Сенім мен төзім

25.01.2014, 20:24
Сенім мен төзім
Аңыз Сэр Алекс Фергюсон кеткеннен кейін, “Манчестер Юнайтед” басқа командаға айналады,  ойынында қиындықтар туындайды деп болжаған болжағыштар. Ал, осылай құлдырау жылдам болады деп кім ойлаған. Былтырғы чемпиондар, осы жылы атағын қорғамақ түгілі, қазір Чемпиондар Лигасына жолдама беретін орынға жақындай алмауда, былтырғы дәл осы уақытта, қазіргі ұпай көрсеткішінен 18 ұпай артық болған чемпионатта. Англия кубогі мен Лига кубогінен жарыс жолынан шықты, жалғыз үміті Чемпиондар Лигасы. Онда да “Барселона”, “Бавария”, “Реал”, жақында ғана жеңістің ащы дәмін татқызған “Челсилер”,  Мойес командасынан екі бас болмаса, бір бас мықтылығы айдан анық. Оптимистік көз қараспен қарағанның өзінде жартылай финалға жетер. Әрине, бұндай нашар нәтиженің бәріне де Давид Мойес кінәлі. Кез келген командада жаттықтырушы клуб айнасы. Футболдың майын ішіп, саралауды әдетке айналдырған кейбір мамандар пікірі бойынша, Мойес “Манчестер Юнайтед” сияқты командаға лайықсыз, Фергюсон ізін жалғастыруға дәрменсіз  жаттықтырушы екендігін көрсетіп қойған-мыс. Бірақ,  Дэвид Мойеске уақыт керек дейтіндердің қатарындамын мен де.  Неге Фергюсон, ізбасары ретінде Гвардиола, Моуриньоларды емес, Мойесті көргісі келді ? Клуб иесі,  Глейзерлер отбасысы неге Мойесті таңдады? Эвертонде Мойес, өзін алыптар санасар команданың үлкен қаржысыз-ақ құра білетінін көрсетті.  Глайзерлер отбасы,  шейхтардың “Манчестер Ситиге” қалталап құятыны сияқты, Абрамовичтің “Челсиге” шелектеп төгетіні секілді қаржыны бөлмейді. Олардың басты мақсаты аз шығындалып көп пайда көру. Біреулерге ащы болса да бұл шындық. Басты себептің бірі осы. Екіншіден, неге Моуриньюді шақырмады деген сұрақ бар көптің көкейінде.  Моуринью-мотиватор. Бұл дегеніміз, керекті нәтижені алу үшін командадан, ойыншылардан бар мүмкіндікті суырып алады да, аяғында тесік көрінген кезде кете барады қол бұлғап. Мінезі де тым ауыр. Жеңістен кейін алдына биік мақсат қойып, соған жету үшін кінәсіз ұшып жүрген шыбынмен де қылыш сермесіп шығады.  Жүрген жерін былықтырып жүретін португалиялықты, әр істі сабырмен шешуге тырысатын Фергюсон,  жаттықтырушы орындығында көргісі келмеді. Мойес өте еңбекқор. Және өз түлектерін командаға тартады. Бұл Фергюсонға да тән қасиеттұғын. Мүмкін кейбіреулер түлектерге үміт артқанша, жат жерден жұллдыздар тартып,  соларды жасыл алаңда көргісі келер. Бірақ, бұл “Юнайтедке” тән дәстүр емес. Бұл командада әрқашанда өзінің түлектері болуы керек. Тағы бір факт. Дәл қазір, Мойесті отставкаға жібере алмайды. Келісім-шарт 6 жыл. Егер сол келісім-шартты клуб 5 жыл бұрын бұзатын болса, шамамен Мессидің бағасындай ақшаны төлеуі керек, одан көп болмаса.  Ал, Глайзерлер отбасысында артық ақшаның, “Манчестер Юнайтед” үшін болмайтынын жоғарыда айтқан болатынмын. Білесіз бе, жарты жыл уақыт футболда ешнәрсені тайға таңба басқандай дәл көрсетіп, ашып бере алмайды. Жаттықтырушы жұмысын жарты жыл емес, кем дегенде 2 жыл уақыттан кейін бағалауға болады. Ұлы деген сэр Алекс командасы, 1989-шы жылы, яғни жаттықтырушылыққа тағайындалғаннан 3 жылдан кейін, тағы қайталап айтам  3 жылдан кейін, маусым аяғына таман Чемпионшипке түсудің сәл-ақ алдында тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. Қазіргі” Манчестер Юнайтедте” құлдырау бар. Бірақ, бұл уақытша. Дегенмен де, Фергюсон ізбасарды, сенім артар адамды таңдауда қателескен жоқ. Сол сенімнің ақталуын төзімменен күтелік. Бұл “Манчестер Юнайтед” жанкүйерінің, кез келгеннің парызы. Тек қана, “қызыл сойқандарды” “гранд” деген тізімнен сызып тастай көрмеңіз, мейлі Примьер-Лигада 7-ші орында тұрса да, чемпион атағын қорғауға қауқарсыз болса да. Таң атады, күн батады, уақыт өтеді,  Манчестер Юнайтед қайта оралады. Себебі, Фергюсон атты тірі аңыз,  футболды күндермен, турлармен, айлармен емес, жылдармен саралауды үйреткен.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×