Тиын-тебенге сатып алынған жұлдызды ойыншылар

08.12.2020, 03:45
Назарларыңызға теңбіл доп әлемінде өте арзан бағаға немесе тегін ауысқан футболшыларды ұсынамыз.
Тиын-тебенге сатып алынған жұлдызды ойыншылар
2Q==


Златан Ибраһимович

«Лос-Анджелес Гэлакси» (АҚШ) → «Милан» (Италия)

Трансфер құны: еркін агент

Отызынды орда бұзып, қырқында қамал алған Златанның трансфері аладоп жанкүйерлері мен басылым беттерінде қызу талқыға түскені сөзсіз. 38 жаста Америкада доп теуіп ардагер ойыншы қайта А Сериясына келеді дегенде мырс күлгендер қаншама. Бірақ Ибрагимовичтың MLS лигасындағы көрсеткішіне зер салсаңыз, мырс еткен күлкіңіз бен жағымсыз пікіріңізді қайта алар едіңіз. Шведтің «Миландағы» 2019/20 жылғы маусымын ауыз толтырып мақтап жаза алмасақ та, 2020/21 жылғы маусымда айтарлықтай жоғары деңгейде өнер көрсетуде. Өткен маусымда соққан 10 голын ағымдағы маусымның бел ортасында-ақ қайталап тастады. Дәл қазір Роналду мен Лукакудың алдын орап, А Сериясының ең үздік сұрмергені атанып тұр. Сонымен қатар «Милан» Италия чемпионатында 26 ұпаймен көш бастап тұр. Ойналмаған бір матчы тағы бар! Егер «Милан» Италия чемпионы атанып, Ибрагимович лиганың сұрмергені атанар болса, бұл осы жылдың басты сенсацияларының бірі болар еді.

Z


Джейдон Санчо

«Манчестер Сити» (Англия) → «Боруссия Д» (Германия)

Трансфер құны: 7,84 млн еуро

"Манчестер Сити" басшылығы тиын-тебенге сатып жіберген шәкірттерінің қазіргі ойын өрнегін көргенде бармақтарын тістеп қалғаны анық. Санчоға қызығушылық танытып отырған клубтардың қарасы көп. Қазіргі трансфер нарқында Дортмундтық клуб ағылшынды кемінде 100 миллион еуроға бағалап отыр. Ал ойыншы небәрі 20 жаста. Хосеп Гвардиола жас шабуылшымен неге қоштасқанын оны команда ішіндегі бәсекеге түсуге дайын емес деп түсіндірді. Пеп бұл жасаған әрекетінің бүгінге дейін қате екенін мойындағысы келмейді.

Бұған дейін «Манчестер Сити» шәкіртін қайтару жөнінде жұмыстардың басын бастап көрген екен. Алайда Гвардиола бұл трансферге қарсы болыпты. Жасындай жарқыраған ойыншыны көптің ішінен тауып алған «аралардың» скауттарына бір қол соққың келеді.

Z


Джеймс Милнер

«Манчестер Сити» (Англия) → «Ливерпуль» (Англия)

Трансфер құны: еркін агент

Милнер «қызылдардың» сапына аса тәжірибелі ойыншы ретінде ауысты. Оның бұған дейін жасаған жұмыстары мен ерең еңбегіне құрмет танытып клубтың вице-капитаны етіп сайлады. Джеймс мерсисайдтықтармен бірге бес жыл ішінде 200-ге тарта матч өткізіп, Ағылшын Премьер Лигасы мен Чемпиондар Лигасының шыңын бағындырып үлгерді. «Ливерпульдің» маңызды ойыншыларының біріне айналған Милнер кемінде тағы бір-екі жыл командаға өз үлесін қосады деп сенеміз.

