыйымдылығы жоғары стадиондардың төрттігіне кіреді.


Аты: "Қызыл-Жар", Қазақстан

Құрылған жылы: 1968

Бюджеті: 2 млн еуро

Сайты: https://fcqyzyljar.kz/


Тарихы мен жетістіктері:

Петропавлдық «Қызыл-Жар» Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін ешқандай жетістікке жетпеген. КССРО кезінде төменгі лигалардың табалдырығын тоздырумен өткен петропавлдық клуб 7 орынды қанағат етумен жүрді. 1999 жылы "Қызыл-Жар" алтыннан алқа тағушы еді. Алайда, мәреге жетерде шалыс басқан команда бір емес екі алтыннан құр қалады. Жалпы алғанда клуб өз тарихында 8 жүлде жеңіп алған.


Стадионы:

"Қарасай": Петропавл, Қазақстан

Сыйымдылығы: 9100

УЕФА талаптарына сай емес.

"Қызыл-Жардың" еурокубоктік додаларда өнер көрсететінің бізден жақсы білген Петропавл атқамінелері «Қарасай» стадионын күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізбеген. Оңтүстік және солтүстік трибуналары жоқ спорттық ғимарат УЕФА түгіл ҚПЛ стандартына әрең сай болып жүрген жайы бар. Кеңес кезіндегі құрылысымен тұрған "Қарасайды" қарамағымыма аламын деп келген футбол жанашырлары сөзден іске келгенде сытылып кетуде. Міне осындай уәделі азаматтардың кесірінен Петропавл жұртшылығы алдағы келер еурокубоктік ойындарды өз стадионында тамашалай алмайды. "Қызыл-Жар" мен "Осиек" ойыны "Астана-Аренада" өтеді.


Қазақстанмен "Осиекті" ойын емес ойыншылар байланыстырады

Қазақ жанкүйерлеріне мәлім екі ойыншы ойнайды "Осиекте". Олар – Михрет Топчагич пен Ласло Кляйнхайслер. Аустриялық ойыншы 2014/15 жылдары қарағандылық "Шахтер" сапында өнер көрсеткен. Жалпы алғанда, Топчагич "кеншілер" сапында 57 ойын өткізіп, 18 гол салады. Қарап отырғандарыңыздай, Михрет сұрмергендік қасиетімен мақтана алмайды. Бойшаң ойыншы "Осиек" сапында 2021 жылдан бері ойнап келеді. Келесі бізге таныс футболшы венгр – Ласло Кляйнхайслер. 2017 мен 2019 жылдар аралығында "Астана" сапында ойқастаған жартылай қорғаушының алыстан бағыттайтын жойқын соққылары әлі есімде. Әсіресе, "Миттдьюллан" командасына қарсы кездесуде бар өнерін паш еткен Ласло "Астана-Аренаны" бір шулатып еді. Бір қызығы "Астана" футбол клубы үшін 40-тан астам ойын өткізген «венгриялық Пол Скоулз» сол бір екі голдан кейін көзге түспепті. Кляйнхайслер Топчагич секілді "Осиекте" 2021 жылдан бері доп тебуде.

Көбеев Мұхаммедқали

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×