Самат СЫМАҚОВ: «Құрамамен қоштасу маған да қиын тиді»

29.09.2011, 19:52
Самат СЫМАҚОВ: «Құрамамен қоштасу маған да қиын тиді»
Қазақстанның ең танымал футболшыларының бірі, еліміздің алты дүркін үздік футболшысы Самат Сымақовтың  «Жақсы» ұлттық порталына берген арнайы сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз. – Самат, ұлттық құрамадан кету туралы шешіміңіз тым асығыстау болған жоқ па? Небәрі 32 жастасыз. Әлі екі-үш жыл жоғары деңгейде құрама сапында да ойнауға күш-қуатыңыз жетеді емес пе? Әрі сіз сияқты тәжірибелі ойыншылар құрамаға ауадай керек қой. – Шыны керек, бұл шешімді қабылдау маған да оңайға түскен жоқ. Менің құрамадан кеткенім бірінші кезекте жанкүйерлерге ауыр тигенін білемін. Бірақ футболшының алаңдағы ғұмыры тым қысқа ғой. Басы бар нәрсенің аяғы бар деген сияқты. Меніңше, дер кезінде спорттан, құрамадан кете білу де – ерлік. Соңымнан «Самат жасы келсе де жасыл алаңда далақтап, құр босқа жүр. Одан да жастарға орын босатпай ма?» деген сыңайдағы сөз ергенін қаламадым. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Сондықтан, өзім үшін де өте қиын қадамға бардым. Бірақ футболдан кеткенім жоқ, Алла денсаулық берсе, «Ақтөбеге» әлі біраз қызмет етпек ойым бар. Әлемдегі әйгілі ойыншылар да өмірбақи доп қуып жүрген жоқ қой, жасы келгендері бутсысын шегеге іліп жатыр. Ерте ме, кеш пе, менің де футболшылық ғұмырыма нүкте қоятын кез туады. Сол уақытта қандай күй кешерімді әзірге ойлауға да қорқамын. – Ұлттық құраманың Түркия мен Әзербайжанға қарсы матчтарын көре алдыңыз ба? – Өкінішке қарай, көре алмай қалдым. Ол кезде «Ақтөбе» сапында Мәскеуде оқу-жаттығу жиынында жүргенмін. Қазақстанға оралғаннан кейін екі ойынның да үзінділерін қарап шықтым. Жігіттердің намысқа тырысқаны  байқалып-ақ тұр. – Сол ойындарды тамашалап отырып, «мына жерде мен болғанда ғой» деп ойлаған кезіңіз болған шығар... – Иә, ондай сәттер болды. Жоғарыда айттым ғой, ұлттық құрамадан кету маған оңайға түскен жоқ. Бірақ ол – біраз уақыт бойы ой сүзгісінен өткізіп барып, қабылдаған шешімім. – Бұл шешіміңізді құрамадағы, клубтағы достарыңыз қалай қабылдады? – Барлығы қарсы болды. Бәрінен де «әлі біраз құрамада ойнасаңшы» деген пікір естідім. – Құраманың жейдесінде 59 матчта алаңға шығып, Қазақстанның намысын қорғадыңыз. Олардың ішінде есіңізден кетпейтін кездесу қайсысы? – Ұлттық құрама сапында өткізген тұңғыш ойыным (2000 жылдың 31 наурызында Азия кубогының іріктеу матчында Иорданияны 1:0 есебімен ұтқан Қазақстан құрамасының сапында Самат 90 минут ойнады«Жақсы»). Ол матчты мен өмір бойы ұмытпаймын. Сосын, әрине, Сербиямен болған кездесу, жеңіс! Жалпы жиі жеңілсек те, Қазақстаным үшін аянып қалған кезім жоқ. Отанымның мерейін асыру қашанда арманым болатын. – Сіз ұлттық құрамада бірнеше бас бапкермен жұмыс істедіңіз: Ваит Талғаев, Вахид Масудов, Арно Пайперс, Сергей Тимофеев, Леонид Пахомов, Мирослав Беранек... Осы бапкерлердің қайсысының қол астында жаттығу сізге көбірек ұнады? – Ешкімнің сыртынан әңгіме айтқым келмейді. Әр футболшының алаңға жеңілемін деп шықпайтыны рас қой. Сол секілді, кез келген бапкер жеңілуді мақсат етпейді. Жақсы нәтиже көрсетіп, мейлінше көп ұпай жинауға ұмтылады. Біздің құрамаға келген әрбір бапкердің команданы жаттықтыруда өзіндік ерекшеліктері болды. Бірақ бәрінің түпкі мақсаты – табысқа қол жеткізу еді. – Неміс маманы Бернд Шторкпен мүлде тіл табыса алмадыңыз. Неге? – Бұл адам туралы ештеңе айтқым да, тыңдағым да келмейді. – Самат, сізге кезінде шетелдік клубтардан бірнеше ұсыныс түскенін білеміз. Ақпарат құралдары сізді Германияға қоныс аударады деп те жазды, Израильдің «Хапоэліне» (Тель-Авив) ауысудан да бас тарттыңыз. Себебін білсек бола