Z


Марсело

«Флуминенсе» (Бразилия) → «Реал» (Испания)

Трансфер құны: 6,5 млн еуро

«Реал Мадрид» 19 жастағы бразилиялықты «Флуминенседен» 6,5 миллион еуроға сатып алып жатқанда болашақта оның әлемнің ең үздік сол қапталдағы қорғаушыларының бірі болып шығатынын білмеген шығар. Көбінде төменгі лигалардан Ла Лига секілді деңгейі жоғары чемпионаттарға қоныс аударып жатқанда ойыншыларға қиынға соғады. Бірақ Марсело бұл қиындықтарды жеңе білді. Араға екі жыл салғанда жұлдызы жанып, қорғаушы корольдік клубтың негізгі құрамынан ойып тұрып орын алды. Ал оның ойынын, финттері мен алаңды көре білуін жазар болсақ тағы бір мақала жазуға тура келеді. Қысқасы ойынына адам сүйсінеді. 515 ойын өткізіп, қоржынын 22 трофеймен толтырды. Ал Мадридтік клуб 14 маусымды керемет деңгейде өткізген ойыншыны небәрі 6,5 миллион еуроға сатып алды!

Тиын-тебен деуімізге толық негіз бар. Себебі коронавирус індеті басталмай жатып 30-40 миллион еуроға ойыны былай тұрсын жұрт атын естімеген трансферлер орын алып жатты. Сондықтан бүгінгі мақаламыздың тақырыбын ешкім сынға ала қоймас.

9k=


Роберт Левандовский

«Боруссия Д» (Германия) → «Бавария» (Германия)

Трансфер құны: еркін агент

Мюхендіктер Бундеслигадағы үстемділігінің арқасында өз чемпионатындағы кез-келген ойыншыны өзіне баурап, қатарына қосып келеді. Германияда қанша жерден ойыны алға басып тұрса да, команда ішінде үздіктер болғанымен «Бавариямен» сынға түсетін клуб жоқ. Егер сенің командаңда бір ойыншы жарқырап шығып жатса ертеңгі күні оның «Бавария» ойыншысы атанып кетпейтініне кепілдік жоқ. Не болмаса екінші нұсқа, Мюнхендік клуб өзі-ақ келіп қанатыңның астынан алып кетеді. Дәл осындай жағдай Левандовскидің басынан «Боруссия» сапында жүргенде өтті. «Аралармен» ұзаққа бара алмайтынын білгесін «Бавария» сапына ауысып біраз елдің назарын өщіне аударды. Бундеслига мен Чемпиондар Лигасын жеңе бастады. Роберт қазіргі таңда әлемнің ең үздік форвардтарының бірі. Неміс командасын поляксыз елестету қиын.

Z


Алиссон Беккер

«Интернасионал» (Бразилия) → «Рома» (Италия)

Трансфер құны: 8 млн еуро

«Рома» басшылығына «Интернасионал» түлегін қатарға қосу мүлдем қиынға соқпады. Сонымен қатар, тура сол уақытта Алиссон Бразилия ұлттық құрамасындағы дебюттік ойынын өткізіп жүрген еді. Бразилиялық қақпашы еуропа футболына үйренісіп, екі жыл ішінде А Сериясының үздік қапашысы атанды. Осы жағдай мен «Ливерпульдің» Чемпиондар Лигасының финалында Кариустың қателігі салдарынан жеңіліп қалуы тұспа-тұс келіп тұр. «Жақсы қақпашы – жарты команда» - дегендей, мерсисайдтықтар Алиссонды жақсы қақпашы деп танып, кез келген соманы беруге дайын болды. Келіссөздер сәтті аяқталып «Рома» ағылшын клубына Алиссон Беккерды сатты. 8 миллион еуроға сатып алған ойыншыны 62 миллион еуроға бағалады. Бірақ осынша қаражат берсе де қақпашы бұған лайық болды. Өз бағасын екі еселеп ақтап берді. Тағы бір айта кететін қызықты факт бар. «Барселона» Чемпиондар Лигасында екі мәрте қатарынан өздеріне адам сенгісіз ұағдайда ұтылып, жарыс жолынан шығып қалған еді («Рома» 3:0, «Ливерпуль» 4:0). Сол екі ойында да жеңімпаз команда қақпасын дәл осы Алиссон қорғаған болатын.

9k=


Марк-Андре тер-Штеген

«Боруссия М» (Германия) → («Барселона») (Испания)

Транфсер құны: 12 млн еуро

Тер Штегеннің жұлдызды сәті «Боруссия М» сапында 2011 жылы Бундеслигадағы беташар маусымынан басталды. Үш маусым өткесін «Барселона» ойыншысы атанды. Каталондықтардың негізгі мақсаты немісті команданың қосалқы қақпашысы қылу болды. Бірақ Марк өзінің аса тәжірибелі әріптесі Клаудио Бравомен бәсекеге түсе біліп, Чемпиондар Лигасында толық матч өткізу мүмкіндігіне ие болды. Кейіннен Браво ұжымнан кеткесін негізгі құрам неміс қақпашысына бұйырды. Тер Штеген "Барселона" сапына келгеннен бастап 13 трофей жеңіп алды. Тіпті соңғы 5-6 жылдағы үздік киперлердің бірі деп сенімді түрде айта аламыз.

Z


Чиро Иммобиле

«Севилья» (Испания) → «Лацио» (Италия)

Трансфер құны: 9,5 млн еуро

«Лацио» 10 миллион еуроға сатып алынған ойыншының клуб тарихында аты қалатынын білмеген де шығар. Иммобиленің мансабында келісті кезеңдер мен саяздап тұрған кездер де көп болды. Чиро бастапқыда «Боруссия» мен «Севилья» сапында доп тепті. Бірақ қос ұжымда да өзін көрсете алмады. Кейін форвард аталған екі ұжымда сәтсіз маусым өткізгендігін емес, командалар өзінің стиліне сай емес екенін дәлелдеді. Римде шабуылшының бағы жүз пайызға ашылып, өткен маусымда «Алтын Бутсаны» жеңіп алды. «Лацио» сапында барлығы 188 кездесу өткізіп, 134 гол мен 36 нәтижелі пасты қанжығасына байлады.

2Q==


Поль Погба

«Манчестер Юнайтед» (Англия) → «Ювентус» (Италия)

Трансфер құны: еркін агент

Бүгінгі мақаламыздың қызықты трансферлерінің бірі «Гаврадан» бастау алып, кейіннен «Манчестер Юнайтед» ойыншысы атанған Погба. Жартылай қорғаушы аса танымал бапкер Сэр Алекс Фергюссонның қол астында жаттықты. 2012 жылы жартылай қорғаушы "қызыл сойқандармен" келісімшартты ұзартудан бас тартып, «Ювентус» сапына ауысуды ұйғарды. Туриндік клуб Погбаны айтарлықтай әлемдік деңгейдегі ойыншыға айналдырып, «МЮ-ге» 105 млн еуроға қайта сатып жіберді. Бұл ауысым сол кезеңдегі ең қымбат трансфер болып тіркелді. Көптің көкейіндегі сұрақ – «Осыншама қыруар қаржыны французға ұсынуға не түрткі болды екен?»

Z


Джейми Варди

«Флитвуд» (Англия) → «Лестер» (Англия)

Трансфер құны: 1,24 млн еуро

АПЛ клубтарының бір қатары алыстан арқаламай, жақыннан дорбалап өз еліндегі ойыншыларға мұқият зер салады. Ал Вардидің ойынына қарап көптің арасынан байқамау мүмкін емес еді. Керемет маусым өткізіп, командасы «Флидвудтың» төртінші дивизионға өтуіне көмектескесін, «түлкілердің» қатарын толықтырды. Ол тұста «Лестер» Чемпионшипте өнер көрсетіп жүрді. Варди командаға келгесін жағдай 180 градусқа өзгерді. «Лестер Сити» Чемпионшипте топ жарып, кейіннен Ағылшын Премьер Лигасының чемпионы атанды. Ал Вариди АПЛ-дың үздік сұрмергені атанды. 33 жастағы ағылшын «түлкілермен» бірге 321 матч өткізіп, 54 нәтижелі пас берді, 140 гол соқты.

Бұл мақаладан түйін шығаруға да болады. Егер сүйікті командаңыз таңсық ойыншыны сатып алып жатса, бұлданбай жай ғана осы бір ойыншылардың тарихына көз жүгіртіңіз. Бәлкім ол ойыншы команданың болашақ тірегі не болмаса болашақ "Алтын Доп" иегері шығар.

Шерхан Абзалұлы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×