ма? – Иә, рас. Биылғы қаңтар айында бір неміс клубына барып, мамандардың, дәрігерлердің бақылауынан өтуім керек еді. Бірақ белгілі бір себептермен бармай қалдым. Не себеп екенін айтпай-ақ қояйын. Ал «Хапоэльге» мені «Ақтөбе» жіберген жоқ. – Қазір біздің жанкүйерлерді Қазақстан құрамасының көңіл көншітпейтін ойындары алаңдатады. Сіздің ойыңызша, құрамамызға не жетіспей жатыр? – Біздегі спорт инфрақұрылымдарының жағдайы туралы мен айтпасам да білесіз. Басқасын қозғамай-ақ, елдегі ең беделді клубтардың бірі – өзім өнер көрсететін «Ақтөбені» мысалға келтірсем де жеткілікті. Қазір командамыздың жаттығу жиындарын өткізетін басы артық алаңы жоқ. Сол себепті клуб ойыншылары Ресейге немесе Түркияға барып, оқу-жаттығу жұмыстарын өткізуге мәжбүр. Мұны айтып жатқаным – бізге қазір ең алдымен балалар футболына назар аудару керек. Жанкүйерлер де білетін болар, қазір Қазақстандағы балалар футболының жағдайы кісі қуантарлықтай емес. Кішкентайынан футболшылық іргетасы дұрыс қаланып, дұрыс бағыт-бағдар алған, дұрыс жаттығу жұмыстарын жүргізген баладан ғана өскенде жоғары нәтиже талап етуге болады. Яғни, допты қалай тоқтатуды дұрыс меңгермеген, допты алып жүру техникасын бапкерден емес, теледидардағы ойындардан үйренген, жаттықтырушысымен бірге пас беру өнерінің классикалық үлгілерін егжей-тегжейлі талқыламаған, футбол тактикасы пен ойыншылардың алаңдағы қозғалыс схемаларын тереңінен түсінбей, өз бетімен тесік допты ермек үшін тепкілеп жүрген балалардан ертең халықаралық дәрежеде тамаша табыс күту – ақымақтық. – Егер сізді болашақта Қазақстан құрамасының бас бапкері болуға шақырса, келісер ме едіңіз? – Қоя тұрыңыз, жаңа айттым ғой, менің әлі біраз «Ақтөбе» сапында ойнамақ ойым бар (күлді). Футболшылық ғұмырым толығымен аяқталған жоқ. Оның үстіне, менің бапкер болуға қарым-қабілетім жете ме, жоқ па, оны да ескеру керек емес пе? Құрама бапкері түгілі, клуб жаттықтырушысы болу үшін әлі біраз тәжірибе жинақтауым керек. – Қалай ойлайсыз, биыл «Ақтөбенің» ел чемпионатында алтынға таласуға мүмкіндігі бар ма? «Жетісу», «Шахтер», «Астананы» айналып өту сіздер үшін енді мұң сияқты ғой... – Мүмкіндік әр кезде бар. Өкінішке қарай, соңғы кездері жанкүйерлерімізді қуанта алмай жүрміз. Барлық кінә – өзімізден. Біздің гол соғу көрсеткішіміз тым төмендеп кетті. Бірақ бұл – «Ақтөбе» бітті, жеңілді» деген сөз емес. – Қашанда сіздерді қолдауға дайын «Ақтөбе» клубының жанкүйерлеріне қызыға қарайтындар көп. Жанкүйерлеріңізбен қарым-қатынасыңыз қалай? – Расын айтсам, сүреңсіз ойындардан соң, жанкүйерлерден ұялып жүрген жайым бар. Біздің команданың тілеулестеріне алғыстан басқа айтарым жоқ. Қандай жағдайда, қандай ауа райында болсын, бізге тікесінен тік тұрып құрмет көрсетеді. Ішкі біріншіліктегі ойындарды былай қойғанда, шетелдегі матчтарда да команданы қолдаусыз қалдырған емес. Осыдан соң сенің жеңісіңді тілеген ақжүрек жандармен жақын араласпау, сыйласпау мүмкін емес! – Сізде футболдан өзге табыс көзі бар ма? Көптеген спортшылар өз бизнесін дөңгелетіп жүр ғой. – Дәл қазір менде жалақыдан басқа кіріс көзі жоқ. ©Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫ «Жақсы-анықтама»: Самат Қабірұлы Сымақов. 1978 жылы 8 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген. Қазақстанның 6 дүркін чемпионы (1998, 1999, 2004, 2007, 2008, 2009). Екі дүркін Қазақстан кубогының иегері (2002, 2008), Екі дүркін Қазақстан Суперкубогының иегері (2008, 2010), Қазақстанның алты дүркін үздік футболшысы (2003, 2004, 2005, 2007, 2008, 2009). Қазақстан құрамасының сапында 59 ойын өткізіп, 1 гол соққан. «Ақтөбе» футбол клубында өнер көрсетеді. http://jaqsy.kz/story/446
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×